Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Астана – қазақ халқының жаңаруының нышаны

06.07.2023, 12:20 377

АСТАНА  –  ЕЛ  ТАРИХЫ

Астана күніне орай, газеттердің тігінділерін ақ­тарып отырып, мемлекет басшысының бірнеше мақаласын көріп, бастан-аяқ оқып шықтым. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақ­стан» газетінің 1998 жылғы 10 маусымда шыққан санында «Қазақстан мәртебесі» деген тақырыппен мақала жазып, Қазақстан егемендік алғалы бері бірінші рет астанасының орнын ауыстыруда тұрғылықты халықтың мүддесін ескере отырып, дербес  шешім  қабылдағанын  айтыпты.

«Шын мәнінде Қазақстан астанасының орын ауыстыруы қандай геосаяси мәнге ие? Еуразия құрлығының дәл «жүрегінде» орналасқан Астананың XXI ғасырда халықаралық саясаттағы маңыз­ды орта­лыққа айналу мүмкіншілігі бар. Жаңа астананың Алматы қаласына қарағанда көркеюі үшін өнді­рістік нысандар, әлеуметтік инфра­құрылымдар, әуежайлар, әлемдік деңгейдегі офис­тер және қонақ­үйлер салу жағынан көптеген перспективалық артықшылықтары бар. Еліміздің астанасын көшіру халықаралық байланысты терең­детуге үлкен септігін  тигізбек. Мемлекет астанасының орналасу орны болашақта жолаушылар және жүк тасымалдау­дың, сонымен қоса телекоммуникацияның, үлкен халық­аралық транзитті жолдар торабының түйісетін орта­лығы болмақ. Атап айт­қанда, кіндік қала Еуропа елдерін Азия, Тынық мұхит аймағының жылдам даму­мен келе жатқан аудан­дарымен тез және сенімді түрде байланыстырады» деп жазады аталған мақаласында Қ.Тоқаев. Ал бүгін­гі таңда Қазақ Елінің бас қаласы халықаралық саясаттағы маңызды орталыққа айналды. Биылдың өзінде елорда­мызда қаншама халықаралық жиын, саммит өтті. Рим Папасының келуінің өзі төр қаламыздың әлемдік деңгейдегі абыройын асқақтатып, бақ-беделін өсірді. Астанада күллі әлемнің назарын аударған ғажайып ғимараттар бой көтерді. Бас қаламыз халықаралық транзиттік жолдар торабының түйіскен нүктесіне айналды.

Назар аударарлық жайттың бірі, мемлекет басшысы осы мақаласында бір кездері кеңінен талқыға түскен Астана атауына қатысты өзінің мынадай ой-тұжырымдарын келтіреді: «Бас қаланың Астана деген жаңа атауына келетін болсақ, оның бірнеше негіздері бойынша артықшылығы бар. Атап айтқанда, оның бір ғана түсіндірмесі бар және де бұл сөз нақты айшықталған мәнге ие. Астана атауы ешқандай да келеңсіз саяси немесе тарихи ұғындыруларға салынбаған. Жаңа атау құлаққа жағымды естіледі және графикалық тұрғыда мемлекеттік тілде де, сондай-ақ негізгі халықаралық тілдерде де сәтті көрінеді, оның үстіне естілу әуезі іс жүзінде ешқандай өзгеріске ұшырамайды». Расында да көңілге қоным­ды  әрі  байыпты  көзқарас.

Ал  араға 20 жыл уақыт салып, тағы осы «Егемен Қазақстан» газетінде «Астана – Елбасы жігері­нің жеңісі»  деген   тақырыппен Қасым-Жомарт  Тоқаев­тың мақаласы басылыпты. «Бағалай білсек, біз – бақытты ұрпақпыз. Ата-бабаларымыз ғасыр­лар бойы  армандаған  Тәуелсіздік  таңы атқанын көрдік.  Дербес  мемлекеттің құрылысына  атсалыс­тық. Елімізді төрткүл дүниеге таныттық. Әсіресе тәуелсіздігіміздің   ең   қасиетті,  қымбатты  символы – жаңа  елордамыздың   бой   көтергеніне куә болдық. Осының бәрі нағыз бақыт емес пе?» деп басталатын мақаласында Президент Астананың ел тарихы, ұлтымыздың болашағына бағытталған стратегия, даму барометрі екенін нақты дәлел-дәйек­термен айшықтап жазады. «Астана – даму барометрі. Күнде өсіп, көркейіп жатқан елорданың қарқынды дамуы барысынан еліміздің экономикалық, саяси және әлеуметтік даму қарқынын көреміз. Қазақстан Тәуел­сіздігінің 26 жылы ішінде экономикасы дамыған, үлкен амбициялық мақсат-мүддесі бар, алыс-жақын мемлекеттер санасатын елге айналды» деп бейнелейді елорданың даму деңгейін Қасым-Жомарт Тоқаев. «Астана – орындалатын армандар мен үміттердің қаласы. Ғасырларға жете­тін тарих әрі ұрпақтан-ұрпаққа кететін ескерткіш. Астана – қазақ халқының жаңаруының нышаны, үлкен үміттері ақиқатқа айналған қала екенін қазақ­стандықтар күн сайын сезінеді» деп аяқтайды мақала­сын  Қазақстан  Президенті.

«БҰЛ  ЖЕРДЕ  ЖАҢА  АСТАНАМЫЗ  БОЙ  КӨТЕРЕДІ…»

Елорданың Алматыдан Астанаға көшірілуіне қатысты қызықты оқиғалар жетерлік. Соның бірі – сол кездегі АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Элизабет Джонстың (суретте) желтоқсанның сақылдаған сары аязында елордаға алғаш келгендегі оқиғасы. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Основание Астаны: Передислокация» атты деректі фильмде былайша еске алады: «Бұл оқиға 1996 жылы болған еді. Мен Алматыдағы шетелдік дипломатиялық корпус өкілдерін Ақмолаға шақырдым. Ол кезде қалада еңселі ғимараттар да, ағаштар жоқ еді. Мәртебелі меймандар ұшақтан түскен бетте желтоқсанның аязы беттерін қарыды. «Бұл жерде жаңа астанамыз бой көтереді» дедім мен қаланы таныстыруды бастап. Әлбетте, қонақтардың барлығы бұл сөзімді қалжыңға балады. Меніңше, ол жерде бір адамға ғана астана бірден ұнады. Ол Моңғолияның Қазақстандағы Елшісі болатын. «Бұл қала маған Ұлан-Батырды еске түсіреді» деп жымиды шетелдік дипломат. Бір сәтте бәріміз мынадай қызықты оқиғаға куә болдық. Кенет қатты желден қонақтардың бірі – АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Элизабет Джонстың бас киімі ұшып кетті. Біз дипломатиялық корпус болып, бәріміз жабылып 15 минут бойы боранды елең қылмай бас киімнің соңынан қудық. Сөйтіп, елші ханымның бас киімін тауып, өзінің  қолына  ұстаттық».

Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ алғаш астанаға қоныс аударғанда өзі тұрған қонақүйде ыстық су болмағанын да бейне бір түсі болғандай еске алады: «1997 жылы біз елордаға көштік. Мен ол кезде «Ишим» деп аталған қазіргі «Есіл» қонақүйіне орналастым. Бір күні қонақүйде мүлдем ыстық су болмай қалды. Суық судың өзі шүмектен тамшылап ағып тұрды. Қала әкімі Әділбек Жақсыбековке қоңырау шалып: «Әдеке, қонақүйде неге су жоқ?» деп сұрадым. Сол уақытта оған басқалар да суға қатысты шағымдарын айтқан болуы керек. Ол маған бірден: «Сіздер не астанаға жуыну үшін келгенсіздер ме?» деп қалжыңдап жауап қайырды».

ЕЛОРДА  –  ЕЛІМІЗДІҢ  ЖҮРЕГІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елордаға қатысты айтқан сөздерін, құттықтауларын да қалдырмай, мұқият шолып шықтым. Олардың бәрінде мемлекет басшысының бас қалаға деген ыстық ықыласын, шынайы жанашырлығын көруге болады. «Елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстанның жарқын жетістіктерін айшықтайды. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың астананы көшіру туралы бірегей шешімі халқымыз үшін аса маңызды тарихи оқиға болды. Елбасының ерік-жігері мен теңдессіз ерлігінің арқасында Еуразия кіндігінде ірі саяси, экономикалық, мәдени және білім орталығы пайда болды. Бұл қадам даму, өркендеу және жасампаздық жолында Қазақстанға тың серпін берді. Нұр-Сұлтан қаласы осындай қысқа мерзім ішінде Еуразия төріндегі ғажайып мекенге айналды. Сәулеті айрықша ғимараттар мен елордамыздың заманауи келбетіне әлем жұртшылығы тәнті болды. Қаламызда жаһандық мәні зор саяси іс-шаралар өтуде. ТМД, ШЫҰ, ЕАЭО, ЕҚЫҰ, ИЫҰ саммиттері, ЭКСПО-2017 көрмесі, Азия ойындары, Астана бітімгершілік үдерісі – осының барлығы Қазақстанның бас қаласының абыройын арттырды. Елорданың өркендеуі – Елбасының және барша Қазақстан халқының еңбегі. Еліміздің барлық өңірі Нұр-Сұлтан қаласының өркендеуіне үлес қосты. Бүгінде бас қаламыз барша жұртымыздың ынтымақ-бірлігінің символына айналды. Елорда – еліміздің жүрегі. Мемлекетіміздің жарқын болашағына жол ашатын тағдырлы шешімдер осы жерде қабылданады. Қазақстан Республикасының Президенті ретінде қаламыздың бой көтеруіне және қалыптасуына үлес қосқан еліміздің әрбір азаматына ризашылық білдіремін» деп құттықтаған жұртшылықты Президент 2019 жылғы БАҚ-тарда жарияланған жазбасында.

«Отандастарымызды Елорда күні мерекесімен құттықтаймын! Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың саяси ерік-жігерінің арқасында Ұлы дала кіндігінде Тәуелсіздігіміздің жарқын символына айналған заманауи қала бой көтерді. Елорда ұлтымызды жасампаздыққа, даму мен өрлеуге жетелейді» деп жазыпты 2021 жылы мемлекет басшысы Twitter-дегі парақшасында.

АСТАНАНЫҢ  КЕЛБЕТІН  МЕЙЛІНШЕ  ЖАҚСАРТУЫМЫЗ  КЕРЕК

Мемлекет  басшысы  биыл 31 қаңтарда Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, Астананың инфрақұрылымын дәйекті түрде дамыту қажеттігін мәлімдеді. «Урбанизация үдерісінің қазіргі қарқыны сақталатын болса, елорда халқының саны 2030 жылға қарай екі миллион адамға жетуі мүмкін. Қала тез үлкейіп келеді. Сол себепті қазіргі таңда Бас жоспарға қойылатын талаптар жиі бұзылады. Сондықтан инженерлік инфрақұрылымды кешенді түрде дамыту – басты міндет. Біздің мақсатымыз – елордамызды жылдың кез келген мезгілінде халқымызға және шетел адамдарына барынша қолайлы ету, Астананың келбетін мейлінше жақсарту. Өзенге жаяу адам жүретін көпірлер салу керек. Мұндай өткел, әсіресе, қазір салынып жатқан Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің маңайына қажет. Көлік жүруге болмайтын көшелер жөнінде талай рет айтылды. Бірақ қалада ондай бірде-бір көше салынған жоқ. Жалпы, әлемдік тәжірибеде дәл осындай көшелер көптеп салынады. Бұл мәселені мұқият ойластыру керек. Білікті мамандарды тартып, оңтайлы шешім қабылдауға болады. Мысалы, бізде ЭКСПО аумағы бар. Бір қарағанда, өте әдемі жер. Бірақ қаңырап бос жатыр. Шын мәнінде, оған жан бітіріп, жұрт жаппай демалатын орынға айналдыруға болады. Қоғамдық кеңістікті дамытудың бірыңғай тұжырымдамасын қабылдаған жөн» деді  Президент.

Президент елордамыз дамудың жаңа үлгісіне көшуге, Астана инновациялық шаһар болуға тиіс екенін атап өтті. «Әлемде қаланы басқарудың жаңа цифрлық тәсілдері қарқынды түрде енгізіліп жатыр. Біз де бұған баса назар аударуымыз керек. Біз Астананы жасампаз, жайлы және таза қала қағидасына сәйкес дамытуымыз керек. Әлемдегі барлық озық тәжірибені тиімді пайдалануымыз керек» деп сөзін түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Астана  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: