25 қазан Республика күні және Қызылорда облысының 85 жылдық мерекесі қарсаңында «AI TRENDS» тақырыбына бағытталған Pecha Kucha форматындағы шара өтті.
Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен өтетін шараның ұйымдастырушылары − Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Ақпараттық технологиялар орталығы» және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторы.
Шараның негізгі мақсаты − жастарға жаңа технологиялар аясындағы мүмкіндіктерді, IT бағыттағы жаңалықтар мен тың идеяларды ерекше форматта таныстыру.
«Pecha Kucha Kyzylorda» – әлемнің 1000-нан астам қалаларын біріктіретін PechaKucha интеллектуалдық кешінің халықаралық қозғалысының бір бөлігі. Pecha Kucha cөзі жапон тілінен енген, әңгімелесу деген мағынаны білдіреді. Бұл − презентациялар мен баяндамаларды ұсынудың ерекше форматы.
«Pecha Kucha Kyzylorda» шарасының барысында Айболат Құлатай «IT саласының трендтері», Айдос Жетпісбай «Қаржы жүйесіндегі жасанды интеллект», Бибол Жакипбаев «Data Driven: деректерге негізделген шешімдерді қалай қабылдауға болады?», Әбді Мақсат «Digital video engineering құпиялары», Есенов Мақсат «Data Driven: деректерге негізделген шешімдерді қалай қабылдауға болады?», Мұрат Туремуратов «Цифрлық із», Абай Тағыберген «Медиагигиена», Оралбек Абдуллаев «AI тәтті өнімдері» тақырыптарын қозғады. Спикерлер 20Х20 форматы негізінде әр түрлі бағыттағы тақырыптарда ой бөлісіп, қатысушылар кәсіби мамандармен пікір алмасты.
Pecha Kucha форматындағы интеллектуалды семинарлар кеші өңірде 2019 жылдан бастап тұрақты түрде өткізілуде. Осы уақыт аралығында ерекше форматтағы басқосу 250-ден астам жастың күрделі технологияларды қарапайым түсінуіне, жастардың идеясын іске асыруына себепкер болды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!