Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Алтынды домбыралы» Мақсат ақын, Өзіңе бір сөз айтам, кел, кел жақын!

13.11.2023, 14:50 381

HALYQLINE.KZ

«Мақсатжан, «Алтын домбыраң» құтты болсын! «Алтын домбыра» пайда болғалы дүркін-дүркін уахабиттердің қолынан түспей қойып еді. Сонау жылы ашынып «Алтын домбыраны» неге тауықтар алады?» атты мақала да жаздым. Еш қайран болған жоқ, Назарбаев билігімен бірауыз уаһабиттер айылын да жияр болмағасын бәрін Құдайға тапсырып, ақырын күтуге тура келген. Күтуде бір нығмет бар, соның айғағы осы жолғы – «Алтын домбыраны» уаһабиттермен басы еш піспей қойған қазақы ақын сен алыпсың. Өңшең араб тұқымды аттардың ішінен қазақы жүйрік бәйгеден келгендей шын қуанып отырмын, Мақсатжан!

Өз басым сені қазақы танымды һәм айтыс ақынының бабалардан қалған дәстүрі мен сертін ешқашан сатпағанын үшін қадірлеуші едім. Бұл саған оңай тиген жоқ, әрине. Оның үстіне қоғам белшесінен батқан былықтарды, соның ішінде діншілдік дерті де бар – аяусыз әшкерлеп, күлбілтелемей сойып салып қарап отыратын ақкөздігіңе айтыс жанкүйерлері тәнті болғанымен, салафи көсемдерінің жіті бақылауы мен солардың ығымен жүріп-тұратын ұйымдастырушылар мен қазылардың саған іші жыли қоймайтын; араларында жақтасқысы келгендер болғанымен олар да сын сәтте тәуекелге бара алмай, пұшайман болатынынан да хабардармыз. Міне, бүгін айтыс өнеріне төнген қауіп біржола сейілгендей, бұл өнердің басына орнаған түнек заман артта қалғандай – халқымыздың айтыс өнерінің тілеуқорларының барлығы бір кісідей қуанысып, өзіңді шын көңілден, риясыз құттықтасып жатыр. Сенің бүгінгі жеңісің – кешегі Сүйінбай, Жанақ, Шөже, Шернияз, Кемпірбай, Түбек, т.б. халықшыл ақындардан мирас болған қазақы айтыс өнерінің жеңісі! Ұзағынан сүйіндіргей!

Айтапқшы, айтысты ұйымдастырушыларға да мың алғыс! Себебі, байқалып тұрды – бүгінгі айтыста уаһаби-салафи ақындар болған жоқ Мұның өзі оң нышан! Бұл – ұлттық идеологияның оң бағытқа бет бұрғанының белгісі. Билік, ондағы ел ағалары айтыстың мемлекеттік идеологиямыздың рупоры болуға тиіс бірден-бір рухани күш, авангард өнер екендігіне көзі жете бастаған сыңайлы. Лайым солай болғай!

Әйтпесе, анау жылдары бүрсіз билік айдын күннің аманында айтысты сәләфилердің қолына беріп қойды емес пе! «Айтыстың әкесі» атанған Жүрсін ағаң содан құса болды. Енді қайтсін, Мырзекең айтпақшы, «Жасынан балапандай баптаған» ақындарының денінің сәлафи болып кеткенін аттарын атап тұрып, эфирлерден ашынып айтып салды да. Бұл оның жанайқайы еді. Мен биліктегі уаһабистердің одан айтысты қалай тартып алғанын, бұл сұмдықтың қалай «жүзеге асырылғанын» Жүрсін ағаның өз аузынан естідім. Бүгін ол кісі де қуанып отырған шығар. Құдай қуат берсін ол кісіге! Тезірек сауығып, ортамызға оралуға жазсын.

Солай, Мақсат бауырым, сен ұлт көсемдері Әлихан Бөкейхан мен Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев, ұлы әншілер Әсет Найманбаев, Манарбек Ержанов, Күләш Бәйсейітова туған топырақтансың ғой. Сондықтан да шығар, сен қазақы ұстанымыңнан айырылмадың, өнердегі принципіңнен танбадың. Бүгін сол қасиет саған жеңіс боп келді.

Енді саған айтарым, осы ұстанымыңнан айырылма, өнердің мұраты, өнерпаздың, оның ішінде айтыс ақынының мақсұты халықтың мұңын жырлау, билік озбыр болса – әшкерелеу, халық пен биліктің арасына көпір бола білу, надандықты айыптау, жамандықтан жирендіру, жақсыларды дәріптеу, елді бірлікке, ынтымаққа шақыру. Әрине бұл жол жеңіл емес, бірақ бұл мұрат жолынан сен табыла аласың. Өйткені сенде халықтық ақынға керекті қасиеттің бәрі бар! Бұл қасиеттер – айтыс ақындары қазақтығы мен ақындық өнерін дүниеге сатып, уахабит болып жатқанда я бір табаны тайғақтары сол сұмдарға тілектестік танытып жүрген тұста яки солармен «қос мекенділер» секілді қатар «өмір сүріп» жүргенде сенің салафи болмай қойған қайтпастығыңнан білінген. Бұл қайтпастардың ішінде Дәулеткерей Кәпұлы мен Ринат Зайытовтың да болғандығын айта кеткім келеді. Алғыстармын бұл қос сайыпқыранға да!

Дәтке қуат, ол кезең өтті, сыртқы-ішкі жау күштер қанша миллиард ақша құйса да қазақ қоғамы сәлафизмді қабылдамай қойды, (Халқымыздың мұнысы енді ерлік болды) Бірақ әлі күнге шейін мені қынжылтатыны – салафизмді алдымен айтыс ақындары, әнші, күйшілер, былайша айтқанда, қазақ руханиятына қорған болуы тиіс, ұлттық иммунитеті күшті болуы керекті өнерпаздардың қабылдағаны, қабылдап қана қоймай, жат діннің сойыл соғар – насихатшысына айналғаны. Ақын деген ежелден сырттан төнген дұшпанды, іштен іріткі салғыш жау күштері алдымен сезетін, сезіп қана қоймай, бірден аттан салып, дабыл қағатын қазақ қоғамының аса бір түйсікшіл – индикатор қауымы, ұлттың рухани күзетшісі еді. Ал мына заманда айтыс ақындарының біразы сатқын болып шығып, қазақтың байырғы дәстүріне, ата-баба аруағына қарсы майдан ашты. Мен осыған әлі таңмын. Бәлкім олардың аса сезгіш түйсігін жансыздандырған қу құлқын, көзді арбағыш ділгір дүние шығар – қайдан білейін.

Ұлы Абай айтпай ма:

Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған, – деп.

Абай айтқан дүние үшін жанын жалдады ғой деймін, бұл жалдаптар. Әйтпесе, ұлттық дүниетанымға қарсы шыға ма, халықтық дәстүрге, салт-санаға асқан өлермендікпен майдан аша ма? Естуімізше, таяуда билік бұларға қарсы заңдық негізде қатал шаралар қолданады дейді. Сол кезде бұлардың басқаша сайрайтынын білемін, әлден сайрай бастағандары да бар. Бірақ мұның бәрі пойыз кетіп қалғандай – кеш! Қазақ қоғамы ұлттық дүниетанымға иттік жасаған һәр уахабитті ұмытпайды. Бұл қырма мұрт, теке сақалдардың әрқайсысы келешекте ұлттың «Қара тақтасына» тізімделетін болады. Қоғамдық сана осыған келе жатыр.

Ал Мақсатжан, өзіңді құттықтағалы екі-үш ауыз лебіз жазайын деген едім, жазбам созылып барады, осы тұстан доғарайын.

Ақжол саған! Халықтың қадірлі ақыны, аяулы өнерпазы атан! Ақын үшін, жалпы көшелі өнерпаз үшін халық құрметінен асқан атақ та, даңқ та жоқ. Сол жолда әркез мерейің үстем бола берсін, бауырым!

Ерлан  ТӨЛЕУТАЙ,

өнертанушы.

Әлеуметтік  желідегі  парақшасынан  алынды.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: