Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Республика және Тәуелсіздік күндері қалай тойлануы тиіс?

07.12.2023, 12:40 655

Былтыр 13 жыл бойы күнтізбемізден мемлекеттік я болмаса ұлттық мереке ретінде сызылып қалған 25 қазан – Республика күні қайтып оралды. Бұл мерекені ел болып, екінші рет тойладық. Осы орайда жұрттың көкейінде «Республика және Тәуелсіздік күндері қалай тойлануы тиіс?» деген сұрақтың бары анық. Ұлттық мерекелер бірде жойылып, бірде қайта пайда болып жататындықтан біздің қоғамда: «Тәуелсіздік күні Республика күнінің тасасында қалып қоймай ма?» деген алаңдаушылық көңіл күйдің де байқалатыны рас.

РЕСПУБЛИКА  КҮНІ  –  ДҮРКІРЕТІП  ТОЙЛАЙТЫН  МЕРЕКЕ

Республика күні ұлттық мереке болып қайтып оралған соң Тәуелсіздік мерекесін қоса алғанда екі бірдей мемлекеттік мерекеге ие болдық. Ұлттық мереке мен мемлекеттік мерекенің қандай айырмашылығы бар? «Мерекелер туралы» заңда ұлттық мереке күндері орталық және жергілікті мемлекеттік органдар міндетті түрде ресми іс-шаралар өткізуі керектігі жазылған. Ал мемлекеттік мерекелерді тойлау кезінде ресми іс-шаралар өткізуге де, өткізбеуге де  болады.

25 қазан – тәуелсіз Қазақстанның тари­хындағы ең маңызды даталардың бірі. 1990 жылы дәл осы күні Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі тура­лы Декларация қабылданды. Бұл – еліміз­дің егемендік жолындағы алғашқы құтты қадамы. Декларацияда тұңғыш рет аумақтардың тұтастығы, бөлінбейтін­дігі және татулығы, Қазақстан халық­тары мен олардың тілдерінің мәдениетін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты мемлекеттіліктің қағидалары бекітілді. Олай болса, бұл ұлттық мерекенің мәні, маңызы, құндылығы бірінші кезекте тұруы тиіс.

Үкімет Рес­публика күнін дүркіретіп тойлаудың жүйелі тұжырымдамасын жасаған жоқ. Тек бір апта уақыт қалғанда: «Әлеумет­тік желілер мен БАҚ-тарда насихатын күшейтіңдер» деген жергілікті атқару­шы органдарға пәрмен берді. Мұндай едел-жедел тапсырмамен, бір реттік жасан­ды іс-әрекеттермен Респуб­лика күні­нің тарихи мән-маңызы жас ұрпақ­тың санасына сіңбейді. Науқаншылдық дерті мерекенің маңызын ұқтырмайды. Керісінше, бұл жалпыұлттық бірлік, татулық, тұрақтылық, елге деген мақтаныш тұрғысынан тойланатын ең үлкен, шынайы  мерекеге  айналуы  қажет.

Ал Республика күнін қалай атап өтеміз дегенге келейік. Әр адам ұлттық мерекені нақты сезінуі үшін, сол мерекені тойлайтын халыққа мемлекеттің шынайы құрметі болуы керек. Меніңше, Республика күніне орай 3-5 күн демалыс беріліп, ел аумағында жаппай салтанатты шерулер (қолымызға ту ұстап, алаңға шығып, әнұранымызды ел болып шыр­қасақ, несі айып), ауқымы зор мәдени-рухани іс-шаралар (әсіресе ұлттық спорттық, интеллектуалдық ойындарды өткізсек құба-құп) өткізілсе әрі мерекеге 2 ай бұрын дайындалсақ, балалардың өзі оны асыға күтеді. Мемлекеттік органдар мен бюджеттік мекемелер ғана емес, барлық үлкенді-кішілі ұжымдар Республика күніне салтанатты жиын өткізіп, мемлекеттік награда беріп, ұжым­дағы үздік қызметкерлерді рухани, мате­риалдық жағынан көтермелесе, нұр үстіне нұр болар еді. Республика күнінде еліміздің саяси, экономикалық, мәдени, ғылыми, спорттық өміріндегі айтулы жетістіктер «бар қазаққа ортақ жетістік, ортақ мақтаныш» ретінде айшықталса құба-құп.

Бір ғана көк байрағымызбен, я болмаса мерекелік отшашумен Республика күнінің идеологиялық маңызын халықтың жүрегіне орнықтыруға болады. Мысалы, көк туымыз – егемендік, тұтастық, елсүйермендіктің бірінші атрибуты. Республика күнінде елорданың төрінде алып көк байрағымыз желбіретіп тұрса, әр адам қолына бір күн бойы ту ұстап, әскери немесе мерекелік шеруде жүрсе, жанындағы балалары да нағыз халықтық мерекенің мәнін ұғынар еді. Астананың аспанына ұшып шыққан әскери ұшақтар Қазақ Елінің көкпеңбек байрағын әуеден бейнелесе, қандай ғажап! Негізі, бұл күні Қазақстан бойынша жаппай көк байрағымызды жарқыратып желбіретіп іліп қойғанымыз дұрыс.

Әлемнің көптеген елінде Республика күні мерекелік отшашуды халықты біріктіруші құрал ретінде пайдаланады. Отшашу дегеннің өзі – адамның көңіл күйін көтеретін, зор қуаныш сыйлайтын мерекелік көрініс. Технологиялық төңкеріс заманында отшашулар шоуын  өткізудің  неше  түрлі формасын  ойлап  табуға болады. Ұлттық  мереке екені  сезілсін  десек,  ол  қала көшелерінен,  алаңдарынан мерекелік  рәуіш,  сән-салтанат  менмұндалап тұрғаны  абзал. Ұлттық мерекенің  басты       эпицентрі – Қазақ  Елі  монументінің алаңында болып, Мемлекет басшысының құттықтау тілегін отандық телеарналар тікелей эфирде жарыса көрсетіп, кең-байтақ Қазақстанның барлық түкпіріне жеткізсе. Халықтық ән-күй, би фестивальдері, ойын-сауық іс-шаралары түннің бір уақытына дейін жалғасып, мерекелік көңіл күй ғажайып отшашулармен аяқталса, бұл ел-жұрт кәдімгідей шын қуанып тойлайтын мерекеге айналады.

ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ – ҰЛТ ҚАҺАРМАНДАРЫН ҰЛЫҚТАЙТЫН КҮН

Бір өкініштісі, біздің Үкімет бүгінгі күнге дейін Тәуелсіздік күнін атап өтудің үлгісін, жүйесін, жолын нақтылайтын не бағдарлама, не тұжырымдама жасаған жоқ. Содан шығар, Тәуелсіздік күнінде қалалардағы ескерткішке барып, 10 минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын қоюмен ғана шектеліп жүрміз. Бұл – ұлт тарихына түкіру, ұлттық батырлардың аруағын  қорлау.

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «16 желтоқсанды тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым ететін күн ретінде атап өтеміз» деп мемлекеттік мерекенің мәнісін түсіндіріп берді. Саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы айтқандай, «Қазақ Республикасы – Алаш Республикасының мұрагері. Біз тәуелсіз Қазақстанның тарихын Алаш Республикасынан бастауымыз керек». Азаттығымыздың бастауында да Алаш арыстары тұр. Ендеше, Тәуелсіздік күні Алашты ардақтауды, Желтоқсан қаһармандарын ұлықтауды бірінші кезекке қоюымыз керек. Бұл күн санамызды отарсыздандыруға алып баратын тағылымды, өнегелі іс-шаралармен айшықталса құба-құп.

Алаш қайраткерлері туған халқын қалай сүюдің, оның мұң-мүддесін әртүрлі саяси жағдайда қалай қорғаудың, Отанға адал және риясыз қызмет етудің теңдессіз үлгісін көрсетті. Ендеше, Тәуелсіздік күнін атап өту қазақтың бағына туған Әлихан Бөкейхан алғашқы ұлттық үкімет құрған 13 желтоқсаннан басталуы керек. Алаш мұратын, Алаш аманатын бүгінгі ұрпаққа жеткізетін деректі, көркем фильмдер сол күндері еліміздің барлық телеарналарынан, кинотеатрларынан  көрсетіліп, ұлттық батырларымыз  туралы өнегелі әңгіме, ұлттық  насихат  айтылса  ғана Тәуелсіздік  күнінің  шынайы маңызы  артады.

Қазір  көптеген  мектепке Алаш  арыстарының  есімі берілді. Біз  мұнымен  ғана шектелмей, мектептің, университеттің оқу бағдарламасына «Алаш оқуларын» енгізуіміз керек. Тәуелсіздік күнінің қарсаңында қазақтың санасын отарсыздандыруға бағытталған іс-шараларды көптеп өткізейік. Мысалы, қалалардағы көше аттарын кеңестен қалған атау, таңбалардан тазалайық. Кеңестің өзінің келмеске кеткеніне 30 жылға жуықтаса да, Ленин, Ильич, Октябрь деген атаулары әлі бар. Бұл атаулар кімге керек? Қазақстанда Ленин атындағы 352 көше бар. Оны айтасыз, компартия, қызыл әскер құрметіне қойылған елді мекен атаулары әлі сол қалпында  тұр.

Тәуелсіздік күнінің алдында ел Үкіметі Желтоқсан-86 қаһармандарына ресми мәртебе беретін заң әзірлеп, оны ел Парламенті қабылдаса, бұл нағыз тағзым күні болар еді. Қайратпен бірге Желтоқсанның нағыз қаһармандары – Ербол, Сәбираларға да Халық қаһарманы атағын берсек, олардың рухына ел болып бас игенімізді білдірер еді. Қазақтың азаттығы, тәуелсіздігі жолында күресіп, бірақ әлі күнге дейін ақталмаған боздақтарымызды ақтайтын күн туса, ол нағыз Ұлттық тағзым күні болар еді.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Астана  қаласы

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: