Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлемтапырық әлем

03.08.2023, 12:00 415

Көзді тырнап ашып әлеуметтік желіні аралаймыз. Ондағы жазбалардан жаға ұстайсың. Дөңгеленген дүние құдды қалт-құлт етіп тұрғандай. Қытайда су тасқыны болып жатыр. Бейжіңде бірнеше адам қаза болған. Қатты жауған нөсер салдарының соңы осындай қайғылы жағдайға әкеліп жатыр. 354,4 мың адам эвакуацияланды және 146,2 мың адам қауіпсіз аудандарға көшірілген. Қытайдың ұлттық  метеорология  орталығы  тағы  да  жауын-шашынға  байланысты ескертудің  «қызыл»  деңге­йін  ұзартты.  Болжам бойынша, Хэбэй, Шаньси, Хэнань, Шаньдун, Хайнань, Юньнань және Сычуань, Гуанси-Чжуан провинциялары мен Шыңжан-Ұйғыр, Ішкі Моңғолия автономды аудандарында, сонымен қатар Бейжің мен Тяньцзинь орталықтан басқаратын қалаларда нөсер жаңбыр жаууы мүмкін. Күннің ыстығынан да ғұмыр жібі үзіліп түскендер бар. Оңтүстік Корея­да демалыс күндері  аптап ыстықтан 17 адам қайтыс болды. Олардың көбі күннің ыстығында далада жұмыс істеген  егде жастағы фермерлер екен. Нигер республикасынан да рең кетіп, халқы көтеріліске шығуда. Нигердегі әскерилер президент Мохамед Базумды биліктен кетірді. Оның себебін қауіп­сіздік саласындағы жағдай нашарлап, экономикалық және әлеуметтік басқарудың төмендеуіне  байланысты  деп  түсіндіреді  олар.

Оның бер жағындағы Ресей мен Украина қақтығысын барлығы біледі. Екінші жылға жалғасқан текетірестің нүктесі әлі қойылған жоқ. Пәкістандағы оқиға да елді пұшайман күйге қалдырып отыр. Онда Джамиат Улема Ислам-Фазл ислам партиясының сайлауалды митингі кезінде болған күшті жарылыстан 44 адам қаза тапты. Шабуылды елдегі жағдайды ушықтыруға тырысқан жиһадшылар ұйымдастырды деген сыбыс бар. Түсінікті болу үшін айта кетейік, JUI-F – ірі діни саяси партия. Ол Пәкістан парламентіндегі үкімет коалициясының құрамына кіреді. Хар қаласындағы митинг елде биыл  күзде өтуі керек жалпыұлттық парламент сайлауы қарсаңында ұйымдастырылды. Қасым-Жома­рт Тоқаев Пәкістан Президенті Ариф Алвиге елдің солтүстік-батысында болған лаңкестік шабуыл салдарынан көптеген азаматтың қаза табуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.

Қазақстан да қалыс қалып жатқан жоқ. Орман мен базар өрті, жол-көлік, суға кету оқиғалары жиіледі. Жас балаларды ұрып-соғу, зорлау фактілері, суицидтің саны артты. Қазынаға қол салған ұры-қары көбейді. Күні кеше ғана Қызылордада банк қызметкері 600 млн теңгені қалтасына басып келген. Бұдан бөлек, қызылордалық бір жігіт cүйіктісімен сөзге келіп, өз-өзін өртеп жіберген. Енді Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалардың жаппай улану дерегі тіркелді. Одан бір бала көз жұмды, тағы 6 бала жансақтау бөлімінде жатыр деген  ақпарат  бар.

Қазір жабық дүние деген жоқ. Барлығы жария, бәрі ашық. Ақпарат ағыны толассыз. Секунд санап үлгермей жақсы да, жаман да, көрсетуге болатын һәм болмайтын дүниелер көз алдымыздан өтуде. Оны үлкендер ғана емес, телефон ұстаған жас бала да көре алады. Адам өлтіру, соғысу, өртену, күйіп-жануды көріп өскен жастың көкейінде қатыгездік орнамай қайтсін?

Адамзатты өзіне құлшылық етуге бұйырып, жалған дүниенің ақиқатын білу үшін Алла бізге қасиетті Құранды түсірді. Алайда желіде таралған мына бір ақпарат жер мен көкті теңселтіп жібергендей болды. Жуырда ғана, яғни маусым айында кәпірлерден емес мұсылманнан болған Салван Момика есімді жігіт Швеция астанасында тағы да Құранды өртеген. Стокгольмде Үлкен мешіттің алдында Құран өртеуге полиция рұқсат берген. Оны ұйымдастырушы бірнеше апта бұрын құқық қорғау органдарына арыз жазған. Соңында оған ақыры мүмкіндік берілді. Ол бір топ тәртіп сақшысының және жолай өтіп бара жатқан 200-ге жуық адамның көзінше мұсылманның қасиетті кітабының бір данасын өртеп жіберген. Жалпы көпшілік оның әрекетін қолдамады. Акцияны ұйым­дастырушы өзінің екінші отаны Швецияның имиджіне нұқсан келтіргісі келмейтінін қайта-қайта қадап айтып, Құранды өзінің жеке себептерімен өртеп жатқанын жеткізген. Шілденің аяқ шенінде Копенгагендегі Египет және Түркия елшіліктерінің алдында Құранды өртеу акциясы өткен. Дәл осындай  акция  Ирак  елшілігінің алдында да болған.

Президент Қ.Тоқаев Солтүстік Еуропаның бірқатар мемлекетінде болған Құранды өртеу актіле­рін қазіргі әлемдегі жағдайды шиеленістіруге, халықтар мен мемлекеттер арасындағы сенімге нұқсан келтіруге бағытталған арандатушылық әрекет деп санайды. Мемлекет басшысының пікірінше, жиілеп кеткен діни вандализм мен аталған елдер азаматтарының жауапсыз әрекеті мемлекеттер мен діндердің бейбіт қатар өмір сүруіне кері әсерін тигізеді. Бұл жалпыға ортақ нормаларға қайшы келетін акциялар ретінде бірауыздан айыпталуға тиіс. Енді БҰҰ Бас Ассамблеясы қасиетті кітаптарды қорлау жөніндегі кез келген актілерді айыптайтын және мұндай әрекеттерді халықаралық құқық нормаларын бұзу деп танитын қаулы қабылдады. Қаулыда атап айтқанда, «адамдарға қатыс­ты барлық зорлық-зомбылық актілері діни көзқарастары немесе сенімдері негізінде, сондай-ақ олардың діни рәміздеріне, қасиетті кітаптарына, үйлеріне, кәсіпорындарына, мүлкіне, мектептеріне, мәдени орталықтарына немесе ғибадат ету орындарына қарсы бағытталған кез келген әрекеттері, сондай-ақ діни орындарға жасалған барлық шабуыл» қатаң түрде айыпталады. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген. Осы күні қасиетті Құран ктіапты ұстап, әлеуметтік желілерде ант-су ішетіндер де шығып жүр. Қайсыбір жолы «Тик-ток» әлеуметтік желісінде «Аманат драйв» ұйымының өкілі оқырмандарының алдына Құран ұстап тұрып, халықты алдамайтын, шынайы ниетті ұйым  екендіктерін  алға  тартып  тұр.

Басқа бүлік жетпегендей, адамдар Алланың кітабына шабуылдайын деді. Бұл жақсылықтың һәм жақсы заманның нышаны емес. Әйтеуір соңы қайырлы болғай. Қорқайын дедік.

Ә.ҚЫСТАУБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: