Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Өз қотырымызды ғана қасиық!»

06.10.2023, 12:10 304

HALYQLINE.KZ

Бақылап қарасақ, санамыз тәуелсіз болмағандықтан «мақтанмен мазаны алатын» «сыпыра батыр, пәле шақыр…» (Абай) ақпараттық ағындар белең алуда. Қоғамның күткені емес, жемі түскен жердің сөзін ғана айтып, сойылын соғатын хайп қуған блогерсымақтар қарапайым көпшілікке «қаһарманның» рөлін ойнауда…

Өйткені олардың санасы сұм, сұмырай болып өзгерген, сұмдыққа толған!

Бүгінде ең қауіпті адамдар – білімді болып көрінуге тырысатындар; олар жаза алады, сөйлей алады, әдемі киіне алады, бірақ іс жүзінде болып жатқан объективті заттар мен оқиғалардың өзара байланысын түсінбейді, түсінгісі де келмейді, өздерінің үстірт білімімен асып-тасып мақтанып, кеуде керіп, басқаларды төменшіктету, қорлау ниетін ғана арқалап жүреді…

Ойына бір нәрсе келе қалса әлеуметтік желілерге мақтанып пост жазады, «ақшасын төлеймін» десе болды кез келген нәрсе туралы оттап беруден тайынбайды.

Кейбіреулері басқа адамдардың идеяларын көшіріп, ақылды, білімді адам тәрізденіп әртүрлі жазбалары мен суреттері арқылы көптеген қолдаушылар жинап та алады.

Олар онлайн ақпараттық алаңында желеулетіп желпілдеткен нәрселері үшін ешқандай жауапкершілік алмайды, оның салдары туралы ойлауға қабілетсіз, жай ғана мазақ ету, мақтану, бөсу, көпшілікке өзінің атақ-абыройын дабырайтып шу көтеру ауруына ұрынғандар…

Олар ешқашан мәселенің мәні неде, оның ұшығы қайда екендігі туралы ешбір ойланбайды. Өйткені олар – өткен 30 жылдағы еліміздің білім берудегі банкроттықтың өнімі, қоғамға аса зиян келтіретін, өте көп қиындық тудыратын тұтас бір буынның өкілдері.

Олардың адамгершілігі туралы деп қандай бір сөз айтудың өзі артық.

Қазір оқушылардың мектеп формасы, дін-уақабизм-салафит-дәстүр, немесе Украина – Ресей арасындағы соғыс туралы және біліп-білмейтін әртүрлі мәселе туралы айлап-жылдап өзара салғыласып айтысумен келеміз. Бұл өзіміз әдетке айналдырып алған шығар есігі жоқ тағы бір шыр айналған шеңбер ғана.

Шын мәнінде қазіргі уақыт біз үшін:

– «Жаңа Қазақстанды» қалай құруды,

– өткен 30 жылдан алған сабақтарымызды ортаға салуды,

– білім-ғылым, оқу-ағарту,

– мемлекеттің тілі,

-ұлттың болашағы,

– жемқорлықтан түбегейлі қалай құтылу жолдары,

– алдымыздағы барлық сатылы сайлауды қайтсек әділ өткізу туралы сөйлесуді ғана жалғастыратын, «өз қотырымызды қаситын» уақыт.

Әйтпесе басқалардың азабы мен қайғы-қасіретін талқылайтын, оған күлетін, мазақ қылатын, өтірік жанымыз ашитын, сырттай байбалам салып, тон пішетін уақыт емес!

Амантай  ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: