HALYQLINE.KZ Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Балмейір Сансызбайұлы Арал ауданында болып, бірқатар құрылыс нысандарының жұмысымен танысты. Алдымен Арал қаласындағы темір жол үстінен салынатын аспалы көпірдің жұмыс барысымен танысты. Мұнда бүгінде қажетті құрылыс заттары және техникалар тасымалданып, нысан басы тегістелуде. Аталған құрылыс нысанының жұмыс барысымен аудан әкімі Серік Сермағамбетов таныстырды. Айта кетейік, көпірдің жалпы ұзындығы 940 метр. Оған қоса жаяу жүргіншілер жолы да қарастырылған. Жобаның құны 3,2 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары келесі жылы толығымен аяқталмақ.
Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары Сексеуіл кентінде салынып жатқан жол құрылысымен танысты. Кентте жоба құны 419,6 млн теңге болатын Ж.Жабаев, Дружба, К.Байсейітова, Б.Айқынов, І.Жансүгіров, Б.Майлин көшелерінің автожолына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда жолдардың астыңғы қабаты тегістеліп, қиыршық тас төгілуде. Балмейір Сансызбайұлы жұмыс жүргізіп жатқан мердігер мекеме басшыларымен кездесіп, жұмыс барысы туралы пікірлесті. Одан соң, облыс әкімінің орынбасары Жақсықылыш кентіндегі денешынықтыру және сауықтыру кешенінде болды. Аталған құрылыс нысаны бірнеше жыл бұрын басталған. Алайда мердігер мекеме тарапынан міндеттемелер мен талаптар орындалмауы салдарынан келісімшарт бұзылып, қазіргі кезде құрылыс қайта жалғасуда. Жіңішкеқұм ауылдық округіне қарасты Тоқабай елді мекенінде жаңа мектеп құрылысы басталған.
Айта кетейік ауылдағы № 248 орта мектеп апатты деп танылған болатын. Білім нысаны облыс әкімінің қолдауымен жеке кәсіпкердің демеушілігі есебінен салынуда. Балмейір Сансызбайұлы осы ауылда болып, білім ордасының құрылыс жұмыстарының жүргізілу барысын бағамдады. Облыс әкімінің орынбасары аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Жақсықылыш-Тоқабай-Абай» автожолының жағдайымен танысты. Бүгінде қалған 6 шақырым жолды жөндеу үшін жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, тиісті салалық басқармаға бюджеттік өтінім ұсынылған болатын. Тиісінше қажетті шаралар атқарылуда. Облыс әкімінің орынбасары кездесу қорытындысымен аудан көлеміндегі құрылысы жүріп жатқан барлық нысандар бойынша тапсырыс беруші облыстық басқарма басшыларына, аудан әкімдігіне, мердігер мекемелердің басшыларына құрылыстарды уақытында аяқтап, сапасына жауапкершілікпен қарауды жүктеді.
Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Балмейір Сансызбайұлы Қармақшы ауданына да арнайы жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында аудан әкімі Жандос Еркінбек аудандағы бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмыс барысы мен жай-күйімен таныстырып өтті.
Алдымен Қызылтам стансасында болған облыс әкімінің орынбасары елді мекен кіре-берісіндегі аудандық маңызы бар автомобиль жолының жағдайымен танысты. Сондай-ақ, Жосалы-Жалағаш автомобиль жолы бойындағы су деңгейінің күрт көтерілу әсерінен су шайып кеткен учаскесінің жай-күйін көрді.
Одан соң, Жосалы кентіндегі Темір жол көпірін салу мәселесін талқылады. Сонымен қатар, Жосалы кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарын бақылап, №284 мектеп-лицей интернатына кіре-беріс автомобиль жолын салу мәселесін пысықтады. Ауданға жасаған сапарын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!