Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әділетті Қазақстанға әлеуметтік инновация қажет

05.10.2023, 11:40 382

Түркістанда өткен құрылтайда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамның рухани-идеологиялық дамуының түйінді мәселелеріне тоқталды. Менің ойым, тек моралі күшті, білімді ел ғана кез келген қиындықты жеңеді. Әлемдік үрдістерді саралай отырып, осының бір өзегі ретінде әділетті Қазақстанға әлеуметтік инновация қажет екендігі туралы ойымды айтайын.

Әлеуметтік инновацияның негізгі элементтері Адам ата пайда болғалы дамып, жетіліп келеді. Біздің түркі тегіміздің дамуында да көптеген инновациялық жаңалық болды. Мысалы, Ботай мәдениетінде атты қолға алып үйрету, өмірлік іске қосу, темірді қорыту, әртүрлі қару-жарақ немесе зергерлік дүниелер жасау, Тәж Махал сияқты сәулет кешені, т.б. адам дамыған сайын әртүрлі жаңалық өмірге келе берген. Оларды ғасырлар бойы Ұлы Жібек жолы бойында көрудеміз.

Инновация бастапқыда технологиялық жаңалықтардан шыққан. Қазіргі кезде  VI технологиялық құрылымды (нано-биотехнология, гендік инженерия, ақпараттық-коммуникациялық, ғарыштық  технологияларды) инновациялық құрылым (уклад) деп  те  атайды. Қысқасы, инновация дегеніміз –  бұрын-соңды болмаған жаңа технологиялық жаңалықтарды өндіріске, жалпы іске асыруды айтады. Ал әлеуметтік инновация қоғамдық қатынастардан шығады. Ол білім арқылы адамның рухани мүмкіндіктерін қанағат еткеннен пайда болады. Ғылыми-техникалық прогрестің арқасында уақыт өткен сайын адамның өмір сүру деңгейін көтеру үшін соған жағдай жасайтын инновациялық жаңалықтар көбеюде.

ХХІ ғасырда интернет, цифрландыру, ақпараттық қоғамда инновациялық жаңалықтарды әкелуде. Қазіргі әлеуметтік инновация негізінде тек адамның қажеттілігіне жарау, өмір сүру сапасын көтеру, рухани даму үшін арналған болу керек. Сонда ғана біз білімді қоғам болып, гуманистикалық өркениет қоғамын құра аламыз. Ал егер инновациялық жаңалықтар игілікті істерге жаратылмай басқа жолды көздесе, мысалы, соғыс үшін қару-жарақ шығаруға немесе экологияны бұзуға, ғарышты ластауға, т.б. пандемия сияқты келеңсіз істерге арналса, онда адамзат құрдымға кетеді. Қазіргі болып жатқан соғыстар – соның салдары. Әлеуметтік инновация өткен ғасырда ғылыми айналымға еніп, әсіресе дамыған елдерде үрдіс ала бастады. Мысалы, әлеуметтік инновация Скандинавия мемлекеттерінде қатты дами бастады. Себебі оларда жаңа білім мен кәсіпкерліктің іске асуы тез жүруде, ал оларға мыңдаған қоғамдық ұйым серпіліс беруде. Жаңа өркениет рухани дамуға негізделген: іргелі ғылымға, жаңа білімге, мәдениетке, қоғамның тұрақтылығына, мораль, тәрбие, отбасына, т.б. Осы салаларда инновациялық жаңалықтар көп болу үшін әр мемлекет инвестиция салу, инновациялық жобаларды жасап, іске асыру қажет.

Қазақстанға келсек, әлеуметтік инновация саласы кенже қалуда, енді ғана қолға алына бастады. Оған түбегейлі әсер ететін сала­лар жаңа білім, ғылым, жергілікті өзін-өзі басқару, үкіметтік емес қоғамдық ұйымдардың салала­рының деңгейі төмен деп айтуға болады. Болған күнде де билікке бір жай есеп беру үшін, формальды түрде жүргізуде, сананы ашпайды. Ал бұған пайдаланатын жаңа технологиялар жеткіліксіз. Себебі білім, әсіресе ғылымның жетістіктерін  іске асыру нашар дамыған. Әлеу­меттік инновация даму үшін біз бұл салаларға жүйелі түрде мән беріп, әртүрлі  жоба жасап, инвестиция салып, нәтиже шы­ғаруымыз  қажет.

Халық талантты, әр саладан жаңалықтарды шығаратын тетіктерді жасау керек, мүмкіндіктерді ашу қажет. Кейінгі кезде бір өнер саласынан-ақ Димаш, Данэлия, Максим, шахматтан Жансая, Бибісара, Динара, т.б. таланттар шығуда. Ал басқа салалар қайда, әсіресе ғылым, технологиядан қашан әлемдік деңгейдегі «ноу-хауларды» көреміз деген сұрақтар туады. Бұған бірінші болып үкіметтік емес ұйымдар және үкіметтің өзі мұрындық болу керек. Жергілікті биліктің ісі халыққа барлық жағдай жасау арқылы әртүрлі саладан инновациялық жаңалықтарды шығару үшін қызмет етуі қажет. Озық шетел тәжірибесін де пайдалану  керек.

Қазақстан көп ұзамай өркениет елдерін қуып жету үшін үдемелі даму керек деген ой айтамын. Ол үшін «Қазақстанның 7 басымдық инновациялық идеясын» ұсынар едім. Олар:  бірінші, Білімді  қоғам мен ғылым арқылы озық технологияға жету, өндірісті күшейту. Тек білімді қоғам кез келген қиындықтарды жеңеді. Қазір елімізде  білімнің  деңгейі  құл­ды­рап кетті, әсіресе жоғары білім сын көтермейді. 70-80%-ы ақылы оқуда. Біз білімді тауар­ға айналдырып жібердік. Білімнің мақсаты – сапалы біліммен қатар рухани адам тәрбиелеу. Бұл межеге жете алмай келеміз. Білімді барлық деңгейде тегін оқыту керек. Білім беру жүйе­сінің жаңа парадигмасын, тиімді білім беру әдістемесін жасау қажет. Келешекті жасау үшін жастарға интегралды білім беру қажет. Бұл – білім берудің жаңа сатысы, жаңа білім. Мұғалімдердің еңбекақысын алды миллион теңгеге  дейін көтердік, ал балалардың білім алу сапасы әлі нашар. Басты стратегиялық мақсат – білімді қоғам ету арқылы Қазақстан қоғамын  трансформациялап, жаңа өркениетке  ену.

32 жыл бойы тұралап қалған ғылымға жаңа серпіліс беруді ҚР Президенті өзі бастап, акаде­мик Қ.Сәтбаев жетекші болып ашқан Ұлттық Ғылым академиясын мемлекеттік етіп өз тұғырына көтерді, жаңа Ғылым және жоғары білім министрлігі құрылды. Өркениетті ел қатарына қосылу үшін ғылымды қаржыландыруды да тиісті дәрежеде қолға алу қажет. Дамыған елдерде жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 3-4 пайызына дейінгі бөлігі ғылымға қаражат ретінде бөлінеді екен, ал бізде 0,13 па­йыз, демек алдыңғыдан 20-25 есе аз. Мұны кезең-кезеңімен іске асыру керек. Ғалымдарға ғылымдағы жетістігі үшін арнайы «Қ.Сәтбаев атындағы Мемлекеттік орден» тағайындалса, ғалымдардың мәртебесі өсер еді. Аймақтарға қатты көңіл бөліп, ғылыми орталықтар, технопарктер, венчурлық инновациялық қорлар ашып, ғылымның өндіріске енгізілуін күшейту қажет. Нағыз ғалымға, қазақша айтқанда, «аттан түсіп, жаяу жатып қарайтындай» деңгейге жету  үшін  ғалымның  статусын  көтеру  қажет.

Екінші, Халықты мүмкіндігінше жұмыспен қамтамасыз ету. Оның түп тамыры – кіші кәсіпті шетелдегідей 70-80%-ға жеткізу. Қазір бізде кіші кәсіптің үлесі жалпы ішкі өнімге шаққанда 20%-дан енді астық. Жұмыссыздық бізде 5% дейді билік, ал негізінде 20%-дан кем емес. Бұл жерде алысқа бармай-ақ, намыс­танбай-ақ, өзбек ағайыннан да үлгі алсақ болғаны. Билік басына Ш.Мирзиёев келгелі өзбек ағайын­ның экономикалық дамуы алға кетуде. Өзбекстан әлемнің ең үздік Nike, Adidas, Apple, Inditex компанияларымен келісімге тұрып, үздік өнді­ріс салаларын ашып дамуда. Ал бізде осылардың қайсысы бар? Бұлай жүре берсек, бәсекелестіктің аламан бәйгесі Өзбекстан қолына өтіп кетуі де мүмкін. Менің ғалым-экономист ретіндегі ой-ұсынысым. Үкімет әр отбасына әлеуметтік-экономикалық лифт жасасын, әр отбасын цифрландырып, КОДТАСЫН. Әр отба­сына не керек екенін есептесін: жұмысын, айлығын, зейнетақысын, оқуға шығынын, кие­тін киімін, ішетін тамағын, әлеу­меттік көмегін, алатын жәрдемақысын тағы басқа, тек  шекті  күнкөріске  керегін…

Бұл Үкімет қамтамасыз ететін әр отбасының ең төменгі деңгейде шектелген күнкөріс деңгейі болады. Егер ертең экономика өссе, әр отбасы біледі, менің де Үкіметтен қолдау деңгейім өседі деп сеніммен еңбек етеді. Ал дағдарыс болып экономика өспей қалса, менің отбасыма беретін көмек осы деңгейден төмен болмау  керек  деп өзіне сеніп, әрекет етеді. Халық ашық түрде бәрін біліп отырады. Үкімет пен халық арасында сенімі жақындап, диалог болады. Екі жақта да мақсат біреу, ол – халық­тың өмір сүру деңгейін көтеру. Тек осындай  жағдайда  ғана  прогресс  болады, мемлекет  дамиды.

Үшінші, Денсаулық. Қазір пандемия­ға байла­нысты денсаулық әлемде бірінші орын­ға шықты. Біз 20-ақ миллион халықпыз, сондық­тан тек сапамен ғана мақсатқа жете­міз. Халық­тың денсаулығы жағынан біз артта қалудамыз, кеше коронавирус келгенде де көрдік. Бұл салаға түбегейлі өзгерістер керек. Бөліне­тін  қаржыны кем дегенде екі есеге көбей­тіп (ЖІӨ 6%-ға дейін көтеріп), халқымыздың жартысына жуығы ауылда тұратынын ескеріп, денсаулықты жақсартуды ауылдан, бұқаралық спорттан бастау керек. Дәрігерлердің айлығын 3-4 есе, барлық деңгейде медицина саласының студенттерін 100% тегін оқыту керек. Ең кенже қалған  фармацевтика  саласына инвес­тиция салып, өңірлерде өндіріс ошақтарын ашу қажет. Жасанды интеллект, адам геномы уақытында даяр болу үшін әлемдік деңгейдегі генетикалық лабораториялар мен ғылыми зертханалар ашу керек. Осылар жасалса, иммунитетіміз көтеріліп, денсаулығы күшті ел, экономикасы мықты мемлекет боламыз. Үшінші сектордың рөлін көтеріп, өте қатты қолдау  қажет.

Төртінші, Азаматтық қоғам  құру. Қазақ­станда қоғамдық ұйымдар аз, ал оның өзі тиімді  жұмыс  істемейді, Үкіметтен қолдау нашар, болған күнде де биліктің сойылын соғу үшін қызмет етуге арналған. Бір-ақ мысал, Финляндияда бар болғаны 5 млн халыққа 120 мыңнан аса мемлекеттік емес қоғамдық ұйым бар, ал бізде 10-20 есе аз. Жалпы, Қазақстанның даму келешегі негізінде үкіметтік емес ұйымдардың қоғамды жаңғыртудағы белсенді жұмыстарына байланысты  болмақшы.

Бесінші, Рухани жаңғыру. Бізге 70 жыл бойы Кеңестер одағынан келе жатқан, егемен­ді ел болғалы 32 жылда түсіп кеткен рухани дағдарыстан шығу керек. Біз өте ауыр тағдырдың ағысында, рухани өткелде тұрмыз. Мәдени-­рухани жаңғыруды тек кейінгі кезде қолға ала бастадық, оның өзі кейде бір партия­ның жалауына айналуда. Қазіргі шындық дамы­ған мемлекеттердің өздері тек баюды ойлап, ал рухани құндылықтар артта қалған уақыт. Әлемдік дағдарыстың өзі рухани азғындықтан туындап отыр. Алдағы уақытта әлемдік үрдіс осы кемшіліктерді жою үшін мәнді әлеумет­тік инновацияға беру керек болып тұр. Елді алға жетелейтін әлеуметтік сала, мысалы, мәде­ниет, білім, ғылым, спорт, денсаулық, туризм. Зиялылар да, таланттылар да осылардан шығады. Қазақстанның келешегін болжап бере­тін, даму жобаларын жасайтындар да осылар болғандықтан, біз Кеңес одағынан әлі күнге дейін «қалдық сфера» (остаточная сфера) деп атайтын жолдан кетіп, бұл салаларды дамытуға басымдық  беруіміз  өте қажет.

Осындай қиын кезеңде мүмкін «мәдени ренессанс» жасау елдің дамуына бір серпіліс берер. Ол үшін бізге жаңа идеологиялық доктрина жасау қажет. Оның түп тамыры білімді қоғам арқылы Қазақстанға рухани серпіліс жасау­да жатыр. Мүмкін төменнен бастап әр оқу орындарында адам тәрбиесі туралы Абайдың «толық адам ілімі» жөніндегі оқу пәнін енгі­зу керек болар? Бізде жақсы мұғалім, дәрігер, сәулетші, экономист, заңгер тағы басқа мамандар жоқ емес, баршылық. Бірақ өкініштісі қазір мамандардың Абайдың «толық адам» концепциясына сай, біліктілігімен қатар адами қасиеті мен рухани толымдылығы сай болмай жатады. Себебі ұстаз бойындағы білім мен біліктілігін үнемі дамыту һәм ізденіс үстінде болуы керек. Қазір жастың да, кәрінің де аузында бай-қуатты болу идеологиясынан кетіп, жанның тазасына қызмет ету, моральды болу, адамгершілік, құлықтылыққа жету қажет. Басты  мақсат – ұлттық  мүддені сақтау! Ол – халықтың бірлігі мен ынтымағы, өмір сүру  қажеттілігін толыққанды қамтамасыз ету.

Алтыншы, Өзін-өзі басқару жүйесі. Отыз жыл бойы аңсап келе жатқан бір проблема біз әлі күнге дейін жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жасамадық, мүмкін әдейі, білімсіз халықты басқару жеңіл болды. Егер мемлекетті бұрын бір адам билеп-төстесе, жергілікті жерлерде де сол принцип сақталады. Оның аты – «әкім айтты, болды», заңды. Сөздің қысқасы, әкімсіз шыбын ұшпайды. Пара алмаған, пара бермеген сала қалмай бара жатыр. «Мешкей деген жақсы ат емес». Бұл сұмдықты тоқтат­паса, басына балта шаппаса, аяғы үлкен апатқа алып келеді. Мұны кеше ғана Абай облы­сындағы өрт апатынан көрдік. Осы салада төменнен жоғарыға қарай биліктің ең болмаса бір сатысы да тиімді жұмыс істемеген. Барлық жерде  «провал», соңы  өртке  айналды.

Не сұмдық, талай айтсақ та осы күнге дейін «жергілікті өзін-өзі басқару заңы» Парламентте қабылданбаған. Бұл деген сөз жергілікті халық­қа жағдай жасамау, ешкімге ештеңе керек  емес. Осылай басқара берсе болды. Бір-екі адам құқықтарын қорғап бас көтерсе, оларға несие беруден бастап барлық есік жабылады. Тоқетері, реформаны жергілікті жерден бастау керек, тиісті заңдарды қабылдап, жұмыспен қамтамасыз ету, т.б. барлық жағдайды әр ауыл тұрғыны үшін жасау қажет. Ауыл көтерілмей, ел, мемлекет көтерілмейді, дамымайды. Қала­дағыларға айтқым келеді. Қаншалықты дамы­сақ та, ғарышты игерсек те түбі бір кезде ауылыңа оралатыныңды ұмытпа. Ауылға асарды қазірден бастайық… «Ауылына қарап, азама­тын  таны» дейді дана халқым.

Жетінші, Мемлекетті жаңаша басқару парадиг­масы. Жаңа  басқару  жүйесін жасау қажет. Жоғарыда айтылған 6 проблемадан кейін Қазақ­станның жағдайының мүшкіл екенін көруге болады. «Балық басынан шіриді» демекші әңгіме жүйеде болып тұр. Елімізде жоғарыдан төменге дейін билікті тазалау керек. «Қайда барсаң да, Қорқыттың көрі» демекші ақшасыз, парасыз ештеңе шешілмейді, мәселе тек оның көлемінде жоғары жақта үлкен, облыста орташа, ауданда аздау пара беріп, шеше бер мәселеңді. Ұлы Абай айтпақшы, «қорқытпай, параламай, ақылмен, не жерлеп, не сырлап айтқанмен, қазақты ешнәрсеге көндіру мүмкін де емес»-тің кері келіп тұр. Осыдан арылу  қажет.

Егемендік алғалы 32 жыл өтті, оянатын уақыт жетті. Бәрін айт та, бірін айт, бүкіл басқару жүйесін жоғарыдан төмен қарай түбегейлі өзгертіп, Конституциялық реформаны жалғас­тыру керек, жаңа кадр саясаты, жергілікті жерде өзін-өзі басқару, тағы басқа да заңдар қабылдап, әсіресе соттарды да халық сайлайтындай етіп, биліктің үш тармағын тепе-тең ұстап, Қазақстан демократиялы жолға түсу керек. Қаншалықты бай ел болсақ та басқа жол жоқ. Әттең қазір бізге ХХІ ғасырдың Абайы ауадай қажет болып тұр! Кейбір қазір дамыған мемлекеттердің де үлкен қиындықпен күрес­кендігін, революциялық өзгерістерге барғандығын, кейін тарих толқыны арқылы жарыққа шыққандығын  ұмытпайық.

Жай ғана ештеңе болмайды, үлкен серпіліс, терең қиындықпен күрескеннен шығады. ХХІ ғасырда осылардың бәрімен күресіп, алып шығатын қару, алып күш – ол адамның әлемдік танымы, оның жоғары технология заман­ында сезімталдығы, адамгершілігі. Бұл заманда  азғантай  берілген уақытты жіберіп алмай, дер кезінде адами қасиетпен, сол адамзаттың өзі үшін пайдаланып қалу керек.

Оразалы  СӘБДЕН,

ҚР Президенті жанындағы ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық Кеңестің мүшесі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, э.ғ.д., профессор, академик

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: