Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қолжетімді инфрақұрылым халық тұрмысын жақсартады

02.03.2023, 9:15 184

HALYQLINE.KZ Бүгінде халықтың инфрақұрылымға қолжетімділігі артты. Бұл Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың атқарушы билікке жүктеген тапсырмасы бойынша жүзеге асты. Облыс халқының 97,8 пайызының орталықтандырылған су жүйесіне қосылуы, өткен жылы 6 ауылдық елді мекеннің көгілдір отынға қосылып, халықты газдандыру деңгейі 70 пайызға жеткені көп түйткілді шешті.

«Биыл 10 ауылдық елді мекенді газдандыру арқылы оның қамту деңгейін 72 пайызға жеткізу жоспарлануда. Жергілікті маңыздағы 366 шақырым автомобиль жолдарын жөндеу арқылы жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 82 пайызға жеткізілсе, биыл оны 87 пайызға жеткізу жоспарымызда бар.

Бұл мақсатқа биыл 29,9 млрд. теңге қаржы қаралды. Жыл көлемінде республикалық бюджеттен қосымша қаржылар түседі деп жоспарлап отырмыз», – деді облыс әкімі Н.Нәлібаев облыстық қоғамдық кеңес отырысында.

Сонымен бірге аймақ басшысы Президенттің тікелей бақылауындағы «Қызылорда-Жезқазған» автожолының құрылысы туралы «Халық осы жолдың заманға сай қайта жаңғыртылуын ұзақ күтті. Жолдың ұзындығы 216 шақырым, биыл оның 100 шақырымнан астам бөлігін аяқтау межеленуде. Қалған бөлігі 2025 жылдың соңына дейін толық аяқталып, халық игілігіне берілетін болады.

Қаңтар айында Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппараты басшысының бірінші орынбасары Ғабит Сыздықбековтің жұмыс сапары аясында «Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңғырту жұмыстарымен арнайы барып таныстым.

«Қызылорда-Жезқазған» жолын реконструкциялауға қатысты өзімнің төрағалығыммен арнайы мәжіліс өткізіліп, жоба аясындағы түйткілді мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылдау жөнінде жауапты мекемелерге тапсырмалар берілді. Қазір аталған жолдың реконструкциялау мәселелері бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Салауатұлының төрағалығымен арнайы жұмысшы топ құрылып, құрылыс жұмыстары бақылауға алынды» деп атап өтті.

Қазір Ақтөбе облысы бағытындағы жолда жүк көліктерінің қарқыны жыл сайын орташа есеппен 10%-ға өсіп, тәулігіне 10 мың автокөлік қатынауда. Осы бағыттағы 566 шақырым жолды 2 жолақтан 4 жолаққа ауыстыру туралы мәселе Үкімет басшысына жеткізілді.

Қызылорда қаласында қоғамдық көлік мәселесі бірте-бірте шешіліп келеді. Қоғамдық кеңес отырысында облыс әкімі Н.Нәлібаев «Бұл бағытта да проблемалық мәселелерді шешуді қолға алдық. «Қызылорда автобус паркіне» «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы лизингке жаңа 150 автобус алуға өткен жылы 1,4 млрд теңге қаржы бөлініп, барлығы 150 автобус келді. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін 2023 жылға 1,4 млрд теңгеге тағы 150 автобус алуға қаржы бағытталды. Осылайша, барлығы 300 заманауи, жайлы автобус ел игілігіне табысталады» деді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: