Елімізде денсаулық сақтау саласын жетілдіру үшін жыл сайын қомақты қаражат бөлініп, дәрігерлерді оқыту мен олардың біліктілігін арттырып, маман иелерін көбейту мақсатында жаңа кадр саясаты қалыптасып келеді. Сондай-ақ, жаңа технологиялық жүйеге енуіміз үшін де жүйелі жұмыстар мен орасан қаржы қарастырылуда. Сондықтан, қай өңір болмасын, медицина саласында ақау немесе жетіспеушілік болғанын қаламайды. Сол сияқты біздің өңірімізде медицина саласында атқарылған жұмыстарды жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, аймақтық медицина саласының ақсап жатқан тұстары да жоқ емес. Ендеше, газетіміздің арнайы бетіне облыстағы денсаулық сақтау саласының атқарылып жатқан жұмыстарымен бөліскенді жөн көрдік.
Бүгінде еліміздегі медицина саласын оңалту, өсіру шараларына басымдық беріп, әр өңірге шипажайлар, емдеу-сауықтыру орындары салынуда. Сонымен қатар, аймақ бойынша да ауруханалар, оңалту орталықтары бой көтеріп, ауруханалар мен емханалар жаңа технологияға сай жабдықталуда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Қызылорда облысында денсаулық сақтау жүйесін дамыту бағытында да көптеген жұмыс атқарылуда. Атап айтар болсақ, республикалық бюджет есебінен жалпы құны 2,3 млрд теңгені құрайтын 80 мыңнан аса тұрғынға қолжетімді және жоғары сапалы бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін Қазалы ауданындағы Әйтеке би кентінде 250 келушіге арналған емхана ғимаратының құрылысы аяқталды. 2022 жылдың наурыз айында шалғай медициналық ғимараты жоқ елді мекендерде 2 медициналық бекет іске қосылды. Сонымен қатар, жалпы құны 140 млн теңгені құрайтын «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Жалағаш ауданындағы Таң ауылында іске асырылып жатқан 1 дәрігерлік амбулатория құрылысын ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде қабылдау актісі алынды.
Медициналық мекемелер жаңа құрал-жабдықтармен толықтырылу мақсатында, 2022 жылы денсаулық сақтау саласына жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 1 523,9 млн теңге қаражат қаралды. Бөлінген қаражат есебінен өңіріміздегі әр елді мекен, аудандарға керек техникалар алынып және облыстық жедел жәрдем стансасына 20 дана линзинг арқылы санитарлық автокөлік алынды. Ал алдағы жылы республикалық бюджеттен 3,5 млрд теңгеге медициналық бұйымдар сатып алу көзделуде екен.
– Денсаулық министрлігімен бірге алдағы 3 жылда 27 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункт саламыз. Осылайша, біз ауылдық жерлердегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектілерінің проблемасын толық шешетін боламыз, – деген еді аймақ басшысы «Бетпе-бет» хабарында.
Кез келген ел халқының өмір сүру сапасының жоғарылығы денсаулық сақтау жүйесімен тығыз байланысты. Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігі бүкіл елдің саяси, әлеуметтік салаларына ғана емес, сонымен бірге бірінші кезекте экономикалық жүйеге тікелей әсер етеді. Бұл ретте бірқатар аурухана медициналық көмекке жүгінген пациенттердің көптігіне байланысты толып кетіп, төсек орын тапшылығына ұшырап жатады. Әсіресе, еліміздегі пандемия салдарынан болған кезеңді еске түсірсек болады. Сондықтан, облыстағы ауруханалар кез келген жағдайға дайын болуы үшін көптеген мәселенің шешімін тауып келеді. Бірінші кезекте өткен жылдың 14 наурызында «Қызылорда қаласында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсек орнына арналған көпбейінді аурухана (онкологиялық бөлімшемен) салу» жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Осыған орай, Қызылорда облысы үшін жедел және шұғыл қажеттілігін, сонымен қатар, Арал өңірі аймағы үшін маңыздылығын ескере отырып, аталған нысан құрылысын бастауға 2023 жылға – 750 млн теңге республикалық бюджет есебінен бөлінді. Бұдан бөлек аймақтағы әр аудандар мен ауылдарға жеткілікті дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік бекет, медициналық бекет құрылыстағы жүргізіледі деп жоспарлануда. Бұл дегеніміз Сыр өңірінде соңғы жылдары медициналық нысандар құрылысы ерекше қарқын алып келеді деген сөз. Соның бірі – қаланың сол жағалауында орналасқан «Қан орталығы». Жобалық құны – 2,7 млрд теңге. Орталық ашылғаннан кейін облыста қан мен оның компоненттерін донациялау көрсеткіші 500-ден 10 мыңға дейін артады деп көзделуде.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев ел ағаларымен бірге нысан құрылысының алғашқы кірпіш қалау рәсіміне қатысқан да болатын.
– Мемлекет әрдайым ұлт саулығын көтеру, адам өмірін сақтауға жеткілікті деңгейде мән беріп келеді. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ұлт саулығы – Жаңа Әділетті Қазақстанды құру жолындағы мемлекеттік саясатымыздың аса маңызды бағыты» деп айрықша атап өтті. Барлық қажетті құралдармен жабдықталған «Қан орталығы» өңір халқына сапалы қызмет көрсетіп, тұрғындардың денсаулығын арттыруға мүмкіндік бермек, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Жақында ғана Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысы өткен еді. Онда «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында жаңа медициналық нысандар ашу және ішкі нарықта отандық дәрі-дәрмек үлесін 50%-ға дейін жеткізу мәселелері қаралды.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ауылдарда медициналық нысандар салу және отандық дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың өндірісін ұлғайту жайында баяндама жасады. Ведомство басшысы биыл ұлттық жоба аясында еліміз бойынша 309 медициналық нысан салынатынын айтты. Сонымен қатар, ішкі нарықта қазақстандық дәрі-дәрмектің үлесін 33%-ға дейін жеткізу жоспарланған.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов нысандардың инфрақұрылымын жеткізу және баратын жолын салуды тапсырған болатын.
Сонымен, биыл медицина саласында бірқатар құрылыс бой көтеріп, жаңарулар болса, аяқталған нысандар ел игілігіне беріледі. Иә, медицина саласының жаңдануы қай уақытта да ел мүддесіне жарайтыны анық. Сондықтан, медициналық бекеттер мен нысандардың сапалы әрі уақытылы пайдалануға берілуі аса маңызды.
Оразкүл ТЕМІРҒАЛИ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!