Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Елдік мәселе елдің ортасында талқыланады

22.06.2023, 10:00 269

Ағылшын тілін білу бөлек, сөйлеу мүлде басқа. Кім бұл істе қиналады? Әдетте ағылшын тілінен жазбаша тестті үздікке тапсыратындарға оңайға соқпайды. Олар тілді білемін дегенмен сөйлей алмайды. Тәжірибе аз. Ал теориясы нашар болса да, тәжірибесі бар адам ағылшын тілінде сайрап тұратыны анық. Әкімдік қызмет те дәл солай. Бұрын бұл салаға қатысы жоқ жерде бой көрсетіп, бірден үлкен қаланың әкімі бола қалса, қолына қармақ ұстап көрмеген балықшы құсап дымсыз қайтатыны сөзсіз. Қос ғасырлық тарихы бар өңірдің бір жылдан аса басшысы болып, еңбек етіп келе жатқан Асылбек Шәменов – әкімдіктің «дәмін» татып көрген азамат. Ол бұған дейін Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, басқарма басшысы, Жалағаш ауданының әкімі қызметінде болды. Тек әкімше сөйлеуді емес, әкімнің жұмысын жыға танитыны белгілі. Олай болса, Шәменов ел үшін деп «шырылдап», халықтың есінде қала ма? Бүрсігүні ол облыс орталығының тұрғындарымен кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдады.

Ең алдымен, «Сәулет» тұрғын ауданы №54 мекенжайында орна­ласқан Абай атындағы үш тілде оқыта­тын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектеп алаңында тұрғындармен жүздесті. Қаланың белді мектебінде 4000-нан астам оқушы білім алады. Әрқайсысының ата-ана­сы баласын сабақтан алып қайт­қанда тар жолда көлік кептелісі болады екен. Бұл – тұрғындарды маза­лап отырған мәселе. Бұған қатысты шаһар басшысы мектептің ауласын асфальттап, аялдама салу жоспарда бар екенін жеткізді. Бәлкім, халыққа біржақты бағытта тиімді болса, соны зерделеп көрейік деп ұсыныс та білдірді. Сондай-ақ, Нұрқабаев көшесінің тұрғындары «тоқалдан туған» деп шеттеткендей, «біздің көшеге тротуар мен жарық құрылмады» деп шағымдарын  айтты.

– 1  миллиард 300 мың теңгеге жоба дайындалды. Осыған қаладағы 52 көшеге жарықтандыру жүргізіледі. Бұған Нұрқабаев көшесі де кіреді. Осы жобамызды іске асыру үшін биыл бастауымызға республикалық бюджеттен 100 миллион теңге қаржы бөлінді. Қазір  процедурасы  басталды. Жылдың аяғына дейін қосымша қаржы бөлінеді деп күтілуде. Жалпы, бұл – өтпелі жоба. Тротуардың жайын да қарастырып көрейік, – деді шаһар  басшысы.

Келесі кездесу «Қорқыт ата» шағын ауданының тұрғындарымен жалғасты. Мұнда да мектеп аула­сында жиналған халық мектептің күйін күйттеді. Айтуларынша, қыс мезгілінде жылу аз беріліп, балалар қалың киіммен отыруға мәжбүр екен. Бұл пікірге Б.Ермекбаев атындағы №271 орта мектептің дирек­торы Данабек  Абдраймов бір-екі күн дауыл болып, салқын болғанын ашық айтты. Алайда қыс­тық киіммен отыратындай жағдай болған жоқ және жылуға қатысты қаржы да мәселе болмайтынын қоса кетті. «Ақмаржан» көп­қабатты үйі­нің тұрғыны 1 сәуір күні шатыры ұшып кетіп, үш айда ештеңе жасалмағанын айтты. Жаңбыр жауса су кетіп, халық­тың мазасын алуда. Ауру­ға ауру қосылғандай кешегі жойқын желден тағы да бір жері құлап, төтенше жағдай департаменті қызметкерлерін тұрғындар шақырт­қан. Асылбек Шәменов қаладағы жел аз да болса, шығын әкелгенін жасырмады. Жергілікті кәсіпкер мен құрылысшылардың көмегімен қалып­қа келтіреміз деп мәлімдеді. «Желді тоқтатып», қаланы аралаған әкім бұдан да өзге мәселелерді халық аузынан  естіді.

– Қорқыт ата 9-шы көшеге дейін асфальт жүргізіліп, 10-12-ші көшелерге асфальт жетпей қалды. Халық батпақты кешіп қайтуға мәжбүр. Мектептен балалардың қайтуы қиын. Тіпті, жарық та жоқ. Тас қараңғы. Қаңғыбас иттерден үркіп, үйге аман-есен келсе екен деп уайымдап отырамыз. Сондай-ақ, тұрғындарға кешкі уақытта демалыс орны, мәселен, субұрқақтар неге салмасқа? Дым жоқ. Балалар ойнайтын алаңнан да мақұрым қалған. Сенбесеңіз, кешке келіп көріңіз. Балалар тастарды қо­йып ойнайды. Одан басқа ойнайтын ойындары жоқ. Бұлар біздің болашағымыз ғой, – деді ашынған  тұрғын.

Үшінші кездесу «Мерей» шағын ауданында болды. Мұндағы тұрғындардың жағдайы тым ауыр. Көп­қабатты үйлерге модернизация керектігін ашық айтты. №211 мектеп­те балалары білім алуы үшін ата-аналар жылу беретін құрылғыны тасу­ға мәжбүр. Себебі мектепке күрделі жөндеу жұмыстары қажет. Ескі мектепті жөндеуге директордың мәліметінше 600 миллион теңге кетеді екен. Қала әкімі бұл қомақты қаражатқа одан да жаңа мектеп салынғаны дұрыс шығар деген пікірін білдірді. Міне, тәжірибесі бар маманның сөзі. Енді тірлігі де соған сай болады деп сенеміз. Қайткенмен де, бір мәселені бір тұрғын бүгін айтты, ертең шешілу керек дегенді білдіртпейді. Уақыт пен қаржы керек. Оны жүзеге асыруға ақыл да қажет. Сондай-ақ, бұл мөлтек ауданның тұрғындары ауызсу, аяқсу, жылу, жол, спорттық алаңдарындағы  өткір  мәселелерді  де  жеткізді.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: