Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері заңына» қол қойды.
Билік бұл заң онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама жұмысын реттеп, блогерлер мен инфлюенсердің жарнамадан табатын «көлеңкелі пайдасын» ашып, интернеттегі контенттерді реттейді деп санайды.
Заң демеушілік жасалған контенттерді, пабликтер мен олардың модераторларын, инфлюенсерлерді, онлайн-жарнамаларды, таргет жарнамаларды, хабарлама алмасатын мессенджерлерді, желідегі аккаунттарды қадағалайды.
Заңға сай, ақпарат және қоғамдық даму министрлігі онлайн-платформаларға мониторинг жүргізеді. Министрлік интернеттегі қандай да бір контент я жарнама заңға сай емес деп тапса, авторына бес күннің ішінде «заң бұзушылықты» жоюды талап етеді. Екінші тарап министрліктің талабымен келіспесе үш күннің ішінде қарсы шағым түсіре алады.
Сондай-ақ Қазақстанда 100 мыңнан аса қолданушысы бар желілер (Instagram, Facebook, YouTube, Twitter, Telegram, TikTok, VK) елде ресми өкілін тағайындауы міндетті. Бұған қоса. онлайн-платформалардың интерфейсі мен модерациясына қазақ тілін енгізу қарастырылған. Бұл желілердің алгоритміне контенттерді қазақ тілінде модерация жасауға мүмкіндік береді.
Заң бойынша, Қазақстан билігі «талапқа сай емес» деп тапқан контентті онлайн-платформалар жоюы тиіс.
«Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері заңы» қабылданған соң Тоқаев «Әкімшілік кодекске өзгертулер енгізу туралы» қол қойды. Екі заң бірігіп, интернетте «жалған ақпарат» таратқандарға әкімшілік жаза қарастырады. Интернетте жалған ақпарат таратқан қарапайым қолданушыға 20 АЕК (69 мың теңге), блогер я инфлюенсерге 40 АЕК (138 мың теңге) айыппұл салынады.
Қазақстанда «жалған ақпарат таратқандарға» қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған. Құқық қорғаушылар билік «Жалған ақпарат тарату» белсенділерге қарсы қолданады деп жиі сынайды.
Қазақстан билігі елдегі интернет пен әлеуметтік желіні қадағалауда ұстайды. Өкілетті органдар билік «төтенше жағдай» деп тапқан оқиға кезде елде интернетті толық өшіруге құқығы бар.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!