Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда облысының бюджеті қанша?

24.04.2023, 15:50 565

HALYQLINE.KZ Бүгін Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы Наурызбай Байқадамовтың төрағалығымен өткен кезекті 2 сессияға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты. Облыс әкімінің орынбасарлары, қала және аудан әкімдері, құқық қорғау органдарының басшылары, тиісті басқарма басшылары және БАҚ өкілдері қатысқан сессияның күн тәртібіне 16 мәселе ұсынылған. Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының есебімен депутаттар тұрақты комиссия және бірлескен отырыста егжей-тегжей танысып, өз ұсыныстарын жеткізген болатын.

Күн тәртібіндегі «Қызылорда облыстық мәслихатының 2022 жылғы 13 желтоқсандағы №153 «2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселесі ағымдағы жылдың 21 сәуірінде өткен тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында толыққанды талқыланды. Күн тәртібіне ұсынылған мәселелер бойынша алдын ала жан-жақты талқыланып, депутаттардың сұрақтарына жауап беріліп, олардың ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып шешім қабылданды.

Қызылорда облыстық әкімдігі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағын беру мәселесі бойынша хабарлама жасады. Ол өз хабарламасында облысымызға белгілі, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлестерін қосқан: Мұхтар Құл-Мұхамед, Қалқазбек Әжібеков, Абдулла Шүленбаев, Биғали Қаюпов, Әлима Әбдіхалықова, Қожахмет Баймаханов, Шакизада Әбдікәрімовке облыстың «Құрметті азаматы» атағын беруге ұсыныс жасады. Ел игілігі үшін еңбек еткен азаматтарды қолдап және жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында депутаттар бұл ұсынысты бірауыздан қабылдады.

Сессия соңында аймақ басшысы Н.Нәлібаев мемлекет басшысының, үкімет басшысының Қызылорда облысына ерекше көңіл бөлуі халқымыздың әлеуетін көтеру үшін үлкен мүмкіндік екендігін айта отырып, облыс көлемінде алдағы уақытта өндірістік және кәсіпкерлікті дамыту бағытында бірлесе отырып жұмыс істеу керектігін жеткізді. Депутат І.Тілеп облыс бюджетін 592 млрд теңгеге жетіп отырғандығын тілге тиек етіп, аймағымыздың жылдан-жылға дамып көркейту үшін еңбек етіп жүрген облыс басшы Нұрлыбек Машбекұлына ризашылығын білдірді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: