Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Мәдениет және спорт экс-министрі Арыстан Мұхамедиұлының жұбайы пара беруге оқталғаны әшкереленгенін мәлімдеді. Cондай-ақ олардың мүддесін қорғаған адвокат алаяқтық пен пара беруге итермелеу күдігімен ұсталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.
Ведомствоның хабарламасына сәйкес, антикоррупциялық қызмет тергеп жатқан қылмыстық істерді жедел сүйемелдеу аясында сот төрелігін іске асыру жөніндегі қызметке араласуға бағытталған аса ауыр жемқорлық қылмыс жасалынғанын анықтаған.
«Жасырын іс-шаралар кешенінің нәтижелері бойынша пара беруге оқталған Мәдениет және спорт экс-министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының жұбайы әшкереленді. Cондай-ақ аталғандардың мүдделерін қорғауды жүзеге асырған адвокат алаяқтық пен пара беруге итермелеу күдігімен ұсталды», – дейді антикор өкілі.
Хабарламада Арыстанбек Мұхамедиұлының қылмыстық жазасын жеңілдету және қамаудан босату сылтауымен адвокат қорғалушының жұбайынан сот органдарының лауазымды адамдарына беру үшін пара ретінде 460 000 АҚШ доллары сомасында ақшалай қаражат алғаны айтылады.
«Тергеу амалдары барысында 255 000 АҚШ доллары көлеміндегі қаражат анықталып, тәркіленді. Қалған соманы ол өз қалауы бойынша жұмсағаны анықталды», – делінген хабарламада.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мәліметінше, экс-министрдің өкілі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын, ал Мұхамедиұлының жұбайы аса ірі көлемде пара беруге оқталуы бойынша күдікті болып танылған.
Ведомство Қылмыстық-процессуалдық Кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жариялауға жатпайтынын атап өтті. Сондай-ақ, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік Кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.
Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен Мұхамедиұлы 8 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілемеуге шешім шығарған.
Алайда бұл айыпқа Мұхамедиұлының бұрынғы баспасөз хатшысы қызметін атқарған Айдар Қырықбай сенбейді.
– Біріншіден, Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты Тулеев Мустахим марқұм Заманбек Нұрқаладілов, Ғалымжан Жақиянов, Болат Әбіловтың қорғаушысы болғанын ұмытыпаңыздар Сонымен қатар, биліке қарсы көптеген шулы істерді жүргізген.
Екіншіден, Арыстанбек Мұхамедиұлы Алтын адам шеруі бойынша бір тиын ұрламағаны жөнінде мәлімдеме берді. Осылай қысым көрсету арқылы жақында Арыстанбек Мұхамедиұлы кінәсін мойындап, апелляцияға беруден бас тарты деп ақпарат шықса таң қалмаңыздар», – деп ойын айтты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!