Қырандай қанатын қомдаған жас ақын Алтынбек Қыстаубаевтың есімі бүгінде аудан, облыс жұртшылығына танымал бола бастады. Киелі өнердің кілтін сығымдай ұстаған Алтынбек биікке қарай ұмтылады. Бәрі де осылай бастаған. Жыр әлеміндегі алғашқы қадамдарың жетістіктерге жетелеп, поэзия әлеміндегі өзіндік орныңды білдіріп жатсаң да сен баяғы сабырлы, салмақты Алтынбек қалпыңнан бір таймадың. Сенің осы бір қасиетіңе қарап сонау саған сынып жетекші болған жылдарым еске түседі. Өзгелер балалықпен ұшып-қонып жүргенде жер қозғалса да қозғалмайтын мінезің ұстаздар қауымының көбісіне ұнайтын. Сондықтан ғой мектептегі шаралардың басты жүргізушісіне сені таңдайтыны. Өйткені сенің мәнерлі, сахнаға сай дауыс ырғағың жұртшылықтың көңілінен шыға білген. Сабақ үлгірімің де жақсы еді. Оның жемісін бүгінде өзің көріп келесің, көре де бересің. Балалық шақтың бал татыған қызығымен қоштасар соңғы қоңырау сәті сен үшін ауыр болғанын білеміз. Сол күні сенің асқар таудай сүйенішің, дүниедегі асыл адам әкең көптен күткен қуанышыңа да қатыса алмай мына жарық дүниеден өте берген еді.
Өмірден ерте озған Алтынбектің әкесі Сейілхан Қыстаубаев атақты балықшы, Қазақстан Компартиясы XVI съезінің делегаты болды. Арал қаласында жақында ашылған балықшылар Аллеясында әкеңнің мәңгі өшірілместей тасқа қашалған есімін немересіне көрсетіп тұрған суретіңді көрдім. Көрдім де әкеге деген сағынышыңды, мынау өмірдің жалған, өткінші екенін сезгендей болдым. Өткінші өмір. Бұл дүниеде бәрі де – өткінші.
Өзің айтқандай;
Уақыт арбап жылдардың жетегінде,
Сендірді өмір өткінші екенін де.
«Шаңырақтың еңсесі биік болсын!»
Қара шал тілеп еді кетерінде, – деген жыр шумақтары атаң «Құрмет белгісі» орденінің иегері, балықшы Қуанышбаев Қыстаубайдан қалған шаңырақтың берік тіреушісі де сен екеніңе қуандым.
Бүгінде аудандағы игі шаралардың басы-қасында жүретін жас ақын Алтынбек Қыстаубаев 2011 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе Мемлекеттік Университетіне география мамандығына гранттық негізде түскен. Ақындығына қанат қақтырған студенттік шақтар Алтынбекті факультет аралық, қалалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы етті. Поэзия әлеміне еліткен алғашқы жыр шумақтары Ақтөбе қалалық жас ақындар жинағына да енді.
Арал қаласындағы Т.Г.Шевченко атындағы №13 орта мектебіне география пәнінің мұғалімі болып орналасқан Алтынбек алғашқы сәтінен ақ ақындығымен көзге түсе бастаған.
Оның жыр әлеміндегі алғашқы айшықты қадамына ауыл жұртшылығы ғана емес, Арал халқы да қуанғандай. Жыр додасында талай жүлдені жамбасына басқан Аралдың ақиық ақыны Толыбай Абылаевтың ізінде жауқазындай жаңа буын жас ақын келе жатырғаны бәрімізді де қуанышқа кенелткендей. Осындайда теңіз мұңын жырлайтын тағы бір ақын туғанына тәубә дейміз.
Ерте кеп кештеу қайтатын,
Тулаған толқыныңда ойнап.
Ерке ұлың келді кешегі,
Қамығып қасіретіңді ойлап, – деп жырлаған Алтынбек теңіз тағдырына үлкен үмітпен қарайтынын білдіргендей.
Су басқан көкшіл теңіз ед,
Құрғаған анау құз бен бел.
Арнасы толар ертең-ақ,
Аралдан үміт үзбеңдер, – деген өзінің балауса жырымен Аралдың қайта толарын бір сездіртіп өтті. Шіркін-ай дейміз. Толқыны аласұрған көк теңіздегі шағалалармен жарыса жүзген алып кемелер қайта суға түссе ғой. Қиялмен кемелер тұратын орынды бір шолып өттік. Үміт деген – осы.
Осыдан 40 жыл бұрын мектепте әкең Сейілханмен бірге оқыған құрдасы, өмірден ерте кеткен ақын-журналист Серік Дінахметов те;
Ұқсайды теңіз жасаурап жатқан жанарға,
Шіркін-ай, бір күн сенің де шөлің қанар ма?
Тағдырға налып, өмірден күдер үзсең де,
Үміткерлікті үйрену керек Аралдан, – деп жазған еді. Теңізін аңсаған балықшы ауылдың ұлдары осылай жазады.
Ұстаздық пен ақындықты қоса алып жүрген Алтынбек бүгінде өз ісінің алғыр маманы екендігін іспен дәлелдегендей. Жас ұстаз «Қазақстан мұғалімі» газетінің, «Қазақстан білім және ғылым әлемі» журналының, «Білім айнасы» газетінің Құрмет грамоталарымен мараптталған. Бәрінен бұрын 2018 жылғы «Тәуелсіз ел жастары» қоғамдық қорының шешімі бойынша «Үздік жас ұстаз – 2018» төсбелгісі жас ұстаздың ізденімпаздығын көресткендей. Бұл – ұстаздың еңбегінің жемісі.
Еркелеп алшаң басып,
Кіремін есігіңнен.
Аумайсың Киелі елім,
Бақыттың бесігінен.
Жабықсам жыр шығарып,
Сағынам жұртым сені.
Сыр-Ана сыңсып ағып,
Дәуірден сыр шертеді, – деп туған жері туралы жыр толғаған Алтынбек аудандық, облыстық жыр додаларында шашасына шаң жұқтырмай келеді. Атап айтар болсақ, аудандық Дархан Оразымбетов атындағы, Толыбай Абылаев атындағы, сонымен бірге 2022 жылы аудандық Тілдер мерекесіне орай өткізілген жыр мүшәйрасында, облыстық «Аралдың 95 жылдығына» байланысты ұйымдастырылған, тағы да облыстық «Қыран елім – Қазақстаным» атты жыр бәйгелерінде бас жүлделерді иемденген.
Міне, біз айтып отырған Алтынбек Қыстаубаев жас та болса осал ақын еместігін көрсеткендей.
– Арғы атамыз Әбдік шалдың суырып салма ақындығы болған, – деген еді Алтынбектің ағасы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Темірхан Әбдіков.
Расында да Әбдік шалдың еңбекқорлығы мен ақындығы оның ұрпақтарына дарығандай. Бүгінде әулеттен екі ақын шығып отыр. Біреуі бас ақын, екіншісі жас ақын. Бас ақын Арыс қаласының «Құрметті азаматы» Темірхан Әбдіков. Жас ақын Арал қаласының тұрғыны Алтынбек Қыстаубаев. Екі ақын да өмір жолдарында ұстаздықты қалаған.
Кеңес үкіметі тұсында біздің ауылдан екі съезд делегаты шыққан еді. Екеуі де осы Әбдіковтер әулетінен. Колхозда жылым бригадирі болған Көлбай Әбдіков кезіндегі Қазақстан Компартиясы ІV делегаты болса, екіншісі ол да жылым бригадирі Сейілхан Қыстаубаев XVI съезд делегаты болған. Қай жағынан болса да алға ұмтылатын Әбдіковтер әулетінің тағы бір еңбексүйгіш ұрпағы Әділжан Әбдіков Балық шаруашылығы бойынша Республикаға танымал тұлға. Оның есімі Қазақстан Республикасының Алтын кітабына жазылған.
Жақында «Сыр бойы» газетінің толық бір бетінде Темірхан Әбдіковтің ағасы Сейілхан Қыстаубаев туралы «Балықшының баласы» деген кең көлемде жазылған мақаласы оқырман қауымның көңілінен шыққандай. Мақалада Алтынбектің әкесі Сейілханның өмір жолы кеңінен көрсетілгендей болды.
Әкелерінің өмірлік ұстанымдарымен қанаттанған Алтынбек те бірнеше съезд делегатына сайланған. Республикамызда 2018 жылы өткізілген «Жаңа әлемге жол саламыз» атты Жас Отан Жастар қанатының ІV съезіне, 2019 жылы Қазақстан Салалық білім және ғылым қызметкерлері» кәсіподағының ХІV съезінің делегаты болып, биік белестерден көрінді.
Өзінің мамандығына деген сүйіспеншілігі мол Алтынбектің қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі ұнады. Ол аудандағы «Жас толқын» Жастар кеңесінің төрағасы. Алтынбек өзгелерге үлгі боларлықтай нағыз жігерлі жас. Бойында жастық жігері тасыған жас өрен оны сыртқа шығара білуі керек. Мен білетін Алтынбек – сабырлы қалпынан бір таймайтын, жастық жалынын қоғам үшін жұмсай білетін жігіт.
Өзінің жыр шумақтарында;
Пейілі дархан кең далам,
Сағынтып әлі жүз келем.
Өзіңнің белді балаң мен,
Ертеңнен үміт үзбеген, – деп келешекке қадамымен қаламын нық ұстаған Аралдың жас ақыны Алтынбек Қыстаубаевтың алар асулары әлі де алда екенін сезген біздер Алтынбекке Арыстағы ағаң Темірхан Әбдіковтей, Аралдағы Толыбай Абылаевтай ағаларыңның ізін қуа бер деген игі тілегімізді білдірдік.
Жақсыбай Мусаев,
Қызылжар елді мекені
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!