Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Максим Горький революцияның дауылпазы әрі қатынқұмары болды

21.11.2023, 8:50 395

HALYQLINE.KZ

Максим Горький (Алексей Максимович Пешков 1868-1936 ж) пролетариаттың ұлы жазушысы болып, тірі кезінде өзінің атымен ежелгі қала Нижний Новгородтың Горкий қаласы атанғанын көрді. Бес рет Нобель сыйлығына үміткер болды, оның атымен автозавод (ГАЗ), ұшақ, теплоход, кеме, крейсер, авиазавод, т.б. аталады. Көзі тірісінде шығармалары көп тиражбен шығарылып, алдында тек Пушкин мен Толстой ғана болды. СССР кезінде барлық республика мен ірі қалаларда Горький атындағы 2 мың 110 көше болса, қазір соның 395-і ғана қалды. Өкпе ауруының ашық түрімен ауырса да өте еңбекқор болды, әлемдегі тірі классик жазушысы болуымен қатар «махаббат майданында» да атағы шыққан гиперсексуаль болды. Оның өмірін зерттеген жазушы-биографтардың айтуынша, Горькийдің қатынқұмарлығы (бабниктігі) алғаш рет 17 жасқа толмаған кезінде көше жезөкшелеріне баруынан басталыпты. 19 жасында Мария Деренковаға өлердей ғашық болады, ол ықылас білдірмегесін ашуланып, өзін-өзі атпақшы болғанда, револьвердің шүріппесін басып қалғанда қозғалып кетіп, оқ жүрегіне емес өкпесіне тиіп жарақат алады, кейін ол жері ашық туберкулезге айналады. Теміржол станциясында жұмыс істеп жүргенде, станция бастығының қызы Мария Басаргинаға ғашық болады, үйленгісі келіп әкесінен қызының қолын сұрағанда жалаңаяқ кедейге әрине қызын бермейді. Бірақ Басаргинаны өмірі ұмытпайды, кейін атақты жазушы болғанда Басаргинаның отбасына көмек көрсетіп тұрады.

1893 жылы 25 жастағы Горький өзінен 10 жас үлкен акушерка болып істейтін Ольга Каминскаямен азаматтық некеде тұрады. Ольганың бұрынғы байы қосылғысы келгенін білгесін орнын босатып береді де қаңғыбастық (в людях) өмірін жалғастырады. Кей зерттеушілер Ольгаға бірінші рет «Старуха Изергиль» шығармасын оқып жатқанда, Ольга ұйықтап қалғасын, «екеуміз бір-брімізге сәйкес келмейміз» деп кетіп қалған көрінеді. Горький 28 жасқа келгенде бірінші рет ресми түрде Катя Воложинаға үйленеді, Катя «Самарская газета» баспасында корректор болып істейтін, Горький жаза алатын сауаты болғанмен, орфографиялық қате жіберетін, не дегенмен бастауыш біліммен ғана қалғанмен, дарынды жазушы еді. Бұл жағынан жолы болып, әйелі Катя жазған шығармаларын тексеріп, баспаға беретін болды. Катя 1897 жылы Максимді, 1901 жылы Катяны туғанмен, қызы жастай минингиттен қайтыс болғасын, аралары суып кеткенмен ресми ажыраспайды, совет дәуірінде осы Катя Воложина жазушының әйелі деп көрсетілді.

ХХ ғасырдың басында шығармалары шетелде жарық көріп, дүниежүзіне танымал жазушы болғанда Антон Чехов Горькийді МХАТ-тің атақты актрисасы мен әншісі Мария Андреевамен таныстырады. Екеуі бір-біріне ғашық болып қосылады, бірақ біреуі байы мен баласын, екіншісі қатыны мен баласын тастағандықтан және ол кезде азаматтық некені айыптайтын болғандықтан Италияға барып тұруға мәжбүр болады. Шетелге кететінін білген атақты режиссер Станиславский актриса Мария Андрееваға: «Мен сіздің болашағыңыз үшін жылап тұрмын» деген екен. Актриса Андреева талантты еді, сондықтан оның Италияға кетуіне қарсы болған еді. Актриса Андреева сонымен қатар өте сұлу болатын, талантына табынушылар оның туфлиіне шарап құйып ішіп ғашықтыын білдірсе, қызу қанды грузиндер оның ерні тиген шарап құйылған бокалын күтірлетіп жеп қоятын, бірақ ол атақты Горькийге бұйырып шетелге кетті. Италияда эмиграцияда жүрген Ленинмен танысқан қос ғашық революция идеясына беріліп кетіп, оларға көмектесіп, большевиктердің газетін қаржыландырып тұрады. Италияда ұзақ тұрып, жазушының ақшасы таусылғанда Мария Андреева Ресейдегі талантына табынушылары мен ашыналармен хабарласып, ақша жағынан еш қиналған жоқ. Өздері Капри аралында вилла жалдап тұрып, ақшалары газет шығаратын большевиктерге де жетіп тұрды. Миллионер фабрикант Савва Морозов атылып өлерден бұрын, төсек ләззатын сыйлаған ашынасы Мария Желябужеская-Андрееваға (күйеуінің фамилиясы қосылып жазылатын) 100000 рубльге чек жазып қалдырғанда, 40 мыңын өзі алып, 60 мыңын большевиктердің газетін шығару үшін берді. Бұл ақша ол кезде астрономиялық сан екенін мұғалімнің жалақысы айына 30 рубль болғаннан білуге болады. Алайда жүргіштігін қоймаған Горький жақын жолдасының әйелімен жүріп, ақыры ол қыз туып алғасын Мария актрисамен арасы суып кетеді. Жалғыз бұл емес, ақын Николай Гумилов пен ұлы князь Павел Алексеевичті атудан аман алып қалғысы келген әрекетінен түк шыққан жоқ. Бір кездері большевиктердің басты газеті «Правданың» кімнің ақшасына шығып тұрғанын Ленин тез ұмытып кеткен еді, ол үшін бірінші кезекте тап жауларын құрту тұрды. Кезінде шетелде болғанда Ленин актриса Андрееваны «жолдас Феномен» деп мақтаған болатын. Ал ашынасы Горький Лениннің қасынан табылды. Горький де қатынсыз қалған жоқ, бұл жолғы оның таңдауы өзінен екі есе кіші дипломат Бенкендорфтың әйелі Мария Закревская еді. Оған 18 жасында күйеуге тиіп, Таня мен Павел есімді балалы болады, большевиктер билік басына келгенде екі баласын ерітіп күйеуі Бекендорф отаны Эстонияға кетеді, Марияның өзі Москвада қалады. Эстониядағы балаларын көріп тұруы үшін эстон бароны Николай Будбергке күйеуге шығып, фамилиясына өтіп, осы паспортымен шекарадан кедергісіз өтетін болды. Мария Будберг сондай-ақ британ елшісі Роберт Локкартимен де бірге тұрып жатқанда, 1918 жылы чекистер тұтқындап қамайды, бірақ Робертті өз еліне кетуіне рұқсат беруі кезінде түсініксіз болған еді. ВЧК-нің сыртқы барлаумен айналысатын басшысы Яков Петерстің өзі Мария Будбергкті ұнатып бірге тұрып қана қоймай, оны барлау ісіне тартады. Бұл кезде Сталин мен Горькийдің аралары суып бара жатқан болатын, Ленин туралы очерктер жазған пролетардың бас жазушысы Горькийді қасынан тастамағанмен, Горький Сталин туралы ешнәрсе жазған жоқ. Себебі, Горький алып құрылыс деп мақтаған Беломор-Балтық каналын қазып жатқандарды көзімен көріп, олардың адам төзгісіз каторгалық жұмыс пен тұрып жатқан барактарын көріп шошып, ол туралы Сталинге айтқан болатын. Сталин бұл туралы шындықты жазып жүруі мүмкін деп, қасына хатшылыққа өз жансызының болғаны дұрыс дегесін, чекист Петерстің ашынасы және агенті Мария Будбергті Корней Чуковский Горькийге ұсынады. Осылайша чека-агенті Мария Горькийдің хатшысы, кейін азаматтық некедегі әйелі болып, үй шаруашылығын жүргізіп, жазушының мол ақшасына да ие болады. Сталиннен бойын аулақ ұстауы өз нәтижесін берді, алдымен баласы Максимге у беріп өлтірді, оны іске асырған НКВД-нің басшысы Генрих Ягода еді. Алдымен отбасының досы ретінде жақсы араласып, Максимнің әйелінің ашынасы болды, сосын оны өлтіріп тынды. СССР Жазушылар Одағын құрған, пролетарлардың бас жазушысы Горькийге баласының қазасы оңайға соққан жоқ, бірақ денсаулығына шағымданған емес еді, алайда 1936 жылы кенеттен қайтыс болды. Горькийдің өмірбаянын зерттеуші шетел биографшылары Горькийге чекистердің қасына бекіткен жансызы әрі азаматтық некедегі әйелі Мария Будберг у беріп өлтірді дейді. Осылайша «Мура» деп еркелетіп атаған қатыны қолынан о дүниеге аттанып кетті. ВЧК-дан кейін құрылымын қайта құрып ОГПУ деп атанған ведомосттың агенті, шетелде «қызылдардың Марта Хартиі» деп атанған Мария Будберг 1933 жылы арнаулы тапсырмамен Англияға барып фантаст-жазушы Герберт Уэллспен азаматтық некеде тұрады. «Беттің қызылы – өзінің соры» дегендей, бетінің әрі кетіп керек болмай қалған Мария Будберг араққа салынып 1974 жылы қайтыс болды. Горькийдің биографшылары ұлы өлгеннен кейін Горький келінімен де ашына болды деп жазады, бірақ ол еш дерекке негізделмеген соң, оны жазған жоқпын.

Горький қаласына 1990 жылы өзінің байырғы Нижний Новогород деген атауы қайтарылды. Содан кейін Горькийге орнатылған жүздеген ескерткіш те сүріле бастады, олар керексіз болғасын түрлі коммуналдық мекемелердің ауласында тұр. Сонда да Горкийдің қатынқұмар және гиперсексуаль болғанын білетін орыстың қыздары ұлы жазушының мүсіні болса да, құшағына бір кіріп селфилеткенді жақсы көреді.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы, журналист-дайджест

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: