Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қоқыс төгуге жалғыз шыққанымда…

14.09.2023, 10:15 432

HALYQLINE.KZ

Кешқұрым жаяу жүргенді ұнатамын. Түрлі ойдың жетегінде шешім шығарып, кейде шабытым да оянады. Солайынан үйге тез жетіп алатыным бар. Сондағым барлығы бірден бола қояды деп ойлағаным шығар, әйтеуір қас пен көздің арасында үйімнің алдында тұрамын. Бірақ бүгінгі кеш өзге кештен басқаша, сондай қорқынышты болды. Әрі үйге қанша жерден асыққаныммен тез арада жете алмадым. Кеудемді қорқыныш билегенде атыңды да ұмытып қалады екенсің. Тура жарты сағат бұрын болған нәрсе жартыжылдық ғұмырымды өткізіп тастағандай күй кешірді. Дегенмен, өзімді барынша сабырға шақырдым. Бұл оқиға былай болды.

Үйімнен 700 метр жерде қоқыс тастайтын орын бар. Әжем бала кезімде «күл төгілген жер мен қоқыс тасталған аумаққа аяқ баспа, егер сондай жолмен жүре қалсаң, бісмілләңді тоқтатпай айт, жын-шайтан жаныңа жуымайды» дейтін. Әдетте сол ұстанымды қалт жібермеуші едім. «Бісмілләмді» айтып, қоқысқа жақындай беретінмін қорықпай. Ал қазір бір рет үн-түнсіз барсам, ештеңе етпес деген оймен үлкен қоқыс жәшігіне жақындадым.

Кенет біреу шашымнан тартқандай болды. Артыма қарасам, ешкім жоқ. Тітіркеніп кеттім. Көзіме ештеңе көрінбей тұрған соң, қорқа қоймадым. Қолымдағыны қара қорапқа сала бергенде кеудем қысылып, дем жетпей қалды. Мұндайда ештеңеге тілің келмей қалады екен. Айналамдағыларды көмекке шақырайын десем, жан баласы көрінбеді. Ауа жетпей қысылып бара жатқан соң, ауызымды қолыммен жаптым да алға қарай қадам баса  бердім. Егер осы жерден сәл алыстасам, мұның барлығы басылады деп ойладым. Іле-шала жүргеннен кейін ауруым «асқынып», жүрісім де баяулап қалғандай. Құдды бір түсімде бар күшімді салып жүгіргендей болдым. Негізі түсіңде жүгірсең, өңіңде оянып кетесің дейді ғой, тіпті оянатын да түрім жоқ. Оған дейінгі оқиғалардан өңімде болып жатқанын жазбай білдім. Сонда да ішімде бұл бір түс болса ғой деген ой үміт беріп тұрды.

Ауасы тар бөлмеде алға қарай жүгіргендей сезіндім өзімді. Қанша дегенмен ауаның ортасында, далада тұрмын, дәл бұлай болуы мүмкін емес еді. Айналамда біреу болғанда сөзсіз келіп көмектесуші еді. Себебі өзімнің сол кездегі түрімді сырттан көру сондай қорқынышты болып тұрғанын білдім. Тіпті осы арада ішіме жын кірді ме деп те ойладым. Кешкі уақытта шашымды орамай ашық киініп, кәлимамды айтпай, қоқыс төккенімнің кесірінен осынша ауыр жағдайды бастан кешетінім жүз ұйықтасам да түсіме кірмепті. Енді расында өз өмірімде болып жатыр. Жайлап бәрі басылып келе жатқан секілді. Қалай деген күннің өзінде он метрлік жолда өткен-кеткенімді көз алдымнан түгел өткізгендеймін. Аман қалсам болды, енді мұндайды қайталамаймын деп жүріп жеңілдеп қалдым. Сонда да арқамда бір жүк тұрғандай сезімдемін. Бетімді кезек-кезек шапалақпен салып-салып қоямын, жан сезбей қалған секілді ме… Әйтеуір үйтіп-бүйтіп алыстадым. Үйге жете сала мұның неден болғанын білгім келді. Дірілдеген күйі телефонымдағы интернеттен осы тектес оқиғалардың не үшін болатынын білуге асықтым. Ойымдағыдай екен. Бар қорқынышым сол жынға жолықпаған болсам екен деп едім, арқа тұсым пытырлап қоя берді. Әлгінде ғана кәріс киносынан осыған ұқсас оқиғаны көріп, бір жерім ауырса, оны белгісіз тіршілік иесі басқарып тұр деп ойлайтынмын, енді расында солай секілді… Көзімізге көрінбесе де жын-сайтаннан сақ болып жүрген дұрыс. Кім не десе, о десін, әлемде біз білмейтін, біз көрмеген тіршілік иелері сөзсіз бар. Ата-әжем бекерден-бекер Аллаға сыйынып құлшылық етпеген болар. Санамды сан-саққа бөлген сауалдан қорқып отырғаным сондай, өз-өзіме қол жұмсағым келіп кетті. Тіпті өмір сүруге дәрмен жоқтай сезініп тұрмын. Көзімнен моншақтар қаншалықты төгілген сайын ғұмырым да соншалықты сарқылып жатқандай… Неге әр буыным ауырып барады? Сонда оны кім басқарып тұр?

К.ҚҰРМЕТ.

Ердәулет  Қалиевтың  коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: