Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Пригожин бүлігінің астарында не жатыр?

28.06.2023, 11:40 234

23 мамыр күні «Вагнер» жасағының жетекшісі Евгений Пригожин «Ресей қорғаныс министрлігі жасақ жауынгерлерін әскери тікұшақпен және артиллерия көмегімен атқылап жатыр, әскерімізден айырылып жатырмыз» деп дабыл қақты. Кешкісін Пригожин өзінің телеграм-арнасында елдің әскери басшылығына қарсы шығып, әділдік орнататынын мәлімдеді. Ол халыққа «қарсылық білдірмей берілуге» үндеп, өзінің қарамағында 25 мың әскер бар екенін айтты.

Пригожиннің  әскери басшылық  деп  отырғаны –  РФ Қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен Бас штаб жетекшісі Валерий Герасимов. Сондықтан ол үндеуінде елдегі саяси басшылықты (президент, үкімет, т.б. – авт.) басып алу ойында жоқ екенін, олар өз жұмысын атқара беретінін айтты. Арада бір түн өткенде елде бүлік шыққаны, Ростов қаласы Пригожинге бағынғаны, оның жауынгерлері Мәскеуге қарай беттегені хабарланды. Осы кезде Владимир Путин 1917 жылды еске алып, Ресей  азаматтарына, әскерилер мен  құқық  қорғау  орындарына және  көтеріліс  жолына шыққандарға:

– Ресей өзінің болашағы үшін ауыр күрес жүргізуде. Біз ішкі сатқындыққа тап болдық. Шектен шыққан ішкі амбициясы барлар сатқындыққа әкелді. Оларды ауыр жаза күтіп тұр, – деп мәлімдеме жасады.

Мұның ізін ала Пригожинге «қарулы бүлікке шақырды» деген айыппен қылмыстық іс қозғалды. Айып бойынша 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

Елде азамат соғысының қаупі күшейген шақта Путиннің аспазшысы телеграм-каналында мәлімдеме жасап, әскерін кейін шегіндіргенін хабарлады.

– «Вагнер» жауынгерлерін таратып жібергісі келді. Сол себепті 23 маусымда әділет маршына шықтық. Бір тәулікте Мәскеуден 200 шақырым жерге дейін жеттік. Жауынгерлеріміздің бір тамшы қанын төккен жоқпыз. Енді қан төгілу мүмкін сәт келді. Сондықтан да барлық жауапкершілікті сезіне отырып, орыс қаны төгілуі мүмкіндігін түсініп, біз өз колонналарымызды кері қайтарамыз, жоспар бойынша бекітіліп берген дала лагеріне қайта ораламыз, – деді Пригожин.

Бұл уақытта Мәскеу мен Ростов арасындағы федералдық трассаға блокпосттар қойылған болатын.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша,   Евгений  Пригожинді келіссөзге Александр Лукашенко шақырған. Сондай-ақ ол «Вагнер» жетекшісіне тағылған айып алынып тасталып, Беларуське кететінін хабарлады.

Бұл оқиғаға байланысты Ресейдің Қорғаныс министрі мен одан жоғары басшылық тарапынан түсініктеме берілген жоқ. 

Жылт етіп жоқ болған «Вагнер» әскері Ресейдің ішкі жағдайы туралы сан түрлі пікір қалыптастырып үлгерді.

Кейбір сарапшылар бұл оқиғаны Ресейдің жаңа жоспары тұсындағы көз алдау әрекеті мен ішкі-сыртқы реакцияны бір тексеру амалы деп есептейді. Бұл болжам бойынша нақты дерек болмағаннан кейін, тек логикаға ғана жүгіне аламыз.  

Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығысты 2013 жылдан бері бақылап келе жатқан қоғам белсендісі Қуаныш Еділхан әскери бүлікті Ресейдің ішкі алауыздығы әрі  заң үстемдігінің аяққа тапталып келе жатқандығының нақты көрінісі деп есептейді.

– Ресей Федералдық қауіпсіздік кеңесі қылмыстық іс қозғап, Пригожинге 20 жыл түрме жазасын беретінін ескерткенімен, Песков келіссөз нәтижесінде қылмыстық істің жабылғанын мәлімдеді. Қылмыстық істі кешіре салу – ақымақтық әрі заңды белден басу. Режимде алауыздық болған жерде атап кеткеніміздей, заң үстемдігінің орнына келісімдер ғана жүреді.

Оқиға желісіне қарап Путиннің өзі құрған билік вертикалінің әлсіз екендігін бағамдап отырмыз. Сондықтан бұл бүлікте тек Украина ұтты. Ресей өзінің әлсірегенін көрсетіп, украин сарбаздарының жеңіске деген құлшынысын арттырды. Мен мұны арнайы ұйымдастырылған қойылым дегенге сенбеймін, – дейді сарапшы.

Аталған оқиғаны Қазақстандағы заң үстемдігінің дұрыс жұмыс істеуіне берілген сигнал деп те қарастыруға болатындай. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс отырысын өткізуі соны меңзейді. Әрі Ресейдегі қандай да бір шулы оқиға Қазақстанды айналып өтпейтінін көз көріп жүр. Мысалы, мобилизацияның әсерінен тұрғын үй мен жалға берілетін пәтердің бағасы шарықтап кетті. Пәтерден шыққан қымбатшылық азық-түлік пен басқа да салаларға жайылды. Сондықтан болар, Президент тиісті органдарға дағдарыс жағдайындағы ықтимал қатерлерге қарсы әрекет етуге дайын болуды тапсырды.

Жасұлан  НАУРЫЗӘЛІ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: