«AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров әлеуметтік желіде дау тудырған қалалық Мәслихат депутаты А.Башинскаяның ісіне қатысты Facebook парақшасында мәлімдеме жасады.
«Қадірлі әлеумет! А.Башинскаяның бұл пікірі партияның көзқарасын білдірмейді. «AMANAT» партиясы өзге елдердің саясатына араласпайды.
А.Башинская абайсызда қателікпен жазылған пікірі үшін өз тарапынан кешірім сұрады. Дегенмен, айтылған сөздің ауыртпалығы мен оның саяси астарын ескере отырып, бұл мәселені партия бей-жай қалдырмайды.
Мәселені тез арада партияның тиісті құрылымдарында қарастыратын боламыз.
Әрбір жергілікті мәслихат депутаты өзі тұрып жатқан мемлекеттің мүддесін басты орынға қоюы тиіс»,-деп жазды Станислав Канкуров.
Айта кетейік, осыған дейін Алматы қалалық Мәслихатының депутаты Анна Башинская Украина Президенті Владимир Зеленскийдің «Deutsche Welle» басылымына берген сұхбатында Қырымды қайтару туралы мәлімдемесіне «Зеленский мырза, Қырымнан көрі Түркия дұрыс, ол жақтың ауа райы қолайлы», деген мағынада пікір білдірді.
Осы мәлімдемеден кейін қазақтілді аудитория Анна Башинскаяның әрекетін сынаған. Тіпті Башинскийларға қатысты ТОО ЛЭУ фирмасының 6.4 млрд тендерді қалай ұтып алғандығы жөнінде сұрақ туындады. Оған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі әзірге еш жауап жазбады.
Кейінірек депутат осы пікірі үшін қазақстандықтардан кешірім сұрады
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!