Ауылды көркейтемін деп жүрген депутат Жигули Дайрабаевтың басы дауға қалғанына біраз болды. Халық оны темекі шекпейтін, арақ ішпейтін, жастармен иық тіресе сынға түсетін адам ретінде таниды. Енді саясаткерден бөлек, екі ұлы да жұрт аузында жүр. Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалық есімді ұлдары қомақты қаржы жымқырды деген күдікке ілінді. Ұлдарымен бірге, «Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ басшысының өсімдік шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары болған Ерлан Күлкеев, сондай-ақ кәсіпкер Елжан Елібай да бар. Оларға ҚР ҚК 189-бабы, 4-бөлімі, 2-тармағы және 190-бабы, 4-бөлімі, 2-тармағы бойынша қылмыстық іс Тараз қаласының №2 сотында 19 қыркүйекте басталған. Желіде желдей ескен ақпарат саясаткердің шамына тиді. Десе де, ұлдарының ақ екенін алға тартып, «ат төбеліндей адамның талабы үшін мандатымды тапсырмаймын» деп мінберде сөйледі. Депутаттың қалтасы көтермеді ме, бұл жолы заң бәріне ортақ болыпты.
– Сыбайластар субсидиялау қағидаларын бұза отырып, сатып алынған «Альбион» құлпынай көшеттері үшін мемлекеттік субсидиялау алған. Олардың бір бөлігі алаяқтық жолмен ұрланып, жеке қажеттіліктеріне жұмсалған. Осылайша, мемлекетке 550 849 430 теңге көлемінде залал келтірілген, – деді Тараз қаласы №2 сотының баспасөз қызметі.
Тәбетін тыя алмағандарға жаза қандай болады? Пайдасын ойлаған әлгі төртеудің ісі нақты айғақтармен дәлелденген. Яғни экс-шенеунік 6 жылға, іске қатысы бар кәсіпкер 5 жылға, ал депутаттың балаларының мүлкі тәркіленіп, 5 жылға шартты мерзімге сотталды. «Жигули Дайрабаевтың ұлдарына жаза неге жеңіл?» деген сауал туындаса, сот былай жауап қатыпты. Өйткені екеуі бұрын істі болмаған және кішкентай балалары бары ескерілген екен. Алайда ешқайсысы қылмысын мойындамаған. Егер мойындаса, тағы да жаза жеңілдетілуі мүмкін еді. Дегенмен, жілік сындырып жүрген Жигулидың халық алдындағы имиджін екі ұлы «сындырғаны» сөзсіз. Бірақ депутат-әке тақтан кетер ойы жоқ. Оны жібермейтін де секілді.
– Дайрабаевқа келер болсақ, оның депутаттығына яки тікелей өзіне қатысты заңды мәселе туындап тұрған жоқ қой!? Балаларына қатысты мәселе. Сондықтан, ел аузында жүрген депутаттардың балалары, туыстары ашық кеңістікте. Барлығын микроскоппен қарап отырады. Сондықтан әрбір шалт басқан қадамы жария болады, – деді мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.
Сондай-ақ, егер заңбұзушылық мәжілісменнің тарапынан болса, бірінші кезекте «Ауыл» партиясы өз шешімін қабылдау керектігін айтып қана қоймай, репутациясына еш зияны келмейтінін жеткізді. «Бұл – Қазақстан» деген сарказм сөз бар ғой. Шыны керек, халық алдында жүрген саясаткер, әнші, танымал тұлғаның іс-әрекеті мен айтқан сөзі біздің елде уақыт өте келе ұмытылып кетеді. Көп болса, құр кешіріммен аяқталады. Жалпы, ТМД елдерінің бәрінде де осы үрдіс болып қалыптасқан. Негізінде танымал тұлға сөзі мен ісіне сақ болуы керек. Егер менмендік танытып, есерсоқтыққа барса, сол үшін қатаң жазалануы тиіс. Қиыр шығыстағы корей мемлекетінде танымал адамның бір қателігі көп уақытта кешірілмей, сахнадан кетуге мәжбүр болады. Мәселен, ішімдікке тойып алып көлік тізгіндесе, тыйым салынған заттарды қолданса, расизмдік т.т. көзқараста әдепсіз сөйлесе, заң аясындағы жазадан бөлек, сүйікті ісінен де бас тартуына мәжбүр. Жигули Дайрабаевтың екі ұлының қылмыстық ісінен басқа, жамбылдықтардың жайылымдық жерін тартып алды деген дау-жанжалы да барын еске сала кетейік.
Баласының іс-әрекетінен депутаттың имиджіне нұқсан келетін жағдайлар жетерлік. Соның бірі 2019 жылы Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Игорь Лебедевтің қызы жол ережесін бұзып, полиция қызметкеріне шабуыл жасағаны үшін ұсталған. Бұл қоғамда резонанс туғызды. Дәл осындай оқиға РФ Мемлекеттік Думасының депутаты Владимир Бурматовтың қызына да қатысты. Ол жол-көлік оқиғасы кезінде адамды өлтірген. Бұл оқиға саясаткердің беделіне айтарлықтай нұқсан келтіріп, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен талқыланды. Екі жағдайда да депутаттар балаларының әрекеті үшін жауап беруге мәжбүр болып, саяси мансаптарына кері әсерін берді. Дей тұрғанымен, ұл-қыздарының қисынсыз іс-әрекетінен кейін депутаттардың бәрі бірдей қызметінен кете бермейді. Көрші Ресейді тағы әурелесек. РФ Мемлекеттік Думасының депутаты Сергей Железняктың қызы жазатайым оқиғада адам өлтіргені үшін ұсталды, бірақ ол парламентте жұмысын жалғастырды. Жигули Дайрабаевтың тақтан кететін ойы жоқ. «Елге пайдам көп тиеді» дейді ол. Әзірге ұлдары елге тек шығын әкелді. Ал, әкесінің қаншалықты пайда әкелетінін уақыт көрсетер.
Азамат АБИМОЛДА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!