Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Біз бұл жағдайдан да сабақ алуымыз қажет

22.04.2020, 15:43 847

Ғалымбек Жақсылықов,

Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Ғалымбек Жақсылықұлы, қалыптасқан жағдай күн өткен сайын күрделеніп барады. Дәл қазір қызылордалық (облыс бойынша) кәсіпкерлерді алаңдатып отырған қандай мәселелер бар?

– Елімізде төтенше жағдайдың жариялануы, өңірде карантиннің енгізілуі барлық салаға да айтарлықтай қиындық тудыруда. Дегенмен, кәсіпкерлік саласында бұл айқын сезіліп тұр. Саланың экономиканы дамытуда ғана емес, халықтың тұрмыс-тіршілігіндегі орнының қаншалықты маңызды екенін осы жағдай дәлелдеп бергендей. Осы ретте, бизнес өкілдерінің төтеннен келген жайтта абдырап қалмай жол тауып кете алатынын көріп отырмыз. Естеріңізде ме, төтенше жағдай жарияланғанда маска тапшылығының аясында болған дүрлігу. Сол сәтте халықты сабырға шақырып, жолын тауып, моральдық қолдау көрсеткен «Далатекс» компаниясының, оның ішінде Ділмұхамед Абызов бауырымыздың жасаған қадамы біраз жанға үлгі болды. Кәсіпкерлерге осы уақытқа дейін бейбіт заманда жасаған тірлігін жедел өзгертуге, жаңа қызмет түрлерін ұсынуға жақсы кейс болды. Аймақтағы карантин кезеңі көктемгі егін маусымымен қатар келгені қарапайым халыққа да, кәсіпкерлерге де айтарлықтай қиындық тудыруда. Себебі өңіріміз – аграрлы өлке. Тұрғындардан бастап кәсіпкерлерге дейін егінсіз, бау-бақшасыз тірлігін елестете алмайды. Егінге қатысты шаруалардың ұсынысын дер кезінде «Атамекеннің» Орталық аппаратына, ол жақтағы әріптестеріміз әрі қарай Үкіметке жеткізіп, көктемгі далалық жұмыстарды, табиғатты қорғау, ветеринариялық жұмыстарды жүргізуге, ауылшаруашылық, оның ішінде бал ара шаруашылығы іс-шараларына тартылған тұлғалардың жүріп-тұруына рұқсат етілді. Ендігі мәселе ауылшаруашылық техникаларының қосалқы бөлшектеріне қатысты туындауда. Бұл проблеманы облыстық штабта көтеріп, қазір аталмыш салада қосалқы бөлшек сататын кәсіпкерлік субъектілеріне жұмыс істеуіне рұқсат алудамыз.

– Қазір бизнестің қай түрі көп зардап шегіп жатыр? Оларды қайта аяққа тұрғызудың жолы бар ма?

– Осы жағдайда «бизнестің мына түрі ғана зардап шегіп жатыр» деп бөліп-жарсақ қате болар еді. Біріншіден, кәсіпкерлер – бюджет тайқазанын толықтырушылар ғана емес, сондай-ақ, тұрақты жұмыс көзімен қамтып отырған жандар. Төтенше жағдай жарияланғаннан кейін 10 күндей кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізгенбіз. Сол сауалнама нәтижесі бойынша мамандарымыздың жинаған ақпаратының негізінде 9219 адам жұмыс істейтін 301 кәсіпкерлік субъектісінен 1451 қызметкерінің жалақысы сақталмайтын еңбек демалысына жіберілгендігі, 48 адамның жұмыстан қысқартылғандығы белгілі болды. Сондықтан карантин кәсіпкерліктің барлық саласы үшін де тиімсіз. Дегенмен, кәсіпкерлікте жүрген азаматтар мұндай қатаң шараны қабылдаудың мәнін түсініп отыр. Сондықтан талаптарға бағынып, тезірек карантиннің бітуін күтуде. Кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан салықтан уақытша босату, несиелерін төлеу мерзімін ұзарту, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында берілетін қаржы көлемін арттыру, жалақысы сақталмайтын еңбек демалысына жіберу барысында 42500 теңге әлеуметтік төлем төлеу секілді қолдау түрлерін өздеріңіз де білесіздер, оған тоқталып өтпей-ақ қояйын. Біз күн сайын кәсіпкерлермен әртүрлі байланыс құралдары арқылы байланыс жасап, жергілікті жерге қатысты мәселелерін өзіміз, күрделі сұрақтарды Орталық аппарат арқылы тиісті органдарға жеткізудеміз. Елімізде жарияланған төтенше жағдайдан кейін Кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері қашықтан жұмыс істеуге көшті. Алайда, барлық қызметкерлеріміз кәсіпкерлермен хабарласып, уақытпен санаспай қызмет көрсетіп жатыр. Төтенше жағдай жарияланған алғашқы күннен бастап өзімнен бастап дирекцияның, бөлім басшыларының нөмірлері БАҚ, әлеуметтік желі, чаттар, топтар арқылы жарияланып, таратылды. Палатаның қаржылай емес қолдау бағытындағы қызметтерінің барлығы онлайн көрсетілуде.  Мұнан өзге, құрамында кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар мен Палатаның жауапты мамандарынан тұратын 4 жұмысшы топ құрылды. Аталмыш жұмысшы топтары кәсіпкерлердің салық, несие, форс-мажор жағдайы мен мәжбүрлі қызметкерлерін жұмыстан босату секілді мәселелерін анықтап, дер кезінде құқықтық, өзге де тиісті кеңестерді беруде. Қазірдің өзінде Палата мамандарынан кеңес алғандарды қоспағанда, мәселесін айтып хабарласқан кәсіпкерлер саны – 252. Оның 79-ы нақты шешілді.

Әу баста кәсіпкерлік палатасы үш позиция бойынша: азықтүлік, медициналық заттар, жанаржағармай жеткізуші кәсіпкерлерді тіркеу жұмыстарын жүргізді. Кейіннен базаға тіркелген кәсіпкерлер толықтай өшіріліп, тіркеу жұмыстары тиісті салалық мекемелерге берілетіндігі хабарланды? Және сол уақыттарда сіз «Кейбіреулердің жұмысқа деген жауапсыздығынан, басқаларының жұмысы күйеді» деген жазба қалдырдыңыз. Мұның сыры неде? Базаның қайта жасақталуына не себеп болды?

– Негізі базаға тіркеу секілді жұмыс Палатаның негізгі функциясына жатпайды. Біздің мамандардың қазіргі жағдайда онсыз да жұмыстары шашетектен. Себебі әр сала бойынша кәсіпкерлерге келіп жатқан шығындарды есептеп, проблеманы анықтап, зерттеп-зерделеп, бұл мәселелерді оңтайлы шешу үшін тиісті органдарға ұсыныстар беруі керек. Жұмыс солай жүріп те жатыр. Солай десек те «Сергек» базасына енгізу жұмыстары басталғанда алғашында блокбекеттерде кәсіпкерлеріміз өте алмай, күтіп қалған жағдайлары болды. Бизнес өкілдері тарапынан шағымдар көбейді. Әріптестермен ақылдаса келе Сіз өзіңіз айтып отырған үш позиция бойынша: азық-түлік, медициналық заттар, жанар-жағармай жеткізуші кәсіпкерлерді тіркеуді өз жауапкершілігімізге алдық. Бес күнде әріптестерім таңнан түнігі 1-2-ге дейін бір мыңнан астам кәсіпкерді тіркеді. «База жаңартылды» деді да жұмысты басынан қайта бастадық. Бұл жерде себебіне тоқталып отырмай-ақ қояйын. Қиын кезеңде бір-бірімізді кінәлап отырғаннан гөрі нақты жұмыс істеп, нәтижесін көргенді қалаймын. Ендігі жерде кедергілер болмайды деп үміттенемін…

Қысылтаяң кезде дәрігерге дем беріп, қол ұшын созып жатқан кәсіпкерлер туралы айтып өтсеңіз…

– Кәсіпкерлеріміз сын сағатта да азаматтықтарын көрсетіп жатыр. Аймағымызға белгілі кәсіпкерлер Қайрат Боранбаев пен Мұрат Сәрсенбаев, Раушан Базарбай әріптестерім ғимараттарын уақытша пайдалануға беруге дайын екендігін жеткізді. Қазір «Қызылорда» қонақүйіне медициналық сала қызметкерлері орналастырылған. Жатын орынмен, тамақпен қамтамасыз етілуде.  Бұған дейін де Ділмұхамед Абызов, Аида Керімқұлова, Мағжан Ералиев және өзге де кәсіпкер-әріптестеріміз халыққа тегін маска таратып, азық-түліктер беріп, өңір тұрғындарына моральдық қолдауларын көрсеткен болатын. Бұл аты аталып отырған кәсіпкерлеріміздің бір бөлігі ғана. Айтылмағаны, айтпай жақсылық жасап жатқандары қаншама.

– Дәл қазір бизнесте жүрген әріптестеріңізге қандай кеңес айтасыз?

– Қазіргі карантиндік режимді кәсіпкерлер үшін де, жалпы, кез келгеніміз үшін дағдарыстық жағдай деп қарастыруға болады. Ал кез келген дағдарыс жағдайын ұтымды пайдалана алса, бізге берілген жаңа мүмкіндік. Бір ғана мысал айтайын, аймақта карантин жарияланғаннан кейін біздің өңірде вируспен ауырғандар саны артқанда көкөніс тасымалымен айналысатын кәсіпкерлерімізді Түркістан облысына кіргізбей қойды. Қазір біз бұл мәселені облыс әкімдігімен бірлесе отырып шештік. Дегенмен, негізгі мәселе онда емес. Осы келеңсіздіктен кейін жергілікті кәсіпкерлер ендігі жерде сараптама жүргізіп, көкөніс өсіруді қолға алғаны дұрыс болар еді. Жалпы, мұндай мысалдарды мыңдап келтіруге болады. Ең бастысы, біз бұл жағдайдан да сабақ алуымыз қажет.

– Әңгімеңізге рақмет!

Cұхбаттасқан Қозы Көрпеш ЖАСАРАЛҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: