Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дәнебаевты азаптағандар қызметінен босатылды

06.09.2023, 15:22 378

HALYQLINE.KZ

Ақмола облысы Атбасар қаласындағы колонияда отырған азаматтық белсенді Тимур Дәнебаевты азаптау оқиғасына байланысты облыстық қылмыстық атқару жүйесі комитетінің бастығы және оның орынбасары, колония бастығы мен қызметкерлерін қызметінен босату ұсынылды.

Бұл жөнінде 6 қыркүйекте Қазақстан қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) хабарлады. ҚАЖК бұл хабарламаны бір өшіріп, қайта жариялады. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) баспасөз қызметі оны «техникалық қате» деп атаған.

«Жүргізілген қызметтік тергеу нәтижелері бойынша тәртіп комиссиясының шешімімен облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы және оның орынбасары, сондай-ақ колония бастығы атқаратын лауазымдарынан шеттетуге ұсынылды. Сонымен қатар, құқық бұзушылыққа қатысы бар 11 қызметкер ішкі істер органдарынан теріс себептермен жұмыстан шығаруға ұсынылды» деп жазылған хабарламада.

Атбасардағы колонияға барған құқық қорғаушы Елена Семенова 5 қыркүйекте Facebook-тегі парақшасында 9 қызметкер, оның ішінде мекеме бастығын жұмыстан шығару туралы бұйрық шыққанын хабарлаған. Ол қызметкерлерге қылмыстық іс қозғалғанын да айтты. Әзірге қандай баппен іс қозғалғаны белгісіз.

Дәнебаевты ұрып жатқан сәт

3 қыркүйекте Ақмола облысындағы Атбасарда колония қызметкерлері дәретхана жуудан бас тартқан белсенді Тимур Дәнебаевты ұрып-соғып, қинаған видеосы тарады. Видеода колония қызметкері күш қолдануға арнайы құрал қолдануға бұйрық береді. Онда Дәнебаевты жерге жатқызып, қол-аяғын ұстап, дубинкамен жамбасынан ұрғаны көрінеді.

Бұл видеоны «БАСЕ» телеграм-арнасы жариялады. Видеодағы ақпаратқа қарағанда, видео 24 тамызда Ақмола облысы Атбасар қаласындағы колонияда түсірілген. Оларды арнаға мекеме әкімшілігінің қызметкері жіберген.

Билік «қызмет өкілетін асыра пайдалану» фактісі бойынша тексеру бастағанын мәлімдеді. Бірақ тұтқынның хал-жағдайы қалай екенін айтпады.

38 жастағы Тимур Дәнебаев 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан соң Тоқаевты айыптаған кезден бері танымал.

Биыл 15 маусымда Астана соты Тимур Дәнебаевты «Ұлтаралық араздық қоздырды» (174-баптың 1-бөлігі) деп айыптап, үш жылға бостандығынан айырған. 1 тамызда апелляция соты үкімді күшінде қалдырды. Белсендінің адвокаты Ләззат Теміржанова процесті жүргізу тәртібі бұзылғаны туралы келтірген уәждерін сот қабылдамай тастағанын айтқан еді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: