Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еліне елеулі азамат

27.04.2023, 17:15 446

HALYQLINE.KZ Бүгін сексеннің сеңгіріне шыққан қарттарымыз кезінде еңбегімен елге танылған, өздерінің жеке басының қасиеттерімен халқын тәнті еткен, еңбек еткен ортасында абыройлы болған замандастар еді. Солардың көпшілігі бүгінгі күні қатарымызда жоқ. Олардың басым көпшілігі кезінде, көзінің тірісінде еленбей, ескерілмей дүниеден өтіп кетті. Осыны ескере отырып, аудандық ардагерлер кеңесі соңғы жылдары қолдағы мүмкіншілікті пайдалана отырып, жасы сексенге толған қартарымызды халықтың алдына шығарып, еліне еткен еңбегі үшін алғысымызды айтып, сый-сияпат көрсетуді мақсат етіп қойып отырмыз. Әсіресе, ұжым басқарған басшылар, ауыл шаруашылығы өндірісінің білгірлері, мол өнім алуда жаңа технология мен өндіріс әдістерін пайдалана отырып мол өнім өндірудің ұйымдастырушысы болған мамандардың еңбегін елге таныту – ғибратты іс деп білемін. Осындай мақсатпен аудандағы Еңбек ауылынан шыққан ауданның бірнеше шаруашылығында бас агроном болған Тоқтар Ағатаевтың, Мырзабай Ахун ауылынан шаруашылықтарда бас маман, партком хатшысы, жұмысшылар комитетінің төрағасы болған Амангелді Аруновтың мерейлі 80 жасқа толған атаулы күнін атап өтуді ұйымдастырған болатынбыз. Осындай азаматтардың қатарында сыртта жүрсе де жүрегі ел деп соққан, кезінде шаруашылықтарда бас маман, шаруашылық басшысы болған, аудандық мекемелерді басқарған еліне еңбегімен елеулі болған азаматтардың бірі – Тұрмағамбет Асанов та мамыр айында өмірінің айтулы белесі 80 жасқа толғалы отыр.

Тұрмағамбет Асанов еліміздің тарихында Ұлы Отан соғысы деп аталып қалған 1941-1945 жылғы соғыс жылдарында дүниеге келген. Жалпы осы қырғын соғыстың алдында, сол соғыс жылдарында дүниеге келген ұрпақтың тағдыры бір-біріне ұқсас болып келеді. Олардың сәбилік шағы соғыс жылдарында өтсе, балалық дәуірі соғыстан кейінгі оның зардабын жойып, елдің шаруашылығын қалпына келтіруге арналған қиын-қыстау кезеңмен тұстас келді. Олар кезінде тойып тамақ ішпеді, жамаусыз киім кимеді. Бұғанасы қатпай жатып еңбекке араласып, өмірдегі қиындықтарды көріп өсті. Заманындағы таршылық пен қиыншылықтар  оларды ерте есейтті. Білім алуға құштар етті. Қинала жүріп мектеп бітіріп, жоғары білім алуға ұмтылды. Осындай еліміздің тарихының тар заманында дүниеге келіп, оның барша қиыншылығы мен тауқыметін тартып өскендердің бірі осы Тұрмағамбет Асанов.

Тұрмағамбет Асанов 1943 жылы ауданымыздың Еңбек ауылында дүниеге келген. Ауылындағы орта мектепті 1959 жылы бітірген. Мектеп бітірген бойда Сол кезде Еңбек колхозы деп аталған ұжымдық шаруашылықта механизатор болып еңбек жолын бастайды. Заманының талабына сай мектептен кейін екі жыл өндірісте жұмыс істеп, 1961 жылы Алматы қаласындағы Қазақтың акыл шаруашылығы институтының ауыл шаруашылығын механикаландыру факультетіне оқуға түсіп, оны қызыл дипломмен бітіріп, ауыл шаруашылы өндірісін механикаландыру инженер-механигі мамандығын алып шығады.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін ауданымызда жоғары білімді  инженер-механиктер жоқтың қасы болатын. Машина, тракторлар мен ауыл шаруашылығы техникаларын пайдалануға негізінен қатардағы практик механизаторлар, орта арнаулы білімі бар техник-механиктер басшылық жасайтын. Олар осындай біліммен инженерлік лауазымды қызмет істеп жүрген Алдаберген Бисенов, Орынбай Сарманов, Нұрмахан Ақтайлақов, Әшім Желдербаев, Камал Назарқұлов, Ким Виктор, Пак Инокентий, Ан Слава, Сағынбай Құланбаев, Сұлтанбек Алдабергенов, Шамшат Тайбасаров, Ақмахан Әбенов  сияқты азаматтар еді.

Олардың ішінен жастар жағы заман талабына сай кейінірек 70-80 жылдары сырттай оқып, жоғарғы білім алды. Ал, оған дейін жоғарғы білімді инженер-механиктер 60 жылдардың ортасына таман институт бітіріп келе бастады. Олардың алдыңғы легінде институт бітіргендер Ахметхан Әбішев Ақарық шаруашылығында, Тыныштықбай Ахметов сол кездегі «40-жылдық Қазақстан» колхозында бас инженер – механик болып қызмет атқара бастады. Тұрмағамбет те солардың қатарында 1966 жылы Қазақтың ауыл шаруашылығы институтын бітіріп елге келді. Өзінің жоғарғы білімді инженер дәрежесіндегі еңбек жолын ауданымыздың ірі шаруашылықтарының бірі Жаңаталап кеңшарында бас инженер болып бастады. Бұл қызметті шаруашылықта бас инженер болып қызмет атқарып, кейін сол шаруашылыққа директор болып, директорлық қызметте жүріп Социалистік Еңбек Ері атанған Алдаберген Бисенов ағамыздан қабылдаған еді. 

Жас маман қызметке шұғыл кірісті. Тұрмағамбетке дейін шаруашылықтың инженерлік қызметін басқарған Алдекең өте ыждағатшыл, жұмыс бабындағы мәселелерді ірі-майда деп бөлмейтін, кез-келгеніне үлкен мән беріп қарайтын мамантұғын. Бұрынғы бас инженердің осы қасиеттерін жалғастыра отырып, институтты қызыл дипломмен бітіріп іске кіріскен жас маман да машина, трактор паркін пайдаланудың жаңа озық тәжірибелерін өндіріске енгізуге кірісті.

 Осы жылдар Жалағаш ауданының  Қарамақшыдан бөлініп дербестік алып, Н.С.Хрущевтың экономикаға жасаған қисынсыз реформаларынан зардап шеккен шаруашылықтардың жаңа бас көтере бастаған жылдары еді. Солардың қатарында Жаңаталап кеңшарында жаңа директор Алдаберген Бисеновтың кадрларды өз орнына қойып,  мамандармен ақылдаса отырып, шаруашылықтың өндірісін жаңаша ұйымдастырып басқаруының арқасында бас аяғы бір-екі жылда табысты шаруашылықтардың қатарына қосылды. Шаруашылық басшысының, мамандарының, бөлімше басшыларының еткен еңбектері өз нәтижесін бере бастады. 1967-1973 жылдары Алдаберген Бисенов ағамыз басқарған Жаңаталап кеңшары да ауыл шаруашылығы өндірісін механикаландыру мен күрішті егумен күтіп баптаудың жаңа технологиясын игерген, өндірістің жоғарғы мәдениетіне қол жеткізген, аудандағы күріш фабрикасына айналған шаруашылықтардың бірі болды. Шаруашылық алдындағы бес жылда мемлекетке небәрі 58 мың центнер астық берсе, 1967 жылы  40,8 мың центнер, 1968 жылы 47 мың,1969 жылы 63 мың, 1970 жылы 66,3 мың центнер астық сатып, өткен бес жылмен алыстырғанда мемлекетке  бес есе көп астық берді. Нәтижесінде кеңшар директоры Социалистік Еңбек Ері атанса, бөлімше басшылары, мамандар, өндіріс жетекшілері мен күрішші-механизаторлар орден, медальдармен марапатталды. Осы жылдары кеңшардың бас инженері Тұрмағанбет Асанов та Лениннің 100 жылдығына арналған «Ерен еңбегі үшін» медалімен, екі рет Мәскеудегі Халық Шаруашылығы Жетістіктері Көрмесіне (ВДНХ) қатысып, осы көрменің қола, күміс медальдарымен марапатталды.

Шаруашылықта бас инженер болып тәжірибе жинақтаған жас кадрды аудан, облыс басшылары 1973 жылы аудандық «Казсельхозтехника» бірлестігінің басқарушысы қызметіне тағайындап, бүкіл ауданның инженерлік қызметі мен ауыл шаруашылығын материалдық-техникалық жабдықтау жұмыстарын сеніп тапсырады. Бұл қызметті екі жылдай атқарып, абырой биігінен көріне білген Тұрмағамбет 1974 жылдың қараша айында аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі Аққұм кеңшарына директорлық қызметке жіберіледі. Бұл қызметте де нәтижелі еңбек еткен ол 1976 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудегі табыстары үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады.

Аққұм кеңшарын тоғыз жылдай басқарған Тұрмағамбетті аудан басшылығы 1983 жылы аудан орталығындағы механизатор кадрларын дайындайтын №15 орта білім беретін кәсіптік-техникалық училищеге директорлық қызметке жібереді. Ол өзінің бойына біткен жауапкершілік пен іскерлік қасиеттерін бұл қызметте де көрсете білді. Ол басқарған жылдары училищенің материалдық-техникалық базасы бұрынғыданда нығая түсті. Оқу сапасын жақсартуға, дайындалып жатқан кадрлардың сапалы болуына қол жеткізді. Бұл қызметте 1986 жылға дейін істеген Тұрмағамбет отбасылық жағдайға байланысты Қызылорда қаласына қоныс аударып, Автотранспорт мекемесінде бас инженер, Қызылорда совхоз-техникумында оқытушылық қызметтерін атқарды. Қай жерде, қай салада, қандай қызмет атқарса да ол өзінің азаматтық бейнесін жоғалтқан жоқ. Өзінің іскерлігі мен жұмысқа деген жауапкершілігін бәрінен жоғары қойды. Соның арқасында Қызылорда қаласында қызмет атқарған кезінде де абырой биігінен көріне білді. Тұрмағамбеттің көп жылғы нәтижелі еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Бірнеше орден-медальдармен марапатталса, үш рет аудандық кеңестің депутаты, төрт рет аудандық партия комитетінің мүшесі болып сайланып, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің республикалық ХІ конференциясына делегат болып қатысты. Бүгінде Жалағаш ауданының Құрметті азаматы деген мәртебелі аттаққа ие болып отыр.

Негізі Тұрмағамбет табиғатынан ақжарқын, ашық мінезді, адамдармен тез тіл табыса біледі. Өзінің ұтымды да, зілсіз әзілімен, кез-келгенді баурап алады. Ретін тауып өзінен жасы үлкен ағаларымен де әзілдесетіні бар. Бірде Алматы қаласына іс сапармен барған кезде сол жақта демалыста жүрген сыйлас ағаларының бірі Жадырасын Күзеновпен Алматы қонақ үйінде кездесіп қалады. Ағасын қонақ үйінің мейрамханасына шақырып сыйлайды. Отырыс кезінде бір сөздің реті келгенде Тұрмағамбет:

 – Жәке, сіз осы білесіз бе, мен сізге аға болып келем, мен сізден үлкенмін, – дейді.

 – Қалай үлкен боласың, сен, қайда, маған қарағанда баласың ғой,– дейді Жәкең таң тамаша болып.

– Қазір сенбесеңіз төлқұжатымды көрсетейін, – деп қалтасынан алған төлқұжаттың суреті жоқ бетін ашып, аты жөні жазылған жерін саусағымен басып тұрып, туған жылы 1932 жыл деген жазуды көрсетеді. Оны көрген Жәкең не дерін білмей, сенбесіне амалы қалмайды. Сөйтіп ағасына бір жас үлкен екендігін мойындатады.

Сөйтсе, Тұрмағамбет қонақүйіне орналастыру үшін іс-сапарға өзімен бірге барған аудандық «Казсельхозтехника» бірлестігінің бас инженері Ан Славаның төлқұжатын көрсеткен екен. Демалыстан келген Жәкең осы оқиғаны айтып күлдіргені бартын.

Тұрмағамбеттің жеке басының осындай қасиеттері оны зейнетке шыққанан кейін тағы бір қырынан танытты. Ол шығармашылықпен де айналысты. Бейнеттің зейнетін көрген жылдары өзінің өмір жолынан, замандастары мен қызметтестері туралы естеліктер, Жетірудың бір баласы Керейттің шежіре-тарихынан небәрі тоғыз кітап жазып баспадан шығарса, атақты Нысанбай жырау туралы шығармаға редакторлық етіп, үлкен еңбек етті.

«Қосағыңмен қоса ағар» деген халқымыздың даналық сөзі бар. Асылы осы сөз Тұрмағамбеттің отбасына арналғандай. 1966 жылы бас қосқан, өмір жолындағы тірегі, аяулы жары Күләш та Тұрмағамбетпен бірге 80 жасқа толған мерейлі мерекесін атап өтпекші. Күләш та барлық саналы ғұмырын бала тәрбиесіне, оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беруге арнаған білікті ұстаз. Бұл саладағы көп жылғы нәтижелі еңбегі үшін «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі» атанған, ардагер ұстаз, «Күміс алқа» орденінің иегері.

Тұрмағамбет пен Күләш 57 жыл бойы өмірдің сан қилы өткелдерінен қол ұстасып, бірге өтіп келеді. 1966 жылы шаңырақ көтерген жас отау иелері бүгінгі күні тамыры тереңге кеткен, жапырағы жайқалған алып Бәйтеректей болып отыр. Екеуінен дүниеге келген төрт қыз, екі ұлдан тараған немере-шөберелер өсіп, үлкен әулетке айналды. Олардың келешек егеменді еліміздің белді азаматтары боларына күмәніміз жоқ. Қосағымен қоса ағарды деген осы болар.

Өмірлерінің асқаралы асуы 80 жасқа толған мерейлі мерекелерін атап өткелі отырған Тұрмағамбет пен Күләшты мерейлі мерекелерімен құттықтай отырып, отбастарына береке, бірлік, өз бастарына мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Ұрпақтарының қызығын көріп, қол ұстасып ұзақ өмір сүріңдер демекпіз.

                                                             С.Әлиев,

Жалағаш ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы,

Жалағаш ауданның құрметті азаматы,

Қызылорда облысының құрметті ардагері

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: