Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тықыр таянған тоғыз банк

13.07.2023, 12:20 196

HALYQLINE.KZ

Жуырда бір танысым мынадай бір жайтпен бөлісті. Алматыға оқуға түскен қызы бірінің үстіне бірін банктерден несие алып, батпаққа бата берген. Ақшадан қысылып несиеге кіріп, тіпті ең арғы жағы онлайн банктерден қарызға ақша ала берген. Себебін сұраса, қысқы сессиядан кейін стипендиясынан айырылып, ақшаға қысылған соң осындай қадамдарға барыпты-мыс. Бұл – Қазақстандағы бір ғана отбасындағы жағдай. Осы тақылеттес ситуация қаншама отбасыда болып жатыр. Және ақша жетіспеушіліктен ажырасып, сорақысы қылмысқа һәм суицидке баратындар жетіп артылады. Қоғам құрдымға кетіп бара жатыр. Кедейлік көздерді байлауда. Несиені өмірлік мәселелердің ең тиімді нұсқасы деп санау жақсылыққа апармайды. Бізге ақша табудың өзге де көздерін табу, еңбектену, қаржылық сауаттылықты артыру аздық етіп тұр.

Ұлттық банктің мәліметінше, 7 миллионнан астам қазақстандықтың (7939 000) банкте несиесі бар. Несиенің жалпы сомасы – 15 триллионнан астам теңге. Айта кетейік, жеке тұлғаларға берілген несиелер туралы ақпаратты Мәжіліс депутаттарының сауалынан кейін Ұлттық банк ұсынған болатын. Бұл дегеніміз – жарты Қазақстан жұртшылығы батпаққа белшеден батып отыр деген сөз. Банк несие берердің алдында ақша алудың себебін сұрайды. Сонда алушылардың дені «тойға» деп жауап береді екен. Төрт сағаттық тойға төрт миллион теңге алып, оны он жылға жуық уақыт төлеп жүргені. Көптеген қазақстандық мерекелік шараларға несие алады, бірақ олардың барлығы қаржылық шығындарын есептей бермейді. «Мемлекет тойға несие беруді реттемей ме?» деп журналистер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатовтан сұрады. Агенттік төрағасының орынбасары несиенің жекелеген түрлерін беруге тыйым салуды мүмкін емес деп атады, себебі бұл банктердің ішкі қызметіне араласу болып саналады.

Қазір біз белгілі бір қарыз алушының мерзімі өтіп кеткен несиелері болса, банктер мен микроқаржы ұйымдарына несие беруге тыйым салатын заңнамалық нормаларды қарастырып жатырмыз. Осылайша біз қаржылық қиындықтарға тап болған жеке тұлғалардың қарызының артуына шектеу қоя аламыз. Біз заң бойынша несие беруді тоқтатуға құқығымыз жоқ, бұл – банктің ішкі саясаты, біз оған араласа алмаймыз, – деді Олжас Қизатов.

Мемлекет екінші деңгейлі банктердің ішкі саясатына сөзіміз өтпейді деген жауаппен жалтарып отыр. Сонда да қарыз алғандардың ақшаны жұмсау себебіне қадағалау жұмыстарын жүргізгені абзал. Несие сәнге айналған. Бірінен-бірі қалмау керек. Той істегендер әсіресе. Тек бүгіні әдемі, әсерлі өтсе болды. Ертеңін ойласа, ойлы қадам жасар еді. Енді қазір елімізде бірнеше банк жабылуға жақын қалып тұр деген сыбыс тарады. Бүгінде Қазақстан нарығында  21 екінші деңгейлі банк жұмыс істейді.

«Ашық НҚА» порталында 26 шілдеге дейін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы ұйымдарының қызметін реттеу және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжат талқыланып жатыр. Ол банктердің қызметін реттейтін, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілеттіктеріне қатысты. Құжатта банктерде және микроқаржы ұйымдарында көрсетілетін қаржылық қызметтер туралы ақпараттың тұтынушыларға жеткіліксіздігі, сондай-ақ тұтынушының мінез-құлық ерекшеліктерін ескермейтіндігі айтылған. Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға, қарттарға және басқа да төмен топтарға қаржылық қызметтер алуға шектеу қойылды. Анықталған проблемаларды шешу жолдары қазір қарастырлып жатыр.

Елімізде тоғыз банктің басына тықыр таянып тұр. Олардың қатарында  «Валют-транзит банк», «Қазинвестбанк», «Delta Bank», «Эксимбанк Қазақстан», «Астана Банк», «Qazaq Banki», «Tengri Bank», «AsiaCredit Bank», «Capital Bank Kazakhstan» бар.  Бірақ бұл банктердің жабылуы несие алу, берудің азаюы деген сөз емес. Қатары азайғанмен, процесс тоқтаған жоқ. Қазір біздің қауымға тойлауды емес, ойлауды, бүгінін ғана емес ертеңін де ескеруді, несие алуды мәселенің шешімі деп емес, есіру екенін ұғыну маңыздырақ болып тұр.

Кенже  ТАУАРТЕГІ

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: