Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Астанадағы көрме: Құқық бұзушылар жауапқа тартылады

29.08.2023, 9:10 264

HALYQLINE.KZ

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек көрмеге қойылған жеміс-жидектерді тасып әкеткен қаланың кейбір тұрғындарын айыптап, жауапқа тартылатынын жеткізді. Айтуынша, олар мәдениеттілігінің төмендігін көрсеткен.

– Өздеріңізге белгілі, өткен демалыста EXPO алаңында Тәжікстанның мәдениет күндері аясында ауыл шаруашылығына, өнеркәсіп өнімдеріне және ұлттық қолөнеріне арналған көрме-жәрмеңке өтті.

Жәрмеңкеде 1000 тоннадан астам өнім сатылды. Дегенмен өкініштісі, жәрмеңке мүлкіне зиян келіп, кейбір азаматтар шатырларды, сөрелерді, декорацияларды сындырды. Қоғамдық тәртіп те бұзылды. Бұл – мәдениеттің төменділігінің, адам еңбегін құрметтемеудің белгісі.

Кейбір адамдардың орынсыз әрекетіне байланысты Астана қаласының барлық тұрғынына сөз тиді. Көрме-жәрмеңкеге 100 мыңға жуық адам қатысты, бұл іс-шарада қала тұрғындарының басым бөлігі мәдениетті болғанын ерекше атап өткім келеді. Оларға алғысымды білдіремін!

Мемлекет басшысы елорда тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Астана көшелерінде вандализм мен құқық бұзушылықтардың жиілеп кеткен жағдайларын болдырмау жөнінде тиімді шаралар қабылдау қажеттігін атап өткен болатын.

Полицияға вандализм әрекеттерін жасаған және қоғамдық тәртіпті бұзған адамдарды анықтау жұмысы тапсырылды. Құқық бұзушылар жауапқа тартылады, – деп жазды қала әкімі.

Жеміс-жидектерді жаппай әкету көрінісін жұртшылық екі түрлі қабылдаған. Бірі Астана әкімі секілді «мәдениеттен жұрдай» десе, енді бірі елдегі қалыптасқан жағдайдың айқын көрінісі деп санайды.

Мысалы, журналист Серік Жолдасбай халық пейілінің кең немесе тар болуы биліктің өзіне байланысты дейді.

 – Кейде әлдебір адам «халық тобыр, өзіне сол керек» деп жатса, «жұртты айыптамас бұрын оны осы жағдайға жеткізген дүниеге мән беру керек» деп көпшілікті айыптамауға тырсамын. Мен үшін халықты айыптау – Құдайға қарсы шығумен бірдей болып тұрады.

Бүгінгі жағдай биліктің 30 жыл бойы халықты тонап, тобыр етуге күш салғанының жемісі. Басқа ештеңе емес. Егер елде сайлау әділ өтіп, өз несібесі өзіне бұйырғанда халық бұлай ашқарақтанбас еді. Ауыл әкімінен бастап, президентке дейін халық өзі сайлап алатын елдің халқы мәдениетті болады.

Сайлау әділетті өтіп, азаматтық қоғам мықты болса, қазақтың жер асты, жер үсті байлығы халыққа ұрланбай жетер еді. Егер халық бай-бақуатты болса, онда болмашы затты таласа-тармаса алмас еді. Халықтың пейілінің кең немесе тар болуы биліктің саясатында жатыр. Сондықтан да затқа таласқан халықты айыптамас бұрын биліктің әділетсіз сайлауын сына. Сайлау әділ өтпей халықтың азып тозғаны, тозған, – дейді журналист.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: