Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

СІМ «Қазақстанды сынағандардың» тізімін жасап жатыр. Тізімдегілер елге кіре алмайды

03.10.2023, 11:00 330

HALYQLINE.KZ

Қазақстан сыртқы істер министрлігі ел туралы жағымсыз пікір айтқандардың тізімін жасап жатыр. Тізімдегілер елге кіргізілмейді. Бұл туралы 2 қазандағы брифингте министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.

«Әрине, мұндай тізімді жасап жатырмыз, бірақ бұл – министрліктің ішкі тізімі, сондықтан оны жарияламаймыз. [Қазақстан туралы жағымсыз] мәлімдемелерді назардан тыс қалдырмаймыз. Тізімдегілердің санын да айта алмаймын. Тізімдегілер үшін шекара жабылады да, олар елге кіре алмайды» деді Смадияров.

СІМ ресми өкілі бұл сөзін журналистердің ресейлік дәрігер әрі блогер Илья Магерьдің сөзіне қатысты сұрағына жауап бергенде айтты. Магерь Қазақстан мен Ресей арасында соғыс болуы мүмкін деген еді.

Айбек Смадияров Магерьге «сәлем» жолдап, оған «қажетсіз» сөздерді айтқанша» адамдарды емдеумен айналысуға шақырды.

Кейінгі жылдары Ресей саясаткерлері мен сарапшыларының Қазақстанға қатысты арандату сипатындағы мәлімдемелері жиілей түсті. Қазақстан халқының белсенді бөлігі мұндай мәлімдемелерді қоқан-лоқы, елдің аумақтық тұтастығына қол сұғу деп бағалайды. Былтыр Мәскеу қалалық думасының депутаты Сергей Савостьянов Украина үлгісі бойынша Қазақстанды да «денацификациялау» және «демилитаризациялауға» шақырған.

2022 жылы қарашада кремльшіл сарапшы Дмитрий Дробницкий ресейлік пропагандист Владимир Соловьевтің бағдарламасы кезінде «Украинадан кейінгі мәселе – Қазақстан», «ол жақта да Украинадағыдай нацистік процестер өрістеуі мүмкін» деп айтқан.

Кейін Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко «бұл Ресей билігінің ресми ұстанымы емес» екенін айтып, дегенмен мемлекеттік арнада айтылғаннан кейін оған Ресей билігі реакция білдіргені жөн деген. Ал Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Соловьев бағдарламасында айтылған жайттар Кремльдің позициясы емес екенін айтқан.

2023 жылы мамыр айында «Қазақстан Украинаның кебін киюі мүмкін» деп мәлімдеген Ресей мемлекеттік думасының депутаты Константин Затулин Ресей СІМ араласқаннан кейін Қазақстан аумағына кіре алған.

2022 жылы маусымда Қазақстан сыртқы істер министрлігі Ресейдің пропагандисі Тигран Кеосаян елге кіре алмайтындардың тізіміне енгенін айтқан. Кеосаян YouTube-арнасында Жеңіс күні парад өткізуден бас тартқан Қазақстанға қарата зілденіп сөйлеген. «Украинаның күні Қазақстанға да тууы мүмкін» деп доқ көрсетіп, Қазақстанмен «қарым-қатынасты қайта қарауға” үндеген.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: