Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аймақ басшысы: «Жер ресурстарын бақылауды күшейту қажет»

27.06.2023, 15:25 225

Кеше Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында есірткі бизнесіне қарсы күрес және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары талқыланды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық полиция департаментінің бастығы Махсудхан Аблазимов баяндама жасады.

Аймақ басшысы елімізде нашақорлық мәселесі жылдан-жылға күрделенгенін атап өтті.

«Бұл мәселе атүсті, немқұрайды қарауды көтермейді. Мүдделі тараппен бірге нашақорлықты жедел анықтау, тәуелді азаматтарды уақытылы әрі дұрыс есепке алу және жер ресурстарын бақылауды күшейту қажет. Есірткі нарығының синтетикалық және жаңа психоактивті заттармен толығуы алаңдатады. Оны тұтынуға итермелеу, интернет арқылы тарату ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына енгізілсе де, әлі күнге дейін көрсеткіш көңіл көншітпейді. Биылғы жылдың 5 айында облыста есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстық құқық бұзушылық 15 пайызға немесе 61-ден 70-ке дейін көбейген. Бұл жүйелі жұмысты қажет етеді», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Осыған байланысты, облыстық полиция департаментіне есірткі заттары тасымалданатын каналдарды, өткізетін орындарды анықтап, оларды жою жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды. Халықтың нашақорлыққа қарсы иммунитетін қалыптастыру үшін мүдделі салалық құрылымдармен бірге профилактикалық жұмыстарды барынша күшейту керек. Бұл тұрғыда облыстық қоғамдық даму басқармасымен бірлесіп, есірткінің салдары мен тәуелділіктің зардабы туралы БАҚ және әлеуметтік желілерде түрлі роликтер арқылы насихат жұмыстарын жүргізу қажет.

Интернет-платформаларды қылмыстық мақсатта пайдалануды барынша азайту үшін қосымша шаралар қабылдау қажеттігі де ескертілді.Жол қауіпсіздігі күрделі проблема болғандықтан, ол комиссия отырыстарында жиі қозғалады. Өңірде жол-көлік оқиғалары өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда азаймауда. Сондықтан облыстық полиция департаментіне автомобиль жолдарындағы авариялық қауіпті учаскелерді анықтап, кемшіліктерді жою және сол аумақтарды жетілдіру бойынша тиімді ұсыныстар енгізу тапсырылды. Мүдделі органдар қалаішілік және облысаралық бағытта жолаушылар тасымалдаумен шұғылданатындарды қатаң бақылауға алуы тиіс. Жол жүру ережелерін сақтау бойынша рейдтік іс-шараларды тұрақты ұйымдастыру және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізін тексеріп, қауіпті аймақтарда жүргізушілер үшін арнайы құралдар мен жол белгілерін орнату міндеттелді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: