Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еңбегің сіңді еліңе

18.05.2023, 9:40 269

Тумасынан тұлғасы бөлек, тәлімі ерек, пейілі дарқан, парасат-пайымының кемелдігімен, құшағының кеңдігіне бәрін бірдей сыйғызатын жандар болады. Сондай бауырмал, ақжарқын, ақкөңіл азаматтың бірі Нағымадин Дәрібаев еді.   Ол Қазақстан Республикасы энергетикасының қайраткері, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы энергетика саласының және Қазақстан энергетиктері Ассоциациясының Құрметті энергетигі,  Сыр бойы байтағына белгілі азамат болды.

Осындай  өз  мамандығына адал беріліп, Сыр елінің  өсіп-өркендеуіне  өзіндік үлесін қоса білген, әрдайым  еңбек  адамына құрметпен  қараған  Нағымадин  Көшербайұлы  2015 жылдың 3 сәуірінде келместің кемесіне мініп, мәңгілік  мекеніне  аттанды.

Иә,  өмір  өз  ағынымен  өте  береді. Енді  биылғы 2023 жылдың  19 мамырында Нағымадин  Көшербайұлы  топырақ  жасымен 75  жасқа  толады  екен. Сол туған күні қарсаңында отбасы, ағайын-туғаны рухына құран бағыштап, еске алуды парыз санап отыр. Біз бүгін арда азаматтың адами болмысы мен қоғамдық қызметі туралы курстас әрі қызметтес досы Мейрамбай Ахметовтің естелігін  жариялағанды  жөн  көрдік.

Қоғам – адамзат дамуының белгілі бір тарихи кезеңінде құрылатын, өзін-өзі басқарып, үнемі жетілдіріп отыратын, тұрақты әрі біртұтас қалыптасқан және әлеуметтенген адамдардың рухани, саяси қауымдастығы десек, сол қоғамға сіңген, атап айтуға тұратын адамдары болады. Сондай жандардың бірі энергетика саласында қолтаңбасы қалған, жалпы Сыр елінің қоғамдық өміріне белсене араласқан өңіріміздің бір зия­лысы Нағымадин Дәрібаев еді. Орыстың ұлы жазушысы Ф.Достоевский зиялыларды «табаны жерге тиіп тұрғандар мен тимей тұрғандар» деп екіге бөледі. Соның біріншісіне Нәкең жататын еді. Себебі, Нағымадинде ұлттың ділі бар еді. Ол ұлттық рухқа арқа сүйеген, елжанды азамат биігіне көте­рілген тұлға болып қалыптасқан. Мұстафа Шоқайдың: «Ұлт зиялысы өзін қоғамнан, ұлттан тыс сезінбейтін адам» деген ұлағатты сөзін осы Нағымадин Көшербайұлына да арнау­ға болады. Нәкеңде жақсылардан үйренген, өмірдің өзінен сабақ алған мәдениеттілік, имандылық, интеллектуалдық қасиет бар еді. Ол өмірге, айналадағы құбылыс­тарға бейжай қарамайтын, жеке басының өнегесі  арқылы  өзгелерге  ықпал  ететін.

Мен Нәкеңді сонау жастық шағымыздан бастап  жақсы  білемін. Қазақтың ауыл­шаруа­шылығы институтының электрлендіру факуль­тетінде бірге оқып, тамамдадық. Ол инс­титут қабырғасында жүргенде-ақ қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Қабілетті еді. Өзі де көп ізденіп, техникалық кітаптарды көп оқитын, тез түсінетін. Ол кездегі жоғары оқу орнында сабақ орысша жүретін. Қажетті оқулықтар мен методикалық құралдарды  біз  түгелдей  орыс  тілінде  оқыдық.

1971 жылы Қызылорда электр жүйесі басқармасының қалалық бөліміне инженер болып жұмысқа қатар қабылданып, содан ұзақ жыл бірге қызмет атқардық. Ол кезде 35/10 (жоғары вольтті) қосалқы стансалар Қызылорда қаласында бесеу-ақ болатын, қазір  он  беске  жетті.

Біздің үлкен өмірге аттаған қадамымыз Сыр елін электр қуатымен жабдықтаудағы іргелі істермен қатар келді. 1971 жылы Қызыл­орда облысы орталық энергия жүйе­сіне қосылды. Әрине, бәрі бір мезгілде бола қойған жоқ. Орталық энергетика жүйесіне Жаңақорған, Шиелі аудандары 1972 жылы, Арал ауданы 1975 жылы қосылды. Бұған дейін қаланы, аудан орталықтарын қуат көзімен жабдықтап келген шағын электр пойыздары  болды.

Жоба-жоспарлардың жүзеге асуы сол істің басы-қасында жүретіндерге байланыс­ты. Бұл ыңғайда ұйымдастырушылық қабілет, істің көзін таба білумен бірге азаматтық  өре  де  керек. Нәкеңнің  басшылығымен облыс аудандарының шалғай жатқан ауылдары тұрақты әрі сапалы электр қуатымен жабдықталды. Осынау игілікті іске көп азаматтың  еңбегі сіңді, ал мен Нәкеңнің алғыр­лығын  айрықша  атап  айтқым  келеді.

Қазалы, Арал аудандары тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз ету жайын шешу үшін су жүйесін жүргізу қажет болды да, «Бердікөл – Қосаман» скважинасына  электр желісі тартылды. Аралдың шалғай жатқан Жіңішкеқұм, Атанши елді мекендері 1988 жылы, Құланды, Ақбасты ауыл­дары 1991 жылы электр қуатымен қамтамасыз етілді. Осы жұмыс облыстың барлық ауданында да жүрді. Мысал үшін айтсам, сол жылдары Жаңақорған ауданының оңтүстік облыспен шекаралас Қандөз, Қаратөбе, Келінтөбе елді мекендері үзіліссіз берілетін электр  қуатын  алатын  болды.

Халық шаруашылығының белгілі бір саласының дамуы басқа салаларға да оң әсерін тигізіп, мемлекеттің экономикасын дамытып, адамдардың әлеуметтік жағ­дайын көтеріп отырады. Содан да өндіріс пен шаруа­шылық, білім мен ғылым, өнер мен мәдениет жаңа белеске көтеріледі. Осындай игі істің басы-қасында жүрген, күн-түн демей еңбек етіп, тіпті бар  саналы өмірін соған арнаған  адамдарды  қалай  құрмет­темейміз?!

Осынау  естелікте  қысқартып  жазғаным – оңайлықпен біткен жұмыс емес. Көп қажыр-қайратты талап етті. «Әрбір қиындық маған одан да күшті тәуекел сыйлайды» деген Леонардо да Винчи. Нәкең және оның қатарластары сол қиындықтарды жеңе білді. Осы жолда өздері де өсті. Нәкеңнің білгірлігі мен іскерлігі Қызылорда облыстық электр жүйесі басқармасының өндірістік-техникалық, құрылыс бөлімдерінің басшысы, бас инженер, директор қызметінде айқын көрінді. Ол кісі өзі жақсы білетін кәсіби қызметімен қатар әр кездері кәсіподақ комитетінің төрағасы, бастауыш партия ұйымының хатшысы жұмыстарын да атқарды. Бұл Нәкеңнің жан-жақтылығын, көкжиегі кеңдігін  танытады.

1991 жылы Кеңестер Одағы тарап, рес­публикалар тәуелсіздігін алғаннан кейін бұрынғы біртұтас экономикалық байланыс үзілді.  КСРО-ның орталық электр жүйе­сі таратылды. Қоғам өзгергесін, қоғамдық қатынас  та  өзгерді. Енді  Қазақстанның  электр жүйесін құру керек болды. Осы жұмыс­тарға сала басшысы, маман ретінде Нәкең өзін-өзі аямай араласты. Электр қуатын өндіру, оны аймақтарға жеткізіп беру, тарату сияқ­ты ірге­лі істермен қатар қуатты сату тетіктері, басқару жүйесінде айтарлықтай өзгеріс­тер болды. Бұрын құрылымы болғанымен жаңа істі бастау оңайға түспеді, оның үстіне бұл тоқыраудан кейінгі кезең еді. Алғашқы кезде жарық жиі сөнетін, энергия қуатының жетіспеуіне байланысты қаланың бөліктері, ауылдар кезек-кезек желіден ағытылатын. Осы қиыншылықты жою жолында аянбай еңбектендік.

Нарықтық экономика кезінде электр қуатын сату, жалпы осы жүйе қалай жұмыс істеуі керек? Осының мың түрлі мәселесін шешу оңайға соққан жоқ. Өндірістің өндірген тауары мен оған кететін шығынның, адамдардың қажеттілігі мен тұрмысының арасында көп айырмашылық болды. Нарық­тық қатынасты көп адам қабылдай алмады. Кешегі социалистік жүйеге үйренген, «бәрін де үкімет жасауға тиіс» деп түсінетіндер жарықтың болмай қалуын өте қиын қабылдады. Түсіндіру жұмыстарына қоса, қаншама мәселе көтерілді. Бұл жауап­ты қызметкерлердің жүйкесіне аз салмақ түсірген жоқ. Осынау қырық қатпарлы жұмыстың нәтижесінде Қызылорда энергия жүйесі компаниясы бүкіл жұмысты жолға қойып, жарықты шектеу деген ұғымды өткен ғасырдың соңғы белдеуіне қалдырып кетті.

Әрине, өмір өзгеріссіз болмайды, сондай-ақ үнемі дамып, жаңарып, жаңғырып отыруы да керек. Қоғамның, сондай-ақ адамдардың материалдық және рухани қажет­тілігі артқан сайын талап та күшейе береді. 2011 жылы «Қызылорда облысының аудан орталықтарын электрмен жабдықтау жүйесін дамыту» жобасы бойынша Жаңақорған, Шиелі, Әйтеке би кенттерінде жаңа электр желілері жүргізілді. Сондай-ақ Қызылорда қаласын кернеулігі 10/0,4 кВ электрмен қамту жүйесі іске асты. Қызыл­орда облысын энергиямен қамту саласында істелетін жұмыс жоспары бойынша 2014 жылдан  бастап  Арал  қаласы  мен  Жаңа Қазалы  кентінде қосалқы стансалар жаңғыртылды. Қызылорда қаласындағы  «Өндіріс»  индустриалды аумақты  электрлендіруге  рес­публикалық  бюджеттен  және  ұлттық  қордан  1 530 007  мың  теңге  бөлінді.

2015 жылы Қызылорда облысын электр энергиясымен қамтамасыз ету бойынша рес­публикалық, облыстық бюджеттен және ұлттық  қордан  2 548,1 млн теңге  қаржы  бөлінді.

Аймақтағы шешімін таппаған басты мәселелердің бірі энергетикалық тәуелділік еді. Қажетті электр қуатының 60 пайызын облыстан тыс жерлерден жеткізетінбіз. Осы жайды шешу және адамдардың қажеттілігін қамтамасыз  ету мақсатында көп жұмыс жүргізілді. Жылу-электр орталығын кеңейту, қайта  жаңғырту жобасы дайындалды. Бұл өз кезегінде қаланы жылумен бірге облысты электр энергиясымен қамтамасыз етудің  негізі  болды.

Энергетика саласының тиімділігін арттыру  үшін  Энергия консорциумы құрылды. Қызылорда электр тарату тораптары компаниясының қаржылық-экономикалық жағдайын жақсарту үшін де қыруар жұмыс атқарылды. Өтпелі кезеңдегі қиындықтан кейін қуат көзіне зәрулік бірте-бірте қалпына келтіріліп, «Қазақстан электр энергиясының 2015 жылға дейін даму бағдарламасы» бүгінгі  күннің  мәселесін  толық  шешті.

Мейрамбай  АХМЕТОВ,

курстас,  қызметтес  болған  досы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: