Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Желді күні» айғайлап жүргендейміз…

09.03.2023, 12:40 373

Шынын айтқанда қарапайым халық анау-мынау басшыны, тіпті әкім-қараларды да тани бермейді. Иә, жүзі таныс болар, бірақ аты-жөнін жатқа білмейтіні анық. Басшыдан жүйелі жұмыс, қалтқысыз қызмет күтеді, басқа ештеңе емес. Бас ауыртатыны – баспана, жер алу, жұмысқа тұру, жол салу, жарық орнату, қоғамдық көлік, интернет  байланысы, т.с.с. мәселелер. Көпқабатты үйлер жыл  сайын  салынса  да,  пәтерден пәтерге  жалданып,  көшіп-қонып жүргендер  көп. Жер  кезегі  бойынша 2005  жылы  берілген  арыздарды қанағаттандыра  алмай  келеміз. Көшесінің  мұң-мұқтажын  (жол, жарық)  айту  үшін  бармаған  жері, баспаған  тауы  қалмағандарды кездестіреміз. Қаланың  қақ ортасында тұрып  интернет желісінің «жайбасарлығынан» жазбасын түзде  жазып, әлеуметтік  желіге жүктейтіндерді  байқап  жүрміз. Биліктегілердің  жұмыссыздықпен қанша «күрессе» де жеңіліп қалғанын байқаймыз. Әсіресе, әлеуметтік желіде қоғамдық көлік мәселесі көп сыналады. Дегенмен, соңғы кездері бұл бағытта жұмыстар істеліп жатқанын көзіміз көріп отыр. Мұның бәрі де – мәселе. Бірақ, көпшіліктің негізгі сұрайтыны – халықтың әл-ауқатын, әлеуметтік жағдайын жақсарту, азық-түлік бағасын қолжетімді ету. Осы күні ашынған халық «жалақымыздың басым бөлігі азық-түлікке кетеді» деп ашық айтып жүр. Олай деуге негіз бар. Биылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша, елімізде азық-түлік бір айда 1,4%, бір жылда 25,7% қымбаттапты. Әлбетте, сұраныс болған соң баға да көтеріледі. Бағаны нарық реттейді деген – сол. Ең төменгі жалақының, зейнетақының көбейгені де бұған әсер етіп отыр.

Ай сайынғы динамика бойынша Астана мен Шымкентте азақ-түліктің айтарлықтай қымбаттағанын статистика растайды. Бағаның өсуі Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарында  да  байқалды.

Жылдық динамика бойынша Маңғыс­тау облысында  азық-түлік тауарлары бірден 31,5%-ға өскен. Өзіңіз ойлап көріңіз, 5 емес, 10 емес, 31,5%-ға қымбаттаған. Одан кейінгі орындарға Түркістан облысы (27,4% қымбат­тады) және Шымкент (27,2%) кіреді. Ең аз жылдық  баға  өсімі  Алматы облысында (23,8%) тіркеліп  отыр. Бірақ, бұл да аз көрсеткіш емес.

Айтқандай, Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев доллардың бағамы түскеннен кейін азық-түлік арзандайтынын болжаған еді. Бұған дейін доллар көтерілгеннен кейін азық-түлік, әсіресе, импорттық  тауарлар  қымбаттаған.

– Азық-түлік бағасы төмендейді деп ойлай­мын. Себебі доллардың бағамы өскенде импорт­талатын  тауарлар қымбаттайды. Енді, кері­сінше, біртіндеп  арзандайды  деп  отырмыз.

Осы айларда инфляция шарықтау шегіне жетті, 20%-дан асып кетті. Біздіңше, 2-3 айдан кейін төмендейді. Қазірдің өзінде біз нақ­тыланған  бюджетте  инфляцияның  деңгейін 7,5-9,5  пайыз  деп  көрсеттік.  Сол  бойынша  жұмыс  істейтін  боламыз. Жалпы, бағаның төмендеуін  болжап  отырмыз, – деген еді Е.Жамау­баев  сенатта  өткен  брифингте.

Енді әліптің артын бағуға тура келіп тұр. Қымбатшылық «құрығын» күнде салып жатыр. Базар бағасы бет қаратпай барады. Десе де, бағаны көтеретін үйдің жанындағы дүкендер екені рас. Арнайы түбіртек бермеген соң, баға бақылауда болмайды. Бір ғана мысал, Қызыл­орда қаласында бір бөлке нан бағасы 85-100 теңге аралығында сатылуда. Ал, бір түйір дәретхана қағазының бағасы – 100 теңге. Осыдан-ақ, біраз нәрсені жобалай беруге болатын шығар.

Жалпы, биыл нан бағасы бір жылда 19,2% өсті. Оның  ішінде қара бидай мен бидай ұны­нан  пісірілген  нан 26,5%, келісіне 435 теңгеге де­йін,  жоғары  сұрыпты бидай ұнынан пісірілген нан – 27,8%, 348 теңгеге дейін, бірінші сұрыпты бидай ұнынан пісірілген нан – 13,9%, 196 теңгеге дейін қымбаттады. Бұл туралы ranking.kz  сайты  жазды.

Жылдық динамика бойынша нан ең қатты қымбаттаған өңір – Ұлытау облысы (бірден 50,8%). Одан кейінгі тізімде Ақмола мен Маңғыстау  облысы  тұр. Баға  ең  аз,  яғни  9,9%  ғана  өскен  өңір – Атырау  облысы.

Қара бидай мен бидай ұнынан пісірілген нан Қостанай облысында, жоғары сұрыпты бидай ұнынан пісірілген нан Маңғыстауда, бірінші сұрыпты бидай ұнынан пісірілген нан Ұлытау облысында қымбаттап отыр.

– …Жақында  ет  сататын  дүкенге  кірдім.  60 жас шамасындағы сымбатты анамыз сүйек сатып  алып, жүзін жасырғысы келгендей  дүкен­нен  жылдам  шығып  кетті.

Осыдан он жыл бұрын соны жұрт «итке берем­ін» деп сөреден бір сүйек қалдырмай сатып алатын. Сол кезде келісі 200-250 теңге ме, әйтеуір арзан еді. Сол етінен сіңірі көп сиырдың сирақ­тарының келісі 2000 теңгеге аспандапты.

Үкімет елдегі жұмыссыздықты жойып, кәсіпорындарды ашуға білек сыбанып кірісу керек. Бизнес ашуға бағытталған жобалардың тиімділігін сүзгіден өткізіп, соны жүзеге асыруға шын жүрекпен, жаны ауырып, халықтың игілігі үшін тер төгетін, елдің мәселесіне жан-тәнімен қызмет  ететін  үкімет  керек.

Әзірге  көптің  ойында  сайлау. Ол  науқан  да өтер.  Бірақ  азық -түліктің    бағасын  қайте­міз? – дейді журналист  Жазира  Бегалы әлеуметтік  желідегі   парақшасында.

Шынын айту керек, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басшысына да, қаржы министріне де, барлық облыс әкіміне де азық-түлік бағасын бақылауда ұстауға бірнеше рет тапсырма берді. Өз кезегінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев та жауаптыларға шегелеп тапсырған еді. «Баға бақылауда» деп сендіргіштер статистиканы қалай жасайтыны, қайдан алатыны түсініксіз. Соңғы бір жетіде әлеуметтік желілерде қарапайым халықтың бөліп төлеуге қарыз алып, азық-түлікке жұмсап жүргені туралы көп жазылды. Сірә, «айлығы шайлығына жетпей жатыр» деген сөз ұйқас үшін емес, осы жағдай үшін айтылса керек. Осы біз қымбатшылық деп қайта-қайта «желді күні» айқайлап жүрген сияқтымыз. Әйтпесе, дауысты неге естімейді?

Ш.ШАТҚАЛ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: