Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Масыл қоғам түзіп бара жатырмыз…

23.08.2023, 12:20 483

HALYQLINE.KZ

Сары ауыз балапан. Осы Үкімет бізді, халықты ауыз аша беретін балапанға айналдырған жоқ па? Желіні ашсаң, желпініп жүргендердің жазбасы «Біз тоқалдан тудық па, бізге анау қайда?», «Біз «жетім» қалдық па, мынау қайда?»… Үкімет тек бір сәттік ауыз жабар тірлікті қашан доғарады? Халықтың жағдайы тиындап бергеннен оңалып кетпейді. Тиімді жүйе неге ойлап таппайды? Мәселен, жұмыс тауып берсін. Ол үшін өндіріс орындарын ашсын. Отыз жыл өтірік самсаған зауыт пен фабриканы салып болдық. Шынайы өндіріс орындарын ашайық. «Самұрық – Қазына» шикізат пен туризм, жолаушы тасымалы сынды салалармен қатар дайын өнім шығаратын зауыттар мен фабриканы іске қоссын. Әрбір облыс әкімдігі жанында әлеуметтік корпорациялар бар. Олар тек несие беріп, әкімдік бөлген қаржыға халыққа «тамшылатып» таратылатын, соңыра іріп-шіріп далаға тасталатын (Қызылорда облысында болды) азық-түлік сақтайтын мекеме емес, өндіріс көзін ашатын құрылым болсын. Жұмыс орны болса ауыз ашатындар да азаяды.

Екіншіден, жаппай мемлекеттің қаржысын тарату доғарылуы тиіс. Бір сәттік қаржылық «ләззат» сыйлауды үкімет шындап доғаруы тиіс. Жұмыс орындары ашылса, әлеуметтік көмек берілетіндерге (бәрі емес, мүгедектер мен көпбалалылардан өзгесі) жұмыс ұсынсын. Біреуіне тұрмады ма, екіншісін ұсынсын. Оны қабыл көрмеді ме? Үшінші жұмыс тауып берсін! Істемеді ме? Өз обалы өзіне! (Бұл тәжірибе Францияда бар). Сонда әлеуметтік көмек берілсін. Одан басқа ешкімге мемлекет тарапынан ештеңе берілмесін. «Мектепке жол», «Мектепке даярлық көмек» атауымен берілетін көмекке дағдыланып алған. Қолын қалт етіп қозғағысы келмейді. Жұмыс істеуге уақыты жоқ адам әкімдік алдында сағаттап емес, күн санап жүреді. Даурығады, дарақыланады. Көмегін айғаймен алса болды. Сонда жұмыс істеп, маңдайын сылып жүргендерден олардың несі артық? Бір мысал, бір кісі асфальт төсейтін мекемеде жұмыс істейді. Күн ыстық, суық демейді. Айлығы 140 мың теңге делік. Жұбайы бір мекемеде еден жуады. Айлығы – 70 мың теңге. 210 мыңды үш баласына, жол-пұлына жеткіземін деп әлек. Қыс-жаз демей сіңірін созып жұмыс істейді. Үкімет олардан салық алады, мед. сақтандыру, БЖЗҚ төлемін тағы алады. Бірақ оларға көмек жоқ. Біреу күйеуін (бәлки алқаш, бәлки әлеуметтік көмек алуы үшін ажырасқан) үйінен қуып, ажырасады. Жұмыс істеп, маңдай терлетпейді. Уақытын әкімдік жағалаумен өткізеді. Бірақ бар көмек те, жәрдемақы да сонікі. Әділдік қайда?

Біздің билік Конституцияны реформалай бермей, әлеуметтік саланы да реформалау қажет екенін түйсінсін. Әйтпесе, масыл қоғам түзіп бара жатырмыз.

Ойды ой қуады, автобуста бір жас келіншек әкімдікті 40 мың бермегені үшін қырып салғанын айтып отырғаннан кейін туды. Масыл болмайық!

Дастанбек  САДЫҚ,

журналист.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: