Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Күзде індет қайталана ма?

30.04.2020, 13:01 867

Қазақстандық ғалымдар коронавирус инфекциясының елдегі екінші толқыны күз мезгілінде қайталануы мүмкін деп отыр. Осы орайда олар елдегі жағдай бойынша ғылыми зерттеу жүргізетіндерін айтты. 

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қазақстандық ғалымдармен видеоконференция өткізіп, олардың ойын білді. 

Т.Х.Чан атындағы Гарвард мектебінің қоғамдық денсаулық сақтау докторы Қуаныш Ерғалиев Гарвард университетінің қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы ғалымдары мен сарапшыларының тұжырымы негізінде ұсыныс жасады. Оның айтуынша, науқастарды анықтау мен олармен байланыста болғандарды қадағалау жүйесін жасау керек. 

  • Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай әр аймақта әртүрлі. Алматы мен Нұр-Сұлтан шарықтау шегіне жетсе, басқа аймақтар түрлі сатыда. Демек, бір уақытта шектеу шараларын жеңілдету инфекцияның екінші толқынының басталып кетуіне апарып соғуы ықтимал, – деді Қ.Ерғалиев. 

Сонымен қатар, ол Гарвард профессоры Джозев Айландтың бастамасын ұсынды: карантин біткеннен кейін де қашықтан жұмыс істеу, жұмысқа өте қажет мамандардың ғана шығуы, ғимараттағы ауаны тазартып тұру, қызметкерлерді азайту. 

Ал «Астана» медициналық университеті ректорының стратегиялық даму мәселесі жөніндегі проректоры Анар Тұрмұхамбетова иммунитетті зерттеудің маңызын түсіндірді. 

– Вирус жаңа. Анықталмаған нәрселер көп. Иммунитет мәселесіне басты назар аудару керек. Ең маңыздысы – ұжымдық иммунитет қалыптастыру, – деді ол. 

Конференциядан кейін барлық ұсыныстар ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне жолданды. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: