Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қазақстанның бастығы» кімді тыңдайды?

30.10.2023, 9:00 269

HALYQLINE.KZ

Қаз-қалпында

Ауылымыздағы мектепте 8-сынып оқып жүрген кезім. Бірде аудан орталығында тұратын туысқаным Ғани Көшекбаев телефон шалып, туған күніне шақырды. Көрші әрі досым Жасұлан Ізбасаров екеуміз бардық. Жасұланды көршім дегеннен, бауырым десем артық болмас. Үйлеріміз іргелес тұрып, әке-шешеміз, жалпы екі үй бір-бірімен туыс-бауырдай араласатын. Мұндай дағды тек біздің әулетке емес, ауылдағы барша адамға тән қасиет еді. Қазіргідей әркім өз шарбағын қымтап алып, көршінің тыныс-тіршілігін сырттан бақылап отыратын әдет қанға сіңбеген шақ. Бір үйдің ауласына енсеңіз, сонау ауылдың арғы басына дейін еш кедергісіз жағалап шығасыз. Дәл бүгінгідей аталыққа, руға бөліну де көп кездесе бермейді. Ауыл адамдары жоғарыда айтылғандай бір-бірімен тонның ішкі бауындай араласады.

Сонымен… Туған күнге бардық. Дастарқанда өзіміз қатарлас қыз-бозбалалар баршылық екен. Ғани бізді өзінің достарымен таныстырды. Отырыс өте қызықты өтті. Біршама уақыттан соң қонақтардың көпшілігі тарқап, жанымызда 3-4 адам қалды. Солардың ішіндегі ұзын бойлы, қапсағай денелі, сұсты өңді, бетінде қара меңі бар бозбала сырт көзге ерекше шалынды. Ортасына беделді, маңындағыларға сөзін жүргізетіні білініп-ақ тұр. Әңгімеміз салғаннан үйлесімін тапты. Жаңа танысымыздың есімі Мұрат (көпшілікке «Меңібар» атымен танымал, «Қазақстан» крайының атаманы, тілге шешен, жүректі жігіт) екенін сөз барысында білдік. Бізбен ашық әңгімелескен Ғани мен Меңібар ауылдағы өзіміз тұратын аймақты «Қазақстан» деп атау, бір-бірімізбен араласып тұру туралы ұсынысын айтты. Біз келістік. Балалық дегенді қойсаңшы. Көп ұзамай біздің ауыл балаларының арасында да «Қазақстан» деген атаумен жаңа край пайда болған-ды. Араға жылдар салып Меңібармен студенттік жылдарда Макар, Қартбай және мен қатар оқитынымызды, жақсы сыйластықта болып, талай қызықты оқиғаларды бірге бастан кешіретінімізді кім білген?!

Біздің ауылға аудан орталығынан, елді мекендерден өзіміз құралпы бозбалалар көп келуші еді. Ал, Ғани болса ауылдағы нағашысының үйінде жиі болады. Әбден көз үйренгендікі ме, кейбір үлкендер жағы Ғаниды «осы ауылдың баласы шығар» деп ойлайтын.

Бірде мынандай жайтты бастан кешірдік. Сіз, 80-жылдардағы біздің ауылдың бұлағын көрген бе едіңіз? Тұп-тұнық суының салқындығы сонша тура шекеңнен шығардай. Қашан барсаңыз да бұлақтың басынан кісі қарасы үзілмейтін. Сол күні Ғани, Жасұлан, үшеуміз шомылуға барғанбыз. Аспан айналып жерге түскендей күн қатты ыстық. Бұлақ жағасында жастары бізден едәуір үлкен 4-5 жігіт ішімдік ішіп отыр екен. Біреуі балық консерваларын пышақпен ашып, жерге жайылған газет бетіне қойып жатыр. Өздері әжептәуір қызып алған. Ішкен адамның сыры белгілі ғой. Әй-шай жоқ бізге тиісе бастады. Алғашқыда «жасы үлкен «братандар» ғой» деп үндемегенбіз. Мұны қорыққандыққа балады ма, «братандар» енді ашықтан-ашық басына бастады. Кенет… Еңгезердей біреуі Ғаниды құлаштап періп жіберсін. Грек-рим күресінен КСРО спорт шеберлігіне кандидат, талай дүбірлі додада топ жарған Ғани әлгінің қолынан шап беріп ұстай алып, көз ілеспес жылдамдықпен иығынан асыра лақтырып жіберді. Жасұлан екеуміз де қарап қалмадық. Сол мезетте консерві ашып тұрған жігіт қолындағы пышағын сілтеп Ғаниға қарсы дөң айбат жасаған. Мұндайдан сескенетін Ғани ма? Сом тұлғалы, алапат күштің иесі Ғани арыстандай ақырып, тұра ұмтылғанда пышақ ұстаған батырың жанұшырып кейін қарай қашты. Осы кезде бұлаққа шомылуға келген басқа да жігіттер арашаға түсіп, жанжалды тоқтатты. Алайда, кешкісін ауыл бағының ішінде екі жақтың жасағы, кешіріңіз, жақтастары бетпе-бет кездесіп, қазіргі тілмен айтқанда «разборка» жасалды. Біраз уақытқа созылған талқылаудан соң «братандар» шегініс жасап, өздерінің орынсыз қылықтары үшін кешірім сұрады.  

Сол оқиғадан кейін менің достарымның, әсіресе Жасұланның аты ауыл арасында ерекше аталып жүрді. Шапшаң қимылды Жасұлан денесінде бір қырым артық ет жоқ, қарулы еді. Ашуланғанда көкшіл көзі шатынап, жүзі айбаттанып кететін. Анау-мынау адам артық сөз айтуға қаймығатын.

Шағын ауылда кез келген істің көпшілік назарынан қалыс қалмайтыны белгілі ғой. Бірде ауыл ағасы Жасұланның әкесі Қимағамбет көкемізге «Сіздің балаңыздың «Қазақстанның бастығы» деген лақап аты бары, тентектердің атаманы екендігі туралы естіп жүрмін. Қадағалап қойсаңыз» деген ренішін білдіріпті. Сонда көкеміз «Қызық екенсің. Мен – қарапайым зейнеткермін. Баламды «Қазақстанның бастығы» деп өзің айтып отырсың. Пенсионердің айтқанын «басшы адам» тыңдай ма?! Сен өзіңнен лауазымы үлкен басшыларға ескерту жасай аласың ба? «Қазақстанның бастығы» кімді тыңдайды?» десе керек. Сөзден жеңілген ауыл ағасы қарқылдай күліп, мәз болыпты.

Менің Жасұлан досым қаншама тентек десек те жүрегі таза, ұрлыққа жаны қас, адамгершілігі мол, қайырымды жігіт болатын. Ауылдағы біршама үйлердің бой көтеруіне қолғабысын тигізген досым өте балажан еді. Аудан орталығынан келген сайын Жасұлан көрші-көлемнің балаларына да базарлық апаруды ұмытпайтын. Оның осындай пейілін білетін ауылдың майда балалары Жасұланның маңынан айналшықтап шықпайтын. Кейбіреулердей жасаған көмегі үшін ақы дәмету Жәкеңнің бойында жоқ дағды. Азға қанағат, барға шүкірлік жасайтын. Бүгінгі жазбада есімдері аталған Ғани мен Меңібардың, Жасұланның өмірден озғандарына да бірталай жыл болды. Алла алдарынан жарылқасын!

Жасұланның әкесі Қимағамбет көкеміз ел арасында мықты сынықшы, шебер үйші атанған киелі адам болатын. Жұртшылыққа беделі зор көкеміздің қалың мұқабалы қасиетті Құран Кәрімді оқып отырғанын талай көріп едік. «Тектілік тұқым қуалайды». Қазіргі таңда Қимағамбет көкеміздің шаңырағын шайқалтпай, түтінін түзу ұшырып отырған Жарасхан ағамыз бен Мира жеңгеміздің екеуі де қажылыққа барып, қасиетті парызын орындаған аяулы жандар. Алла сіздерге берекелі тірлікті нәсіп етсін!

Бұл жазбамның артық-кем кеткен тұсы болса кешірім сұраймын. Мақсатым көше төбелесін насихаттау немесе жандандыру емес, қазіргі таңда қатарлары сиреп қалған бала күнгі достарымның бейнесін қайтара еске алу ғана. Кім, қалай түсінеді, ерік өздеріңде.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы,

Жанқожа  батыр  ауылы

Сурет  ашық дерекөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: