Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Досхана Рановқа Арал қаласынан көше аты берілсе…

05.10.2023, 11:00 291

Арал  ауданының  әкімі  Серік  Сермағамбетовтің,

Арал  аудандық  мәслихат  төрағасы 

Базарбай  Төрахметовтің  назарына

«Аралдағы Ранов» деген екі сөз мыңдаған сырқаттың бойына үміт отын жағып, сынған сүйегі қисық бітіп жүре алмай қор болғандар Арал қаласына ағылды. Досхана  ағамыз Арал мен Қаза­лы ауданының сүйікті дәрігері атанды, аңыз адамға айналған оған еліміздің басқа өңірлерінен де келіп құлан-таза жазылып жатты. Қазалы ауданындағы Бекарыстан би ауылының бойжетіп қалған «Р» есімді қызы бір аяғы 9 см қысқа болып туған болатын. «Илизаров» аппаратын қолданудың шебері атанған Д.Ранов қыздың аяғын екінші аяғымен бірдей қылып ұзартып, үш айдан кейін травматология бөлімінен екі аяғын тең бастырып шығарған еді. Тарлан тұлғалы травматолог Рановтың есімі республикадан да тыс жерлерге белгілі болды. 2006 жылы сол  кездегі Самара-Ташкент, қазіргі Батыс Қытай-Батыс Европа тасжолында автокөлік аударылып, Арал аудандық ауруханаға Тәжікстанның Ленинабад облысының футбол командасының бас жаттықтырушысы басынан ауыр жара­қат алып, ауыр күйде жеткізілді. Д.Ранов бас сүйегі майдаланып сынып кіріп кеткендіктен дереу ота жасау керек деп шешіп, Аcылхан Нұрқожаев екеуі бас сүйегін ашып, ұйып қалған қанмен сүйек­ті алып, аман алып қалды, екі аптадан соң аяғымен ауруханадан шықты. Еліне барған соң білікті профессорларға көрінгенде бәрі де таңғалып, «шалғай ауданда адам басына осындай күрделі отаны қалай жасап жүр?» деген сөзін ризашылықпен  жазған алғысқа толы хатын  алды.

Досхана Мұңайтпасұлы 1943 жылдың  15 қазанында Арал ауданының Мергенсай ауылдық кеңесінде дүние­ге келді. 1959 жылы орта мектепті тамам­дап, Қызылорда қаласындағы медициналық училищеге оқуға түсіп, 1962 жылы үздік бітірген соң Ақтөбе қаласындағы медициналық институтқа түседі. Осы мединституттың соңғы курсында Орал қаласындағы облыстық ауруханада тәжірибеден өтіп жүргенде, Орал пед­институтының соңғы курс студенті Рая Хамзинамен танысып үйленеді. Дүниеге Изатулла, Ботакөз, Әділет, Сәуле, Әділжан есімді ұл мен қыз келді. Барлығы да жоғары оқу орнын бітірген мамандар, қазір әр салада қызмет етуде. Рая Наушақызы №14 мектепте мұғалімдік қызмет істеп, зейнеткерлікке шықты.

1968 жылы мединститутты үздік бітірген Д.Ранов Қызылорда қаласындағы облыстық аурухананың реанимация бөліміне дәрігер болып қызметке тұрды. Ағамыздың облыстағы алғашқы анестезиологтардың бірі болғанын қазір екінің бірі біле бермейді. Жалпы, Досхана ағаның жарты ғасырға жуық қызметінде көп жағдайда алғашқы болуы біліктілігін көрсетіп тұр. Ол кезде жоғары білімді дәрігерлердің басым бөлігі басқа ұлттың өкілдері болды. Сондықтан Досхана ағамыздың облыс­тық ауруханаға қызметке тұрғанына сол кездегі аурухананың бас дәрігері, медицина ғылымының докторы Ш.Абдул­лаев, бас хирург К.Құлсартов, реанимация бөлімінің меңгерушісі К.Жақыпов ерекше қуанып, жас маманға бар білгенін үйретуге тырысты. Зерек Ранов ұстаздарының үмітін ақтады, сондықтан олар Москва мен Алматыға білімі мен тәжірибесін жетілдіру курстарына қайта-қайта жіберіп отырды. Осылайша білікті  маманға  айналып  ел  аузына  іліне бастағанда, Аралдағы әкесінің «елге келіп халқыңа қызмет ет» деген сөзін түсінді. Әкесі Мұңайтпас совет-герман соғысына қатысып, бір аяғын қанды майдан  даласына беріп келген соғыс мүгедегі  еді, баласының қасында болғанын  қалады.

Осылайша, 1971 жылы Д.Ранов Арал қаласындағы аудандық аурухананың хирургия бөліміне травматолог дәрігер болып қызметке келді. Арада екі жыл ғана өтсе де, білікті дәрігер ретінде елге таныла бастаған отыздағы Д.Рановқа сол кездегі Арал балық комбинатының директоры Құдайберген Саржанов мына­дай өтініш жасады. «Комбинаттағы балық өндеушілерінің 25 пайызы күнделікті жарақат алуына байланысты жұмысқа шыға алмай қалады, балық тікені қолға кіргесін іріңдеп қарайып, күбірткеге ұласып кетуде, осының алдын алуға бола ма?» деді. Халық деген­де ішкен асын қоятын Досхана ағамыз обаға қарсы күрес станциясынан тыш­қан алып, өзінің ауласындағы сарайды зертханаға айналдырды, алдымен тыш­қандарға күбіртке микробын жұқтырып, оны емдеу жолдарын іздей бастады. Ақыры «Клей-БФ» деп атаған дәріні кілегей-пленка түрінде жасап шығарды, балық өңдеу алдында қолына қолғап ретінде киіп алғандықтан жұмысшылар арасындағы жарақат азайды, жарақат алғанмен де кілегей қабатындағы дәрі әсерінен іріңдемейтін болды. Арнайы зертханада емес, үй жағдайында, яғни «кустарлық» жағдайда балық өңдеуде жарақаттан сақтайтын пленка түрінде дәрі ойлап табуы әлемде теңдесі жоқ жаңалық еді. Осы еңбегі 1975 жылы Ленин­град қаласында жарық көрген орыс ғалымдары М.Лыткин мен И.Коса­чевтің «Панариций» (күбіртке) деген кітабының 16-бетінде жарияланып, жоғары бағаланды. 1975 жылы облыста алғашқылардың бірі болып І дәрежелі травматолог-дәрігері дәрежесін қорғап алды. Сосын өзінің ашқан жаңалығын одан әрі жетілдіріп, «Балықшылар арасындағы жарақаттану және оның алдын алу» тақырыбындағы диссертациясын 1976 жылдың 7 шілдесінде Алматы меди­цина институтының үлкен залында алын ала қорғауға талаптанды. Диссертациясына профессорлар А.Пальчев пен А.Сегізбаев жетекшілік етсе, кейін академик болған С.Ормантаев опоненті болды. Диссертациясын алдын ала сәтті қорғаған соң, Москвадағы Жоғары аттестациялық комиссиясына жолданды. Алайда ол кезде «домалақ арыздың» дәуірі жүріп тұрған кез еді, Москваға өзінен бұрын осындай арыздар барып бөгет жасады, осылайша Досхана ағамыздың ғылымға барар жолы жабылды. Оған мойымаған Мұңайтпастың бал­уан тұлғалы баласы өзінің мамандығын жетілдіре берді, Н.Сызғанов атындағы институтта академик М.Әлиев төраға болған комиссия алдында жоғары дәрежелі травматолог-ортопед мамандығын сәтті  қорғап  алды. Облыс  бойынша  аудандардың  ішінде  алғашқы болып, 1982 жылы Арал аудандық ауруханасында 40 төсектік травматология бөлімін ашуға өзінің біліктілігі арқасында қол жеткізді. Оның басты себебі басқа аудандарға қарағанда, Сексеуіл станциясынан ары қарай авто және мото көлікпен киік қуған жастар жиі мертігіп түсетін. Талай рет ауыр жағдайда түскен науқастарға отаны ізіне ерген әріптес інілерімен бірге жасағандықтан, Бал­табек Кемалов, Асылхан Нұрқожаев, Ғабит Нұрғалиев, қазіргі кезде хирургия бөлімінің меңгерушісі Әмірхан Жүсіпов пен травматология бөлімі меңгерушісі Тұрғанбек Ерсейітовтер – ұстазы Досхана ағасындай білікті дәрігерлер, халықтың  алғысын арқалап жүрген ақ халатты  абзал  жандар.

Досхана Мұңайтпасұлы – дәрігер ретінде өмір бойы ізденісте болып, мамандығының шыңына шыққан жан. Курган қаласындағы дүниежүзіне белгілі травматолог-ортопед, Лениндік сыйлық иегері, Социалистік Еңбек Ері Г.А.Илизаровтың өзінен 1990 жылы дәріс алып қайтқан соң, Арал аудандық травматология бөлімшесінде сол кездегі озық емдеу тәсілдері Илизаров тәсілімен компрессиялық-дистракциялық остеосинтез тәсілі, бас сүйек трепанациясы, остеосинтездің бірнеше түрі жасалып, елдегі озық емдеу мекемелерінің бірі болды. Қазіргі уақытта журналистер кей дәрігерлер туралы жазғанда 10-12 мың адамға ота жасаған деп көрсетіп жатады, әріптес інілерінен сұрағанымда Досхана ағамыз ешуақытта ондай есеп жүргізбегенін, атақты дәрігер болса да қарапайымдылығымен өздеріне үлгі болып қалғанын айтты. Абзал жан, асыл ағамыз 2014 жылдың 9 тамызында дүние­ден  өткен  болатын.

Халыққа жарты ғасырға жуық адал қызметі үшін бір марапат та алмағанын білгенімде, есіме Арал ауданы мен қазақ журналистикасының абыз ақсақалы атанған 95 жастағы Шәкірат Дәрмағанбетовтың Ранов туралы жазған мына мақала жолдары есіме түсті. «На­ғашы­лы-жиенді болғасын, өзгелерде бар КСРО, ҚР-ның медицина үздігі төсбелгісін одан көрмегесін, «Жиен-ау, омырауыңа ештеңе тағылмапты ғой» деп әзілгенде, тау тұлғалы Досхана ағамыз: «Алғыстан артық  марапат  жоқ»  деген  екен.

Бұл мақаланы жазудағы басты мақсатым, марқұм ағамыз 2023 жылдың 15 қазанында 80 жасқа келер еді, осы мерейлі жасына орай кезінде еңбегі еленбеген Досхана Рановқа Арал қаласынан  көше  аты  берілсе  деймін.

Бақытжан  АБДУЛ-ТҮМЕНБАЙ,

Қазақстан  Журналистер 

одағының мүшесі

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: