Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үштағанды мақсат тұтқан білім ордасы

28.08.2023, 16:51 426

HALYQLINE.KZ

26 тамыз күні Қызылорда қаласында Qazbilim ұлттық лицейінің ашылу рәсімі өтті. Салтанатты кештің ашылуында сөз сөйлеген айтыскер ақын Нұрмат Мансұров бұл білім ордасының Сыр жұртшылығына беретін маңызына тоқталды.

– Qazbilim ұлттық лицейінің Қызылорда қаласында ашылып жатқанына қуаныштымыз. Осы жерге баламызды аманаттап тапсырып отырған жайымыз бар. Абай атамыз «адамның адамнан озбағы – білімі мен өнерінде» дейді. Біз бала үшін өмір сүретін халықпыз. Біздің арман-мақсатымыз, еңбегіміз осы баланың үстіне тоғысады.

Сондықтан, баланың болашағына алаңдағаннан кейін жүрген ортасын, оқитын мектебін, сабақ алатын ұстазын қадағалап отыру кез келген ата-ананың міндеті десек, осы балалардың жетістікке жетуіне үлкен еңбек сіңіріп жүрген Аятжан Ахметжанның игі ісіне сәттілік тілейміз. Ашылғалы тұрған мектепте ер мұғалімдер санының көптігін естіп, оның оқу процесіне орасан пайдасын тигізетініне қуанып жатырмыз. Енді ғана ашылып жатқан лицейдің кем-кетігі болса бірге көтерісейік. Qazbilim әрдайым жақсылықтың жаршысы бола берсін, – деді айтыскер ақын.

Әрі білім, әрі ұлтық тәрбие беретін білім ошағының ашылғанына қала тұрғындарының ықыласы ерекше.

– Өзім білім саласында қызмет етемін. Бұған дейін Серғали Толыбеков атындағы №3 мектеп-лицейінде оқыған ұлымды осында әкеліп отырған жайым бар. Алдыңғы мектептің балаларға сіңірген еңбегі аз болды деп айта алмаймын. Дегенмен, Аятжан Ахметжанұлы бастаған Qazbilim орталығының атқарып жатқан жұмыстарын естіп-біліп жүрген соң үлкен үмітпен осындай шешім қабылдадық. 5-сыныпқа жеткенде қызымды да осы лицейге оқытамыз деп жоспарлап отырмыз, – деді Айнұр Жұбаниязова.

600 оқушыға арналған Qazbilim ұлттық лицейі биыл 5-11-сынып аралығында оқитын 400 оқушыны қабылдауға ниетті. Бір жылдық оқу ақысы 10-11-сыныпқа – 500 мың, ал 5-9-сыныпқа – 400 мың теңге. Аятжан Ахметжанның айтуынша, жергілікті жердің 1200 мұғалімі арасынан 3 кезеңнен тұратын іріктеу туры өткізілген. Атап айтқанда, мамандығы бойынша біліктілік тест, әңгімелесу және құжаттық тексерістен сәтті өткен 50-ге жуық мұғалім жұмысқа қабылданған. Олар осы уақытта қажетті мамандардың 85 пайызын құрап отыр. Егер жергілікті жерден үздік мамандар табылмай жатса, өзге өңірлерден әкелуді жоспарлауда. Қазірдің өзінде Астанадағы орталықтан екі математик келген.

– Тамыз айының басында Ақтау қаласына барып ұжымды 12 күн оқытып келдік. Онда ұлттық мектептің концепциясы, оның жүзеге асырылу барысы, қолданыстағы методикамыз туралы жан-жақты ақпараттар айтылды.

Мектептің материалдық-техникалық базасының 60 пайызы жасақталды. Керек-жараққа тапсырыс беріп қойғанбыз. Бұйырса оқу жылы басталғанша 100 пайызға жеткіземіз. Кітап қорымызда 5 мыңнан астам көркем әдебиет бар. Оның 2 мыңы қазақтың классикалық әдебиеті болса, 3 мыңы – қазіргі аударма. Қазіргі аудармаларға шетелдің үздік классикалық әдебиеті мен жаратылыстану пәнінің кітаптары кіреді. Сондай-ақ, министрлік бекіткен оқулықтар мен Qazbilim оқытушыларының  өз авторлығындағы 180-нен астам кітап шәкірттеріміздің білім алуына қызмет етеді. Бұлардан бөлек, пәндік олимпиадалар мен ұлттық бірыңғай тестілеуге арналған оқулықтар мен әдістемелік құралдар бар, – деді А.Ахметжан.


Qazbilim ұлттық лицейінің кітапханасы

Білім ошағында 1 кітапхана, 3 спорт залы және бір асхана бар. Асхана бір уақытта 180 адамды қабылдай алады. Оқушыларға бір уақыт ыстық тамақ беріледі. Оған бірінші және екінші тағам, салат, нан, шай немесе кампот кіреді. Сабақ уақыты  таңғы 8:30-да басталып, 16:30-да аяқталады. Айта кетерлігі мұнда негізгі білім де, қосымша білім де беріледі. Бірнеше үйірме жұмыс істейді. Ата-аналар балаларын 2 үйірмеге тегін қатыстырады. 

– Біздің үш нақты ұранымыз бар: сапалы білім, ұлттық тәрбие және бәсекеге қабілетті тұлға. Яғни, бүгінгі 21-ғасыр баласының ойында болуға тиісті құзыреттің бәрін үйретеміз. Сол үшін оқу бағдарламасынан бөлек, IELTS-қа дайындық секілді дүниелерді енгіздік, – дейді орталық директоры.

Qazbilim еліміздегі үш жүзден астам ұстазды жұмыспен қамтып, сапалы білімі мен жастарды ел ертеңіне дайындап келеді. Осы кезге дейін 10000-нан астам шәкірт білім алып, үлкен жетістіктерге жетті. Бұл күндері 7 қалада мектеп, 1 қалада білім беру орталығы, жалпы 8 қалада жұмыс істейтін үлкен білім ордасына айналған. Түлектерінің 97 пайызы мемлекеттік грант иегері атанған. Жұмысын бастағалы тұрған Қызылордадағы білім ошағында математик Айтжан Батайұлы, тарихшы Досхан Ахметқалиев, мамандығы жаратылыстану бағытында болса да айтыс өнерінің көшінде жүрген Ержеңіс Әбдиев секілді мамандар ұстаздық етеді.

Жасұлан  АСҚАРҰЛЫ

Пікірлер:
  • Қазақстан бойынша қазақ тілін тереңдете оқытатын жалғыз білім ордасы. Qazbilim ұлттық лицей ұжымына тек сәттілік тілеймін!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: