Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Еңбек адамдары – еліміз үшін ең қажет азаматтар»

12.10.2023, 11:20 309

Қасым-Жомарт  ТОҚАЕВ,

Қазақстан  Республикасының  Президенті:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына іссапарымен келді. Президент жұмысын ең әуелі Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылының тыныс-тіршілігін көрумен бастады. Одан соң облыстағы маңызды нысандардың жобасымен танысса, Темірбетон бұйымдары зауытына, «Алтын орда» күріш зауытына арнайы аялдады. Сондай-ақ, «Анаға тағзым» орталығында болып, жаңа ғимараттың жұмыс барысымен танысты.

Соңғы жылдары Сыр елінде соны серпіннің, серпілістің бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Қай саланы алып қарасақ та, ілгерілеу, алға жылжу байқалады. Әсіресе, Қызылорда алып құрылыс алаңына айналды. Осы күні демеушілер есебінен салынған және құрылысы жүріп жатқан ғимараттардың саны едәуір. Ауыл шаруашылығы саласында өңіріміз өз орнын тапқан. Кәсіпкерлердің өндіріске бет бұрып келе жатқаны ерекше қуантады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыр еліне сапары барысында атқарылған жұмыстардың бірсыпырасын бақылап көрді, керек жерінде тиісті тапсырма да берді.

«НАҒИ  ІЛИЯСОВ  БАСҚА АУЫЛДАРҒА  ДА  ҮЛГІ  БОЛУЫ  ҚАЖЕТ»

Қазақстанның Еңбек Ері, «Абзал және К» толық серіктестігінің негізін қалаушы Абзал Ералиев Президентке кәсіпорынның табысты қызмет етіп, өңір бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы жетекші мекемеге айналғанын жеткізді. Сонымен қатар, өнімді еңбектің арқасында туған өлкенің дамуына тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқанын айтты.

Президент «Абзал және К» шаруашылығының демеушілігімен салынған ауылдың орталық алаңын, спорт кешенін аралап көрді. Спорт кешенінде жергілікті халық футбол, волейбол, үстел теннисі және күрес түрлерімен емін-еркін шұғылдана алады. Мемлекет басшысы спорт кешенінде жеткіншектермен әңгімелесті.

– Спортпен шұғылдану керек. Әсіресе, өздеріңіз сияқты жастарымыздың дені сау, мықты азамат болып өсуі қажет. Себебі Қазақстанның болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Жастардың дені сау болса, мемлекет те қуатты болады. Сыр елінен мықты спортшылар шыққан. Әлі де көптеген чемпион шығады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев жастарымыздың еңбекқор, ұқыпты, отансүйгіш болуы керек екенін және оларға әрқашан қолдау көрсетілетінін  атап  өтті.

– Ауылда жастардың жұмыс істеуіне, өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалған. Осындай ауылдарды көбейтуіміз керек. Оған шамамыз да, қаражатымыз да жетеді. Кәсіпкерлермен кездескенімде елді мекендерге қаржы салып, көмектесу керек деп үнемі айтып келемін. Нағи Ілиясов басқа ауылдарға да үлгі болуы қажет. Сондықтан өзге облыстар да ауылдарды осылай дамытады деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Нағи Ілиясов – тек Қызылордадағы ғана емес, Қазақстандағы ең үздік ауылдардың бірі. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев президентке облыста мұндай ауылдың жалғыз емес екенін және үлгі боларлық ауылдардың қатарын көбейту мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

«ЕҢБЕК АДАМДАРЫН БАРЫНША ҚОЛДАЙМЫН»

Осыған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман – ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады» деген болатын. Мемлекет басшысы Қызылорда облысына сапары барысында өңірдің дамуына баса мән беретінін атап өтті. Сондай-ақ, күрделі геосаяси ахуал кезеңінде Қазақстанның өркендеуі жолында елімізді бірлік танытып, еңбек етуге шақырды, еңбек адамдарын барынша қолдайтынын жеткізді.

– Шын мәнінде, еңбек адамдары – халқымыз үшін ең қажет азаматтар. Ең алдымен, біз еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз керек. Сіздер осы ақ күріштің атасы – Ыбырай Жақаевтың жолын жалғап жүрсіздер. Сондықтан мен сіздерді қолдаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Диқандар ауыл шаруашылығының дамуына айрықша мән беріп, мемлекет тарапынан қолдау шараларын көбейткені үшін Президентке алғыс айтты. Әсіресе, Су ресурстары және ирригация министрлігін құру жөніндегі жаңалықты Сыр бойының диқандары қуана қабылдағанын жеткізді. Сонымен қатар, олар ауылда жастарға жайлы жағдай жасалғанына, жас мамандардың ел ішінде қызу еңбек етіп жатқанына тоқталды.

Жүздесуде «Ақмая» шаруа қожалығының бригадирі  Гүлсім Дәрібаева өзінің еңбек жолы туралы айтып берді. Сондай-ақ, «Шаған жер» ЖШС механизаторы Айбек Уәлиев ауылда еңбек етудің артықшылықтарына  тоқталды.

ӘУЕЖАЙ  ТЕРМИНАЛЫНЫҢ  ӘЛЕУЕТІ  ЖОҒАРЫ

Әуежай, теміржол және автовокзал – аймақтың негізгі қақпасы. Сондықтан, сырттан келген қала қонақтары оған қатты мән береді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты «Қорқыт ата» әуежайынан құрметпен күтіп алғаннан соң, жаңа жолаушылар терминалының құрылысы таныстырылды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа терминал жеке демеушінің қаражатына салынып, кейін мемлекет меншігіне өткізілетінін баяндады.

Жалпы, жоба құны –  20 миллиард теңге. Оның ішінде 15,7 миллиард теңге – демеушінің әуежай құрылысы үшін бөлген қаржысы. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен әуежайдың сыртқы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жүргізу үшін  4,3 миллиард теңге қаржы бөлінген.

Халықаралық стандартқа сай бола­тын әуежайда жолаушыларға қызмет көрсету үшін барлық жағдай жасалады, жаңа терминал келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Сонымен қатар, облыс әкімі нысан қолданысқа берілгеннен  кейін жолаушылар тасымалы бір сағатта 250 жолаушыға қызмет көрсете алатынын, түрлі бағыттарға ұшатын әуе рейстерінің саны артатынын ерекше айтып өтті.

Бұдан бөлек, облыс әкімі Қызылорда қаласында заманауи үлгіде салынып жатқан автобекеттің биыл жыл соңында іске қосылатынын және қаланың теміржол вокзалына да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Қала аумағының кеңейіп, көлік қатынасының артып жатқаны да рас. Сондықтан, мұндай жұмыстардың бәрі ел игілігі үшін жасалып жатыр.

ПРЕЗИДЕНТ  ЖОЛ  МӘСЕЛЕСІН БАҚЫЛАУҒА  АЛУДЫ  ТАПСЫРДЫ

Мемлекет басшысына «Қызылорда – Жезқазған» автожолын салу барысы туралы мәлімет берілді. Бүгінде Қызылорда облысының аумағына тиесілі 216 шақырым жолдың 104 шақырымы жасалды.

Сонымен қатар, Президентке «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралығын (566 км) І санаттағы 4 жолақты жолға ауыстыру жоспарланып отырғаны туралы мәлімет берілді. Осы ретте аталған бағыттағы жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу келесі жылдан басталады.

Мемлекет басшысы қазіргі жол, шын мәнінде, өте тар екенін атап өтіп, оны кеңейту жұмыстарын тезірек бастау қажеттігіне назар аударды. Президент Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға мәселені бақылауға алу жөнінде тапсырма берді.

Бұған қоса, Президентке Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай космодром қалашығындағы ахуал туралы баяндады. Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту үшін Ресей тарапымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу қажет екеніне назар аударды.

ЖЫЛУ  ЭЛЕКТР  ОРТАЛЫҒЫ – ӨТЕ  ҚАЖЕТТІ  ЖОБА

Жұмыс сапары барысында Президентке Қызылорда қаласының жаңа жылу электр орталығының жобасы да таныстырылды. Былтыр Энергетика министрлігі түркиялық «Aksa Enerji Uretim AS» компаниясымен Қызылорда қаласында жаңа бу-газ қондырғысын орнату жөнінде келісімшартқа қол қойған болатын. Шетелдік инвестиция есебінен салынып жатқан жаңа ЖЭО 240МВт электр қуатын және сағатына 277 жылу қуатын өндіре алады. Жобаның болжамды құны –  215 миллиард теңге.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, қазір құрылысқа дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін ЖЭО қаланың жылу және электр қажеттілігін толық қамтамасыз етіп ғана қоймай, артылған электр энергиясын басқа өңірлерге сатуға мүмкіндік береді.

Қазіргі қолданыстағы жылу электр орталығы 1964 жылы салынған. Бірнеше рет күрделі жөндеу жүргізілгеніне қарамастан, стратегиялық нысанның негізгі және қосалқы қондырғыларының тозу деңгейі 90 пайызға жеткен. Сондай-ақ, қаладағы ұзындығы  207,7 шақырым болатын жылу желісінің жартысына жуығы жаңартуды қажет етеді.

Мемлекет басшысы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін күшейту тұрғысынан бұл жобаның маңызды екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен облыс әкімдігіне жылу электр орталығын белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.

ҚЫЗЫЛОРДА  ӨНДІРІСТІ  ӨҢІРГЕ  АЙНАЛЫП  КЕЛЕДІ

Мемлекет басшысы Темірбетон бұйымдары зауытына барды. «Құрылыс-көлік компаниясы» ЖШС биыл іске қосқан жобаның жалпы құны – 2,6 миллиард теңге. Оның 370 миллион теңгесі «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы қаржыландырылған. Комбинат күніне 200 текше метр темірбетон бұйымдарын өндіреді. Өндіріске қажетті шикізаттар жергілікті жерден алынады.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысына аймақтағы кәсіпорындардан шығатын басқа да өнім түрлері таныстырылды. Олардың басым бөлігі – құрылыс саласы үшін аса қажетті материалдар. Атап айтқанда, табақша шыны («OrdaGlass» ЖШС), ПВХ-құбырлары мен фитингтер («КНК Кемикал» ЖШС), каскалар («NP-Consalting» ЖШС), плитка желімдері мен сәндік сылақтар («Вега-Пром» ЖШС), жол және тротуар бордюрлерін, құм-керамзит блоктарын («Садуакасов Ж.А» ЖК), қиыршық тастың әртүрлі фракцияларын («Shalkiya Dolomite Operating» ЖШС), терезелер мен айналар («Комфорт KZ» ЖШС), әк («Орда строй маркет» ЖШС), кірпіш өнімдерін («Мелиоратор» ЖШС) және тағы да басқа бұйымдарды шығарады. Сондай-ақ көрмеге «Dalatex» компаниясының текстиль бұйымдары, «Өркен Әлем» ЖШС шығаратын жеке қорғаныс құралдары қойылған.

Президент кәсіпкерлермен әңгімелесу барысында шағын және орта бизнесті өркендету үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.

ҚЫЗЫЛОРДАНЫҢ  ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ  ДАМУ  ҚАРҚЫНЫ  ЖОҒАРЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қызылорда өңірінің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жөнінде баяндады. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, Қызылорда облысының жалпы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде өсім байқалады. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі 115,8 пайызға (227 млрд теңге), ауыл шаруашылығы 101,6 пайызға (157 млрд теңге), құрылыс 126,4 пайызға (117 млрд теңге), тұрғын үйлер салу 118,9 пайызға (618 мың ш.м), сауда-саттық 104,1 пайызға (531 млрд теңге) артқан. Негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемін биыл 472 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Оның басым бөлігі жеке инвестицияларға тиесілі.

Сондай-ақ, облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы үш жыл ішінде 27 мектеп салу жоспарланған. Қазіргі кезде Қызылорда қаласында физика-математика бағытындағы мектеп-интернаты салынуда.

Сонымен  қатар  емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың, Қан орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 27 медициналық-амбулаториялық нысан салынып жатыр.

Өңірде бірқатар спорт және әлеуметтік-мәдени нысан бой көтереді. Атап айтқанда, жуырда 7 мың орындық Орталық стадионның, жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады. Аудандарда шағын  11 дене шынықтыру кешенін салу үшін жергілікті бюджеттен  2,6 миллиард теңге бөлінген. Облыс орталығында салынып жатқан «Өнер орталығы»  жыл  аяғына  дейін  ел  игілігіне  пайдалануға беріледі.

Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің тыныс-тіршілігін түлетуге жергілікті кәсіпкерлер де елеулі үлес қосып жатқанын айтты. Әлеуметтік нысандар салу, демалыс саябақтарын, ойын-спорт алаңдарын, үйлердің қасбеттерін жаңарту, аулаларды абаттандыру жұмыстары демеушілердің көмегімен  жүзеге  асырылып келеді.

Осы күні «Құрылысы қарқынды Қызылорда» деген тақырып сырбойылықтар үшін афоризмге айналғандай. Себебі белгілі. Ең бастысы – сапаға мән беру. Мұны жауаптылар сезінуі  тиіс.

«ЭКСПОРТТЫҚ  ӘЛЕУЕТІ  ЖОҒАРЫ  КҮРІШТІ  ЖЕТІЛДІРУ  КЕРЕК»

Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын орда» күріш зауытымен танысты. Кәсіпорын директоры Сағидулла Сыздықовтың айтуынша, зауыт жылына 30 мың тонна ақталған күріш өндіреді. Өнімнің басым бөлігі ішкі нарыққа, сонымен қатар көршілес елдерге өткізіледі.

Президентке Қызылорда облысындағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдері таныстырылды. Көрмеге күріш өсірумен айналысатын ірі кәсіпорындардың тауар түрлері, сондай-ақ ет, сүт, кондитер және балық өнімдері, көкөністер мен жемістер қойылған.

Мемлекет басшысы Сыр бойы диқандары мен шаруаларының еңбегіне табыс тіледі. Сондай-ақ, тек күріш өсірумен шектелмей, агроөнеркәсіп саласын әртараптандыру, әсіресе, суды аз қажет ететін дақылдарды өсіру маңызды екеніне назар аударды.

Дегенмен  Президент экспорттық әлеуеті жоғары дәстүрлі күріш шаруашылығын одан әрі жетілдіруге де баса мән беру қажеттігін атап өтті. Бұл ретте Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты украиналық мамандарымен бірлесіп, күріштің басқа да сорттарын жерсіндіру жұмыстарын  жүргізіп  жатыр.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев осы өндірістік кешен аумағында былтыр іске қосылған «Ассоль» тұз өндіру зауытын да аралап көрді. Аралдың тұзын кәдеге жаратып, ас тұзын шығаратын кәсіпорында 130 адам жұмыспен қамтылған. Өнім көршілес Ресеймен қатар, Латвия, Литва, Эстония, Беларусь мемлекеттеріне экспортталады.

«АНАҒА  ТАҒЗЫМ»  ҰЛТТЫҚ  ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ  ДӘРІПТЕЙДІ

Мемлекет басшысы Қызылорда қаласында жақында бой көтерген «Анаға тағзым» орталығын аралап көрді.

Аталған орталық биыл демеушілердің қолдауымен салынған. Жалпы құны –  1  миллиард  700 миллион  теңге.

Жобаның мақсаты – ұлттық құндылықтарды ұрпаққа мирас етіп қалдыру, дәстүрлі мәдениетті жаңғырту, әйелдер еңбегін дәріптеу. Сонымен қатар, қыз-келіншектер мен аналарды өмірге, тұрмысқа бейімдеу жұмысымен де айналысады.

Президент орталықта қолөнер шеберлері жасаған бұйымдар көрмесін және «Қазақ елінің ұлы аналары» картинасын тамашалады. Содан кейін «Анаға тағзым» орталығындағы «Ұлт жақұты» музей залымен, «Мирас» әжелер клубымен, «Жас отау» мектебімен, «Шамшырақ» фото-видео студиясымен, психолог-медиатор кабинетімен танысты.

«Анаға тағзым» орталығы ашылғалы бері келушілер де, пікір, тілек білдірушілер де көп. Солардың бірі – орталықтың рухани қолдаушысы, еңбек ардагері, Жаңақорған ауданының құрметті азаматы Азия Қыстаубаева. Мемлекет басшысымен кездесуде ол өзінің жүрекжарды ой-пікірімен бөлісті. Азия Әбдіхалыққызының дәл осы залда пікір білдіруінде үлкен мән бар.

Сыр елінің бренді – күріш. Сыр салысы көптен бері алыс-жақын шетел нарығында жүр. Дулат Айтбаев – портреттен бөлек, күріштен табиғат таңғажайыптарын салу тәсілінің қыр-сырын меңгерген қылқалам шебері. Ол Мемлекет басшысымен кездесуде төл туындыларын таныстырып, маңыздылығымен бөлісті.

Мемлекет басшысы мұндай орталық жастарға тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқаратынын айтты.

– Расында, бұл жұмыс өте маңызды. Жастарымыздың арасында ұлттық салт-дәстүрімізді, болмысымызды, тілімізді, ділімізді насихаттауымыз керек. Әйтпесе, дүниежүзінде болып жатқан теріс үрдістерді бәріміз көріп отырмыз. Ондай жағымсыз үрдістер елімізде де бар. Біз олармен күресіп, өзіміздің ұлттық көзқарасымызды дәріптеуіміз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келген қонақтарды ғимараттағы барлық жаңашылдықпен толық таныстырып шығу мүмкін емес. Орталық директоры Алтынай Молжанова Президентке арнайы экран арқылы барлық студия-клубтардың  жұмысын  хабардар  етті.

Осылайша, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сыр өңіріне жұмыс сапары қорытындыланды. Шынын айту керек, облыс көлемінде атқарылған жұмыстар көзге көрініп-ақ тұр. Әрине, әлі де істелер  жұмыс  көп.  Оның  бәрі – алдағы  уақыттың еншісінде.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ,

Фото: Akorda.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: