HALYQLINE.KZ Кеше Шиелі ауданының әкімі Нұржан Сәбитұлы Ахатовтың төрағалығымен мәжіліс отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшылары және аудандық мәслихат төрағасы Тұрмағанбет Жағыпбаров, «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Болат Мүбаракұлы қатысты.
Мәжіліс отырысында ауданда 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымының өту барысы, трансформаторлар мен электр желілерінің жағдайы, Сырдария өзеніндегі мол суды қауіпсіз деңгейде өткізу шаралары және 2023 жылы аудан көлемінде аталып өтетін қоғамдық маңызды іс-шаралар жоспары жайлы әңгіме қозғалып, жан-жақты талқылауға салынды.
Атап айтар болсақ, алғашқы мәселе бойынша аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Аманжолов баяндама жасап, ауданда қатты отынға қатысты мәселе жоқ екендігін, әрі қазіргі қоймадағы көмір қорына қосымша вагондармен көмір келе жатқандығын жеткізді. Екінші мәселе бойынша, баяндама жасаған аудандық электрлендіру жүйесі мекемесінің басшысы Нұржан Мейранбайұлы биылғы жылға жоспарланған жұмыстармен бөлісті. Дегенмен аудан әкімі мекеме басшысына жұмыстарды күшейтуді тапсырып, «электр жарығын жиі сөнуі секілді мәселелерді түбегейлі шешуге жұмыс істеу керек» деді.
Ал, Сырдария өзеніндегі мол суды қауіпсіз деңгейде өткізу шаралары тақырыбында баяндама жасаған «Шиелісушар» өндірістік бөлімшесі басшысы Дихан Әубәкіров дариядағы мол суды тиімді пайдалану мақсатында қурап қалған көлдерге су жіберіліп жатқандығын, сондай-ақ ауданда су басу қаупі жоқ екендігін айтып, алдын алу шаралары толықтай жүріп жатқанын айтты. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова болса, 2023 жылы аудан көлемінде аталып өтетін қоғамдық маңызды іс-шаралар жоспарын ұсынып, қосымша ұсыныстар болса, қарауға дайын екендігін жеткізді. Жиын соңында аудан әкімі сала басшыларына күн тәртібіне қойылған мәселелер бойынша тапсырмалар жүктеп, «нәтижесі міндетті түрде сұралады» деді.
Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!