Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бақыттың оннан тоғызы – денсаулықта

24.08.2023, 10:00 243

Күн райы салқын тартса, денсаулығымыз да аз-кем сыр бере бастайды. Қазір байқасаңыз, жұқпалы аурудың барлығы тамақтың жұтындырмауынан басталады. Екінің бірі тамақ ауруынан зардап шегеді. Жұқпалы вирустық аурудан жүз пайызға алшақ жүру мүмкін емес. Дегенмен сақтану да маңызды. Ауа райының құбылмалы болуы, температураға сай киінбеу, уақытылы ұйықтамау, стресс және өзге де факторлар ағзаның одан әрі әлсіреуіне әкеліп соғады. Әлсіреген иммунитет микробтарға толық қарсы тұра алмайды, олар біздің денемізге  оңай  еніп,  ауру  тудырады.

Ауруға оңай ерік бермес үшін мынадай керек кеңестерді жадыңызда ұстаңыз. Ұйқыңыз қанық болу керек. Ересек адам күніне кем дегенде 7-8 сағат ұйықтаса, күні бойы сергек жүре алады. Ұйықтар алдында бөлмені желдетіп, таза ауада кемінде 30 минут серуендеу ұсынылады. Жатын бөлмедегі температура оңтайлы, төсек-орын құрғақ және таза  болуы  керек. Бір  уақытта  жатып, оянған  жөн.

Дене жаттығуымен айналысуды әдетке айналдыру қажет. Таңертең ерте тұрып жаттығу жасап, таза ауада тыныстау денеңіздің ширақ, ойыңыздың мығым, жинақы болуына септігін тигізеді. Қазір физикалық денсаулығыңызды сақтау үшін мүмкіндік жеткілікті. Спорт залдары мен фитнес орталықтарында сізге қажет жаттығулар жиынтығын таңдап беретін нұсқаулықтар бар. Залға абономент алуға материалдық жағдайыңыз жет­песе, үй  алаңында  жүгіру – ең  ұтымды  әдіс.

«Fast  food»-ты уақыт үнемдеу үшін, асқазанның  хақысын беру үшін және тез жеткізіп беретін қызметі үшін пайдаланамыз. Бірақ, ол дәл сол мезетте тойымды бол­ғанымен, кейіннен ағзаңыздың айнымас жауына айнала бастайды. Сондықтан мүмкіндік болса, тез әрі оңай дайын­далатын тағамнан бойды аулақ ұстаған дұрыс. Тағам әртүрлі, теңдестірілген болуы керек және ағзаға қажетті қоректік заттарға – ақуыздарға, майларға, көмірсуларға бай болғаны абзал. Дәрумендер мен микроэлемент­тер де организм үшін өте маңызды. Ақуыз біздің  денеміз үшін «құрылыс  материалы»  болып санала­ды, бұлшықет, тері және басқаларына негіз болады. Дүниежүзілік денсау­лық сақтау ұйымының сарапшы­лары тәулігіне дене салмағының әр келісіне 0,83-1,8 грамм ақуыз тұтынуға кеңес береді. Бұл сандар жасына, дене салмағына, физикалық белсенділік деңгейіне  байланысты өзгеруі мүмкін. Біз үшін негізгі энергия көздері – майлар мен көмірсулар. Қажетті майлар­ды майлы балық, жаңғақ, авокадо, зәйтүн  және  май  сорттарынан  алуға  болады.

Күнделікті кофе ішуді әдетке айналдырып алып, онысын қоя алмай жүргендер көп. Кофені көп ішу де денсаулыққа зиян. Сондықтан одан гөрі суды көбірек пайдаланған жөн. Суды көп ішу дене температурасын тұрақтандырады. Азық, қалдық және оттегі тасымалдайды. Бүйрек және бауырдағы қалдықтарды (шлак) тазалайды. Витамин және минералдардың тарауын қамтамасыз етеді. Денені жарақаттанудан қорғайды. Клеткалардың және бұлшық еттердің бірігуін қамтамасыз етеді. Тері клеткаларын ылғалдандырады және сауық­тырады. Қажетті мөлшерде су ішпеген жағдайда мидың жұмыс істеуі баяулайды, қан қоюланады, жүрек көп жұмыс істеуге мәжбүр болады, нәжіс сары түсті және іш  қатуына  себеп  болады.

Биологиялық  белсенді  қоспаларды  жиі және тұрақ­ты пайдалансаңыз, ағзаңыз сізге алғысын айтады. Ол дәрі емес, оны ағзаға жетпейтін дәрумендер мен минерал­дардың  орнын толықтыру үшін қолданады. Оны тағам құрамына  қосып та, жеке өзін де қолдануға болады. Алайда ел  арасында таралғандай ол қандай да бір ауруға ем болатындай қасиеті жоқ. Қазіргі таңда тамақ өндіру бары­сында шикізатты бірнеше мәрте өңдегендіктен таби­ғи сапасын жоғалтуы мүмкін. Оның орнын толтыру үшін биологиялық белсенді қоспалар қолданылады. Зерттеуге сәйкес, биологиялық белсенді қоспаның адам ағзасына  зияны 5-7%-ды көрсетсе, пайдасы 80-90%-ға жетеді.

Қазақстанда медициналық тексерулер Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 қазандағы бұйрығына сәйкес жүргізіледі. Бұл бұйрықта міндетті медициналық тексеруге жататын  адамдардың  мақсатты  топтары бекітілген. Бұл топқа студенттер, азық-түлік өндірісі мен сатумен, қоғамдық тамақтандырумен байланысты жұмыс­шылар сана­ты, тәрбиешілер, медицина қызметкерлері және басқалар кіреді. Халықтың барлық санаты үшін міндетті медициналық тексеруден басқа, профилактикалық мақсатта жүргізілетін Ұлттық скринингтік бағдарламалар бар. Скринингтік тексерулер сын-қатер мен ауруларды ерте кезеңдерде анықтауға, дер кезінде ем-дом тағайындауға мүмкіндік береді. Сондықтан скринингтік тексеруден өту өте  маңызды.

Дені сау адам – ең бай адам. Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты. Сондықтан қадірлі­лердің  қатарындағыны  қолдан  шығарып  алмайық.

Керім  ҚЫСТАУБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: