ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2022-2023 жылғы оқу жылының аяқталуы және каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтылуын ұйымдастыру мәселесі қаралды.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев биыл оқу жылын 3,7 млн-нан астам оқушы аяқтайтынын айтты. Атап айтқанда, 11-сыныпты 172 мың түлек бітіреді, оның ішінде «Алтын белгіге» үміткерлер саны – 6,8 мың түлек. Қорытынды емтихандар 9-сынып үшін 4 пән бойынша 2-13 маусым аралығында, ал 11-сынып үшін 5-19 маусым аралығында 5 пән бойынша өтеді.
Жазғы демалыспен және сауықтыру шараларымен 1-10 сынып оқушыларының 85%-дан астамы, яғни әлеуметтік осал санаттағы 500 мыңға жуық баланы қоса алғанда, шамамен 2,8 млн бала қамтылады деп жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жазғы лагерьлерде алдағы маусымға дайындық бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Жалпы 218 қала сыртындағы және 10 мыңнан астам мектеп жанындағы бейінді және шатыр лагерьлер өз есігін айқара ашады.
Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың айтуынша, жазғы демалыс аясында балалар үшін мәдениет саласы бойынша 500-ден астам, спорт және туризм саласы бойынша 300-ден астам іс-шара ұйымдастырылмақ. Атап айтқанда, бұл – мұражайлар мен киелі орындарға тегін экскурсиялар, кітапханаларды аралатып, спектакль көрсету, түрлі фестивальдар мен байқаулар ұйымдастыру.
Бұдан басқа республиканың барлық өңірінде балаларға бағытталған туристік өнімдер желісі кеңейтілетін болады. Сонымен қатар Kids Go Free отбасылық туризм бағдарламасын іске асыру жалғасады, оның аясында туристік пакет ішінде балалардың ұшақ билеттерінің құны субсидияланады. Бірінші жылдың қорытындысы бойынша бұл қызметті 1,5 мың бала пайдаланды – 700-ге жуық отбасы 70 млн теңге үнемдеді. Биыл 2 мыңнан астам бала осы бағдарламамен қамтылады деп күтілуде.
Балаларды сауықтыру және демалыс орындарында санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау жөніндегі шаралар туралы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният баяндама жасады. Өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев және Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы айтып берді.
Премьер-Министрдің айтуынша, мемлекет инфрақұрылымды дамыту, білім сапасын көтеру, тәрбие жұмысын күшейту, балаларды қосымша біліммен қамту бағытында жүйелі түрде тиісті жұмыстарды жүргізуде.
«Бірнеше күннен кейін кезекті оқу жылы аяқталып, балалар жазғы демалысқа шығады. Оны пайдалы әрі қызықты өткізгісі келеді. Сондықтан біз бала денсаулығын нығайтуға, білімдерін толықтырып, жақсы демалуына жағдай жасауымыз керек», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, балалардың спорт секцияларына және шығармашылық үйірмелерге тегін баруына мүмкіндік беру үшін жергілікті бюджеттен 93 млрд теңге бөлінді. Оқушыларға арналған 50 сауықтыру лагерін, 100 инновациялық шығармашылық орталығын салу бойынша жұмыстар басталып кетті. Бұл нысандардың құрылысы 2026 жылы аяқталуы қажет.
Сонымен қатар Премьер-Министрдің айтуынша, өңірлерде балалардың жазғы демалысы мен бос уақыттарын тиімді өткізу ісі көп жағдайда формалды түрде ұйымдастырылады.
«Әсерлі, мағыналы іс-шаралар аз. Көбіне сапасы сын көтермейді. Ауыл балаларына да қажетті деңгейде көңіл бөлінбейді», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру кезінде көптеген маңызды мәселелерді ескеру қажеттігін айтты. Әсіресе, балаларға арналған бұқаралық іс-шаралар, соның ішінде қорытынды емтихандар бекітілген кестеге сәйкес сапалы өтуі тиіс.
«Жазғы демалыста балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуы керек. Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау министрліктері, өңір әкімдері тиісті қызметтердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуі қажет», — деді Үкімет басшысы.
Осы орайда әкімдер жаз айларында оқу орындарындағы қауіпсіздік жүйелерін жаңғыртып, жабдықтау жұмыстарын күшейтуі тиіс.
Премьер-Министр өңір әкімдіктеріне әлеуметтік осал топтағы балалардың жазғы демалысын ұйымдастырып, оларды сауықтыру шараларымен барынша қамтуды тапсырды.
«Ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізу ерекше назарда болуы керек. Олар үшін спорт алаңдары мен даму орталықтарын жабдықтап, ойын-сауық, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы шалғай елді мекендерде балалардың денсаулығына скрининг жасау, стоматологиялық тексеру жүргізу үшін жылжымалы медициналық пункттердің жұмысын ұйымдастыру керектігін айтты. Одан бөлек қоғамдық орындарда балалардың тамақтану сапасын бақылау, тамақтану және ойын-сауық орталықтарындағы санитариялық жағдайды қамтамасыз ету маңызды екені айтылды.
Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов ішкі туризмді дамыту шеңберінде экскурсиялық-танымдық іс-шараларды ұйымдастырып, балалардың табиғат аясына саяхаттарын көбейтіп, каникул кезінде оқушылардың музейлерге, театрларға, қорықтарға, ұлттық парктер мен спорттық объектілерге тегін баруларын қамтамасыз етуді тапсырды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!