Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Элемент №75. Ұнтақ болып үгітілген қазақ үміті

05.09.2023, 15:10 267

HALYQLINE.KZ

Мұнай – қазақтың бары да, бағы да. Бірақ оған толық тәуелділіктің өте қауіпті екенін Ақордадағы адамдар да, Алтын Ордадағы адамдар да жақсы түсінеді. Сондықтан әлемдегі осмий державасы болып табылатын Қазақстан сирек кездесетін қымбат металдардан көбірек пайда табуды көздеп отыр.

Қазақстан 1995 жылдан бері бізде ғана кездесетін жезқазғанит рудасынан «осмий 187» оксидін өндіріп, артық жарнамасыз, үнсіз ғана шетелге сатып келді. Осмий-187 – қымбат металдар рейтингінде екінші орында. Еліміз осмий оксидінің бір грамын 18 мың долларға, тиісінше килограмын 18 миллион долларға сатады. Осмий нарығында Қазақстан – нөмірі бірінші экспортер-алпауыт. Оның бір себебі бар. Осмийді АҚШ та, Қытай да өндіреді. Бірақ олар оны сыртқа сатпай, өздері жоғары технологиялық (электроника, медициналық құралдар) жабдықтар әзірлеуге жұмсайды. Бізде ондай индустрия болмағандықтан, осмийді сыртқы нарыққа сатамыз.

Ең қымбат метал – Калифорний-252. Ол табиғатта кездеспейді. Түрлі оксидтерден лабораториялық жолмен алынады. Килограмы 70 миллион доллар тұрады. Сонда табиғатта бар металдардан ең қымбаты қазақ осмийі. Бірақ ол тым сирек болғандықтан, біздің бар назарымыз басқа металға ауып отыр.

Рений – қазақтың жаңа мұнайы

Біздің бағымызға жаралған жезқазғанит рудасында осмий ғана емес, рений де бар. Және рений көбірек кездеседі. Осмийді грамдап жинасақ, ренийді килограмдап, тонналап өндіруге мүмкіндік бар. Әрі соңғы екі жылда Еуроодақ тарапынан ренийге деген сұраныстың артып келе жатқаны байқалған.

Ренийді біз ұнтақ түрінде өндіреміз. Биыл оның бір килограмы 2900 доллар тұрады. Өндірілген рений Каспий арқылы Бакуға, ары қарай Еуропаға жеткізіледі. Қазір осмий мен рений өндіретін «Жезқазғанредмет» кәсіпорнының өндірістік қуаты шектеулі. Бірақ онымен жұмыс істеуге британдық Maritime House компаниясы қызығушылық білдірген болатын. Олар технология тартып, инвестиция құятын болса, ренийді тонналап өндіретін мүмкіндік ашылады.

2022 жылы Қазақстан мұнайдан 13 миллиард доллар кіріс алды. Рений енді тек қымбаттай беретін сияқты. Осы және оған ұқсас сирек металдар өндірісін мыңдаған тоннаға жеткізе алсақ, болашақта кірісі мұнайдан түсетін табысқа пара-пар бола алады.

Рений бізді бақытқа жетелей ме? Шағын цех болып отырған «Жезқазғанредметтен» алпауыт компания жасау қолымыздан келе ме?

Бұл – өте қиын сұрақтар. Бірақ қазақ тағдырының өзі тек қана сұрақтардан тұрады. Біз – тағдырында сұрақ белгісі мен леп белгісі көп, бірақ нүктесі аз ұлтпыз.

Айбар  ОЛЖАЕВ,

журналист, қаржы сарапшысы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: