Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Құлқын» орденімен марапатталды!

26.10.2023, 11:10 445

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі сатира

«Ымбаппа» қаласының әкімі марапаттау рәсімін бастап кетті. «Жағымпаз» орденімен Жалақбай Иілгішов марапатталды. Ол сахнадан түсерінде, әкімнің туфлиін түкіріктеп сүртіп кетті. «Қашқын» орденін шетелде бірнеше вилласы бар миллиардер Отанбай Сатқанұлы кеудесіне тақты. Ол сол бетінше, шетелге қашып кетті.

«Құлқын» орденімен түйені түгімен, пойызды жүгімен жұтқан Қарынбай Тоймасұлы марапатталып, жұтынып-жұтынып, ол кетті. «Тендер жегіш» орденімен Тендербай Алғышұлы марапатталып, сахнада секіріп билегені. «Мақау» орденін тек орысша сөйлейтін, қазақ тілін көзіне ілмейтін Орысбай Қазақемесұлы алып тұрып: «Скоро қазақша балдею!» деп сахнадан түсіп кетті.

«Тоқал» медалімен бір басқарма бастығы Сезімбай Ахухұлы марапатталып, әкімнің ернінен еркек болса да, қадалып, сүйіп алды. Кетерінде: «Менің тоқалыма ұқсайды екенсіз? Ағасы емессіз бе?» деп қояды. «Керең» медалімен халық үнін еш естімейтін Саңыраубай Селтетпесұлы марапатталып, «А? Маған бірдеңе дедіңіз бе?» деп қала әкіміне қарай-қарай, ол кетті. «Рушыл» медалі қарамағындағыларды жікке, руға бөліп жүретін бастық Топасбек Қышқылбайұлына берілгенде, әкімнің құлағына сыбырлап: «Өзіміздің адам екенсіз ғой!» деп кетті. Арызбек Сужұқпасұлы да «Сұмырай» мақтау қағазын алып тұрып, әкімге сұқ саусағын көрсетіп, сес көрсетті. Қалаға еш пайдасы жоқ, түк бітірмеген бір ақсақал «Қаланың құрметсіз, жексұрын азаматы» атағын алып тұрып, көзіне жас алды. Марапаттарыңыз құтты болсын, берекесіздер, бетсіздер, жексұрындар!

Мұхтар  ШЕРІМ,

Шымкент  қаласы

Сурет  ашық дерекөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: