Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Соңғы тәулікте 4 науқас тіркелді

24.04.2020, 11:24 485

HALYQLINE.KZ – Аймақта инфекция жұқтырғандар саны 161-ге жетті. Соңғы тәулікте анықталған 4 жағдай туралы бүгін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.

Соңғы тәулікте жаңадан 4 жағдай анықталды. Оның үшеуі – Қызылорда қаласынан, біреуі – Шиелі ауданының Бала би ауылынан. Қызылорда қаласынан тіркелген 2 тұрғын алдында анықталған науқастармен жақын қарым-қатынаста болып, карантиндік бақылауға алынғандардың арасынан анықталды. Біреуі – науқастылығына байланысты правизорлық ауруханаға жатқызылған науқас. Ал, Шиелі ауданындағы науқас та – карантиндік бақылауға алынғандар тұрғын», – деді Жақсылық Әбілқасымұлы.

Облыстағы COVID-19 індетін жұқтырған науқастармен байланыста болғандардың жалпы саны – 2423. Оның ішінде, жақын қарым-қатынаста болғандар саны – 1278, потенциалды байланыста болғандар – 1145 адам. Бүгінде барлығы бақылауға алынып, оқшауланған.

– Соңғы тәулікте 1143 тест сынамасы жасалды. Оның 512 – теріс мәнді, 629-ы әлі тексерілуде. Бүгінгі таңда облысымызда 6731 тест қоры қалды, – деді аймақтың бас дәрігері.

– Облыста жалпы науқастардың өсімі соңғы тәулікте 2,5%-ды құрап отыр. Республика бойынша көрсеткішке келсек, өңірде індет 7,2%-ға тұрақтанған. Бұл аймақта қауіпті індеттің тұрақталғанын көрсетеді. Медицина мамандары мен тұрғындардың бірлесе отырып, карантин талаптарын сақтаудың арқасында осы көрсеткішке жетіп отырмыз, – деді Ж.Абдусаметов.

Сондай-ақ, осы уақытқа дейін барлығы 2484 медицина қызметкерінен коронавирустық инфекцияға сынама тест алынған. Оның 19-нан ғана қауіпті індет анықталған. Олардың арасында дәрігерлер, техникалық қызметкер мен көлік жүргізушісі де бар екен.

– Бүгін қасиетті Рамазан айы басталды. Осы айда баршаңызға төзім, шыдамдылық, мейірім тілеймін. Біздің тілегіміз – елдің амандығы мен жұрттың тыныштығы. Біз бірге болғанда ғана қауіпті індетті жеңеміз, – деп аяқтады сөзін.

Айта кетейік, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында – 115, правизорлық стационарда – 59, карантиндік стационарда – 448 адам бақылауда.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: