Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Президент – әулие емес, халықтан биік тұлға емес – Қасым-Жомарт Тоқаев

17.06.2023, 12:58 329

HALYQLINE.KZ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда не айтты?

1. Алматыдағы Археология институтының қазіргі жағдайы мүшкіл. Мекемені жаңғыртып, оның жұмысына тың серпін беру үшін институтқа барынша жағдай жасау қажет

2. Түркістанды Ясауисіз елестету мүмкін емес. Биыл Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толып отыр. Осы орай «Ясауитану» ғылыми орталығын немесе институтын құру мәселесін ойластыруға болады.

3. «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бай тарихымыздың символы. Осы кесенеге ұлттық мәдени-тарихи ескерткіш мәртебесін беру туралы ұсыныс енгізілген. Мен мұны қолдаймын».

4. Қазақстан тарихының көптомдық жинағын келесі жылдың ортасына дейін әзірлеуді тапсырамын. Содан соң ол ғылыми ортада кеңінен талқылануы керек.

5. Ономастика бұл – ата-бабаларымызға байланысты, я белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы. Онда аймақтардың ерекшелігімен қатар, жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі керек.

6. «Тарихи тұлғалардың атымен аталған ордендер пайда болады. Біз мемлекеттік наградалар жүйесін де осы тәсілмен өзгертуіміз керек».

7. Көптеген мемлекеттің орден-медальдарына көрнекті тұлғалардың есімі берілген. Мысалы, Бейбарыс Сұлтан және басқа да тарихи тұлғалар атындағы орденнің иегері атану кім-кімге де зор мәртебе болар еді.

8. Ауыз су мәселесі– әкімдердің жұмысындағы нағыз олқылық. Оны тез арада түзету керек. Әкімдердің қолынан келмесе, тиісті шешімдерді қабылдаймын.

9. Әділетті Қазақстанды құру министрлер мен әкімдердің ғана міндеті емес. Оған бүкіл қоғам болып жұмылуымыз керек.

10. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді.

11. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі.

12. Оқушылар театрға, мұражайға және тарихи орындарға жиі барып, рухани жағынан дамуы қажет. Мұндай шаруа бүкіл еліміз бойынша тұрақты түрде жүргізілуі қажет.

13. Ел ішінде арзан бедел жинап жүрген алаяқтар аз емес. Олардың бәрі – халықтың санасын улайтын секта өкілдері. Бір қарағанда олар елге жанашыр болып көрінеді. Ал, түптеп келгенде, психологиялық айла-тәсілдермен жұртты адастырады.

14. Ең үздік еңбек адамдарын мемлекеттік деңгейде ұлықтаған жөн. 15. Ақпарат саясатын түбегейлі қайта қарау қажет.

16. Таяуда Үкімет есірткімен күрес жұмыстарын реттейтін арнаулы жоспар қабылдайды.

17. «Мартин Лютер Кинг сияқты менің де көкейімде жүрген бір арман бар, бұл – тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу. Мен мұндай кітапхананы Анкарада көрдім. Оның оқырмандары әлемнің әр түкпірінде басылып шыққан көркем шығармаларды, арнаулы әдебиетті оқи алады. Мұндай кітапхананы елімізде де салуға болады деп ойлаймын».

18. «Мен Мереке Құлкеновтің «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын қайтару туралы ұсынысын қолдаймын. Бұл атақ атына – заты сай, лайықты, туындылары арқылы халық сүйген жазушыларға ғана берілуі керек деп санаймын».

19. Отандық киноның дамуына жаңаша көзқарас, тың серпін керек.

20. Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды. Смартфон баланың қолындағы кітаптың орнын баспауы қажет.

21. Соңғы кезде түсірілген тарихи фильмдердің олқылықтары көп. Сол үшін мамандармен ақылдасып, жалпы кино саласын реформалау керек.

22. Елімізде де жалған ақпарат тарататын басылым-сымақтар бар. Олардың артында нақты қалталы адамдар, тіпті, ықпалды елдер тұр.

23. Шешім қабылдағанда жұрттың ұсыныс-тілектерін, пікірін ескеру қажет. Барлық құзырлы органдар осындай тәсілмен жұмыс істеуге міндетті.

24. Бізге сараптау-талдау қызметін тиімді жүргізетін мықты орталықтар желісі қажет.

25. Шекара шетіндегі кейбір елдімекенде халық саны күрт азайып кетті. Бұған бір кездегі аудандарды біріктіру жөніндегі шешімдер де ықпал етті. Облыстардың ішкі аумақтық-әкімшілік құрылымында ойланатын тұстар бар.

26. «Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы негізгі шешімді қабылдадым. Әрине, бұған арнайы дайындық керек».

27. Алаш рухы Қазақ мемлекетімен бірге мәңгі жасайды. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып, әлемдегі өз орнымызды айқындаймыз.

28. Жасалған реформалардан кейін Қазақстан Президенті мемлекеттік басқарушы, яғни Конституцияда көрсетілген 7 жылдық мерзімге халықпен өзара келісімшартқа отыратын менеджер ретінде қызмет етеді. Президент – әулие емес, халықтан биік тұлға емес.

Берік Бейсенұлы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: