Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Халықтың сенімі алтыннан да қымбат

25.05.2023, 11:00 486

1981 жыл. «Жуырда пайдалануға берілген ауылдық мәдениет үйіне Жанділдә Баймұратов есімді азамат директор болып тағайындалыпты. Отбасында қарт әкесі, келіншегі, бірнеше перзенті бар екен»  деген  хабар сол тұста Қазақстанның 40 жылдығы атындағы кеңшар аталатын (қазіргі Жанқожа батыр ауылы) ауылымыздың ішінде  желдей  есті. Бұған  ауыл  тұрғын­дары екіұдай сезіммен қарады. Олай болатын реті де бар. Сол тұста Жанділдә Баймұратовтың  аты дүркіреп тұрған еді. Соның алдында ғана Қазалы қаласындағы аудандық мәдениет үйінің әдістемелік кабинетінде аға әдіскер болып қызмет жасайтын Жанділдәнің үздік жұмысы туралы арнайы плакат шығарылып, әдістемелік кабинет сыйақыға 3 мың сом (Кеңес үкіметінің кезіндегі құнды ақшаның өлшемімен өте қомақты қаржы. – авт.) иеленгенін, өзінің ұжым арасында беделді екендігін, Қазалы қаласынан жеке үйінің құрылысын бас­тап жатқандығынан хабардар болатынбыз. «Осындай қызметін, салып жатқан үйін тастап ауылға келгені қалай?!» деп таңданғандар да, «ауыл жастарының тентектігіне шыдай алса…» деп күмәнданғандар да кездесті. Күдігіміз  расталмады.  Күзгі-көктемгі жауын-шашында ми балшыққа айналатын көшедегі 6 пәтерлік үйдің аядай бір бөлмесінде үлкен отбасымен тұратын Жанділдә жұмысына білек сыбана кірісті. Оны айтасыз, ауыл жастарының басын құрап, драма үйірмесінің жұмысын жандандырды. Жылдар өте Жанділдә құрған сол драма үйірмесі «Халық театры» деген жоғары атаққа қол жеткізді. Ауыл жастарынан жасақталған көркемөнерпаздар үйірмесі аудандық байқауда бас жүлде иемденді. Қазіргі таңда Жанділдә ағамыз – Жанқожа  батыр  ауылындағы  көпке  сыйлы  ел ағаларының  бірі.

– Қаладағы жайлы қызметімді, салып жатқан құрылысымды тастап, қиыншылығы мол ауылға келгеніме өкінген сәттерім де болды. Бірақ қалаға қайта бару­ға намысым жібермеді. Өзіме білдірген сенімді ақтауға тырыстым. Жаман болғаным жоқ. Ұзақ жыл еңбек етіп, абыроймен зейнеткерлікке  шықтым, – дейді  Жанділдә Баймұратов  ағамыз.

Ал, қазір ше? Атын атап, түсін түстеудің қажеті бола қоймас. Десе де, аудан орталығынан ауылға қатынайтын мекеме басшылары бар екендігін кімнен жасырамыз?

Енді мына жайтқа көңіл бөлсек. Бір­неше жыл бұрын Мұхтар Оразбаев Қазалы ауданының әкімі қызметіне тағайындалды. Көп ұзамай Әуесұлы отбасымен бірге Қаза­лы ауданына көшіп келді. Жұбайы аудандық оқушылар үйіне жұмысқа тұрды. Кішкентай қызы кент орталығындағы бала­бақшаға барды. Алла қаласа, биыл мектеп табалдырығын аттамақшы. «Халық­тың сенімі алтыннан да қымбат» деп  бекер  айтылмаса  керек.

Өкінішке қарай, Қазалыдағы ауыл әкімдері, мектеп директорлары, мәдениет, спорт өзге де сала басшылары арасында қаты­нап жұмыс істейтіндер әлі де бар. Жуырда бұл мәселені облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Қазалы ауданына жасаған іссапары барысында «Иә, қызметтеріңді жасап, отбасыларыңмен көшіп барыңдар, болмаса қызметті босатыңдар» деп қадап айтқанынан көпшілік хабардар. Бұл түйін­ді түйткіл қазіргі таңда Қазалы ауданы әкімдігі мен Қазалы аудандық мәслихатының тікелей бақылауында тұр. Осы ретте көңілге кірбің салған жайтты да бүгіп қалмасақ. Аталмыш  мәселенің ел арасында айтылып жүргеніне біршама уақыт өтті. Бір сәт  қолдағы  дерекке  көз  жүгіртейікші.

Қазалы аудандық мәслихатының кезектен тыс ХХХХVІІ сессиясында жасаған өзінің баяндамасында сол кездегі аудан әкімінің «Кейбір округ әкімдері мен мектеп директорлары аудан орталығынан қатынап жұмыс істеп жүрген фактілер бар. Қатынап істеуге қатаң тыйым салынады. Сол елдің тыныс-тіршілігімен қоян-қолтық араласпаған адам қалай басшы болады? Бұл мәселені де бір ай мерзімде шешетін боламыз. Жұмысқа қатынап істейтін лауазым иесінің орнына жұмысты адал әрі сол елге көшіп барып, жұмыс істейтін адамдар отыратын  болады» дегені оқырманның есінде.

Сонан бері әлденеше мәрте аудан әкімі өзгерді. Алайда, аздап сең қозғалғандай көрінгенімен, әлі күнге толық шешімін тап­қан жоқ. Басшының «көшіп келдім» деп бір-жар көрпе-жастығын әкеліп көз алдамай, отбасымен елдің ортасында болып, балалары сол ауыл мектебінде білім алып, өзі отбасымен елдің той-томалағына, тыныс-тіршілігіне араласуы көпшіліктің көңілінен шығары хақ. Бәлкім, көшіп баруға қызметтік тұрғын үй тапшылығы қолбайлау болар. Соған орай бұл мәселені де тереңірек зерделеген жөн тәрізді. Мүмкін жергілікті кадрларды дайындаған да тиімді  шығар…

Осы орайда, «Қазақстан Республика­сының  мемлекеттік қызметі туралы» Заңының  37-бабындағы «Мемлекеттік қызмет­шілерді мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету олардың бiлiктiлiгi, құзыреттері, қабілетi, сiңiрген еңбегi және өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн адал орындауы ескеріліп жүзеге асырылады. Мемлекеттік органда мемлекеттік қызмет бабында ілгерілеу мемлекеттік органның штат кес­тесінде  көзделген жоғары тұрған мемлекет­тік лауазымдарға сатылап көтеріліп орналасуды  көздейді» деген сөйлемдер көңілге алуан  ой  салғандай.

Сондай-ақ, Қазалы қаласынан аудан орталығы Әйтеке би кентіне қатынай­тын­дардың, қызметтік көлікпен жүрген лауа­зым иелерінің бары ешкімге құпия емес. Олардың күнделікті таңертең, түсте, кешкі­лік әрі-бері келіп-қайтуына үкімет тарапынан жанар-жағармай жұмсалатыны тағы рас. Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласынының арасы қосылады дегелі де біршама  уақыт  өткенімен, әзірше жүзеге аса қойған жоқ. Қосылған уақытта көре жатармыз. Ал, оған дейін… «Тура биде туған жоқ». Талап  баршаға  ортақ  екендігін  ұмытпайық.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: