HALYQLINE.KZ –|
Тажал індет көбеюде күн санап,
Талай адам оған бейжай жүр қарап.
Есті жиып, шектелейік ағайын,
Сақтық үшін аса қажет бұл талап.
* * *
Ашып қара, жанның ішкі сарайын,
Дүрбелеңнің өткізгенбіз талайын.
Жанталасқан жұмыстардан мін іздеп,
Сын сағатта сын тақпайық ағайын.
* * *
Құлақ асып жатқандар аз сөзге де,
Бұл айтылған жай әншейін сөз деме.
Қолға алайық өзімізді өзіміз,
Зиянымыз тимесінші өзгеге.
* * *
Қаншама адам індет дертін оранды,
Ел ішіне кең тарауға жол алды.
Күрес шараларына да дес бермей,
Мына вирус дүрліктірді қоғамды.
* * *
Жұрт та қазір жалған сөзден жеріген,
Салғыласып жатпас сірә, сенімен.
Соны да ұқпай жатып алып біреулер,
Талай сұмдық таратуда желіден.
* * *
Іліп алып пікір жаза бастаймыз,
Көз көргендей, сөз айтудан қашпаймыз.
Мәселенің мән-жайына бармастан,
Талай жерге алып барып тастаймыз.
* * *
Қай ісіңмен қоғамға сый тартып ең,
Тығырықтан шығар жолды айтып ең.
Жұртқа кінә тақпай тұрып сондықтан,
Орынына өзіңді қой алдымен.
* * *
Жел сөздерге желікпесін ес мүлде,
Масайрама, мәселені шештің бе.
Өзің үшін өмір сүріп жатырсың,
Міндетің жоқ артып қояр ешкімге.
* * *
Тәж індетке жол бергенше жем болып,
Билік сөзін тыңдау керек жөн көріп.
Карантинде үйден шықпай онан да,
Аурумен алысайық ел болып.
* * *
Тәжі тажал әр жерден кеп тартқылап,
Осы жағы тиіп жатыр қаттырақ.
Дамыл таппай күресуде күн-түні,
Дәрігер мен полиция шапқылап.
* * *
Үйден шықпай дертке дауа табамыз,
Бұған сірә келер біздің шамамыз.
Аурумен арпалысқан жандарға,
Солай ғана көмектесе аламыз.
* * *
Атың өшкір, індет кетсін алысқа,
Тәртіп қана жеткізеді табысқа.
Аурудың өршуіне жол бермей,
Енді ағайын, тырысайық намысқа.
* * *
Елімізден індет мүлдем құрысын,
Қайта ашсын ел тіршіліктің тынысын.
О, Жаратқан Ием, өзің жар болып,
Арттыр елдің берекесін, ырысын.
ҮЙДЕ БОЛАЙЫҚ, АҒАЙЫН!
Әбілхайыр Әбілпатта
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!