Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алтай Көлгінов Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді

15.04.2023, 13:45 381

HALYQLINE.KZ ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, жұмысымен танысты. Үкімет басшысының орынбасарының өңірге жұмыс сапары Шиелі ауданынан басталды. Алтай Сейдірұлы Иіркөл ауылдық округі Жансейіт ауылындағы апатты жағдайдағы №133 негізгі мектеп жұмысымен танысты. Нысан 1979 жылы салынған, ғимаратында ыңғайластырылып жасалған 6 сынып бөлмесі, мұғалімдер бөлмесі, медициналық кабинет бар. Спорт залы, асхана, акт залы жоқ, материалдық-техникалық базасы талаптарға сәйкес келмейді. Қосымша сабақтар, үйірмелер өткізуге мүмкіншілік жоқ. Мектеп оқушылары екі ауысымда оқиды, қазіргі таңда мектепте 90 оқушы білім алуда. Қазірде елдімекенде 0-6 жас аралығында 70 бала бар және алдағы уақытта оқушылар саны одан әрі артатын болады, сондықтан мұнда жаңа білім ордасын салу қажеттігі бар.

Әрі қарай Алтай Көлгінов Жаңатұрмыс ауылдық округіндегі Байсын ауылына барып, 250 орындық №207 мектеп құрылысын саралады. Екі қабаттан тұратын мектеп ғимаратын бас мердігер – «Авангард ПГС» ЖШС салуда. Құрылыс жұмыстарының жалпы құны 942,5 млн теңге, нысан бір жыл ішінде бой көтермек.

Бұдан бөлек, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Шиелі кентіндегі апатты жағдайдағы №45 мектеп-гимназиясының жұмысымен танысты. Мекеме 1922 жылы ашылып, 1958 жылы бейімделген жобадағы мектеп ғимаратына көшірілді. Сыйымдылығы 640 орынды құрайтын ғимаратта қазіргі таңда 777 оқушы білім алуда.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру және өзекті мәселелерді шешу, апатты және үш ауысымды мектептерді жою, педагогтерді қолдау, қалалық және ауылдық мектептердегі білім деңгейін теңестіру үшін жағдайлар жасалуда. Үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі биыл басталатын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында шешім табады», – деп атап өтті Алтай Көлгінов.

2023 жылы «Білім беруді қолдау қоры» есебінен Қызылорда облысында 5 мектеп салынады, оның ішінде дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты бар.

Еске салсақ, өткен жылдың желтоқсан айында Үкімет басшысы Әлихан Асханұлы Смайыловтың Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапары кезінде Қызылорда қаласында дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатын салу, тағы 1 775 орынға арналған 4 мектеп құрылысын аяқтау «Білімді қолдау қоры» қаражаты есебінен қаржыландырылатын құрылыстар тізіміне енгізілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста алдағы 3 жылда 15 100 орынға арналған құны 100 млрд. теңгеден асатын 21 мектеп салынады. Биыл 10 мектептің құрылысы басталады. Нәтижесінде 2025 жылы өңірдегі үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі шешімін тауып, балалардың сапалы білім алуына жағдай жасалады.

Өңірге жұмыс сапары барысында Үкімет басшысының орынбасары Шиелі орталық көпбейінді аудандық ауруханасын аралап көрді. Қызмет ету тарихы бір ғасырдан астам бұл мекеме 1974 жылы Бәйгеқұм ауылынан жаңа ғимаратқа көшіріліп, Шиелі аудандық аурухана болып қайта құрылды. Ғимараттың жалпы алаңы 66 мың ш.м. астам, мұнда 271 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 41-і – дәрігер, 127-сі – медбике, 63-і – техникалық және т.б. қызметкерлер.

Еске салсақ, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары Қызылорда облысында 27 денсаулық сақтау нысаны бой көтермек. Қызылорда қаласында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны – 36,4 млрд теңге.

Айта кетейік, ертең ҚР Премьер-Министрінің орынбасары облыс орталығында тұрғындармен кездесіп, «Ауыл аманаты» жобасын түсіндіреді және Жастар ресурстық орталығының жұмысымен танысады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: