HALYQLINE.KZ Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақта 10 ай ішіндегі бюджеттің игерілу барысы мен еңбек көрсеткіштерін саралап, Ел Президенті, Үкіметі, облыс әкімінің тапсырмаларын орындау бойынша бағдарлы жиын өткізді.
Облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай өз баяндамасында жылдың 10 айында облыс бюджетінің игерілуі 99%-ды құрағанын мәлімдеді.
Бюджет қаражатын игеру бағытында Қызылорда облысы республикада екінші орында. Дегенмен, бөлінген қаржыны уақытылы игеруде бірқатар ауданда жұмыс баяу жүруде. Мәселен, Арал, Қармақшы, Жалағаш және Жаңақорған аудандары тиісті көрсеткішке толыққанды қол жеткізе алмауда. Ал, басқармалар бойынша білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары тарапынан қаражат толық игерілмеген.
Аймақ басшысы мемлекеттің қаржысы өз мерзімінде әрі сапалы игерілуі керек екенін баса айтып, жұмысты уақытылы үйлестіре алмаған Қармақшы ауданы әкімі Әділбек Ерсұлтанов пен оның орынбасарына сөгіс жариялады. Өзге де аудан әкімдері мен бірқатар басқарма басшыларына ауызша ескерту берді. Бұл ретте қаржы саласына жауапты облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановқа ескерту жасап, бюджет қаржысын мақсатты түрде игеру жұмыстарын бақылауға алуды, бірінші басшылардың жауапкершіліктерін қатаң қарауды тапсырды.
Тағы бір мәселе – 2021-2025 жылдарға арналған Қызылорда облысының даму жоспарын орындау. Стратегиялық көрсеткіштер картасында өңірге бекітілген 122 нысаналы индикатордың ішінде көрсеткіштердің орындалмай қалу қаупі бар 3 басқармаға тиісті ескерту жасалды.
Тарқатып айтқанда, ауыл шаруашылығы басқармасы шаруаларға қажетті техникаларды сатып алу жұмыстарын, денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала өлімінің алдын алу, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы өңірде орта кәсіпкерліктің үлесін көбейту жұмыстарын сапалы аяқтауы тиіс.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовқа индикаторлардың уақытылы орындалуын қатаң бақылауды тапсырды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аталған басқарма басшыларына жұмысты әлі де ширату қажет екенін тағы бір еске салды.
Облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов облыс әкімінің хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы бойынша баяндама жасап, талдаулар ұсынды.
Мәселен, Қызылорда қаласын көркейту-көгалдандыру бағытында қоқыс тасымалдайтын арнайы техникалар алу жұмыстары әлі де кешігуде. Сол жағалау аймағының көшелерін жарықтандыру бағаналарының қолды болғаны аймақ басшысының сынына ілікті. Көпқабатты тұрғын үйлердің жобалық құжаттамасын жасау жұмыстары уақытылы орындалмаған, аяқ сумен қамтамасыз етуге қосымша құдықтар қазу тапсырмасы да өз деңгейінде атқарылмауда.
Облыс әкімі қала аумағында қатынайтын қоғамдық көліктерді сатып алу процестерінің баяу жүруін сынға алды. Осы кезге дейін алынуы тиіс 150 қоғамдық көліктің тек 60-ы ғана әкелінген. Бұған дейін де тапсырма ретінде берілген автовокзал салу жұмыстарына инвестор табу мәселесі де шешімін таппай тұр. Облыс әкімі өзекті мәселелерді өз уақытында орындай алмағаны үшін орынбасары Мархабат Жайымбетовке қатаң ескертіп, қала әкімі Асылбек Шәменовке және құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төралиев пен энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетовке сөгіс жариялады.
– Мархабат Жайымбетұлы, Сіз қаланың кураторы ретінде тапсырылған жұмыстың сапалы аяқталуына тікелей жауаптысыз!
Аймақ басшысы болып келген сәттен бастап қоғамдық көлік жеткіліксіздігін алға тартып, қажетті қаражат та бөлдім. Содан бері 7 ай болды ғой, жұмысты үйлестіре алмай келесіздер. Халыққа уәде етілген мәселе уақытылы орындалуы керек. Сылбыр қимылдайсыздар. Қаржысы шешілген бойда нақты әрекет-амалдарын қарастыру Сіздердің міндеттеріңіз. Өкінішке қарай, жұмыс көңіл көншітпейді. 20 қарашаға дейін кемшіліктеріңізді түзеп, нақты жұмыс істеңіздер, – деді Н.Нәлібаев орынбасары М.Жайымбетов пен қала әкімі А.Шәменовке.
Отырыста Байқоңыр қаласының мәселесі де шет қалмады. Мұнда 50 пәтерлі 5 тұрғын үй құрылыстарының жұмысы баяу жүргізілуде. Облыс әкімі тұрғын үйлерді салу іркіліссіз жүруі қажет екенін қаперге салып, өз орынбасары Қайрат Нұртай мен аудан әкімі Әділбек Ерсұлтановқа жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуына баса мән беру керектігін тапсырды.
Нұрлыбек Нәлібаев ауылдық жердегі әкімдер, учаскелік инспекторлар мен мектеп директорларының сол аумақта тұруы міндетті екенін осы кезге дейін де айтқан. Облыс әкімі бұл талап халықтың өтініші негізінде ескерілгенін жеткізді. Дегенмен, аудан әкімдері тарапынан және тиісті мекеме, орган басшыларынан бұл тапсырма әлі күнге дейін толық орындалмауда. Мәселен, Сырдария, Жаңақорған, Шиелі аудандарындағы ауыл әкімдері өзі қызмет атқаратын аймағында тіркеліп қойғанымен, шын мәнінде аудан орталығынан немесе келесі ауылдық округтен қатынап жұмыс істейтіндігі анықталды.
– Президент тапсырмасы аясында ауыл-ауылдарды аралап, халықпен кездескен сайын үнемі тұрғындар ауыл әкімі мен учаскелік инспекторлардың жұмысына жиі шағым айтады. Оқыс оқиғалар орын алған сәтте, инспекторды да, ауыл әкімін де таппаймыз дейді. Мұның бәрі жұмысты қатынап істеудің салдарынан туындайды. Халықтың шынайы талап-тілегін ескергеннен кейін мұндай тапсырма берілді. Бірақ, нәтиже жоқ. 20 қарашаға дейін тапсырма орындалмаса, аудан әкімдерінің жұмысы қатаң қаралып, тиісті шешімдер қабылданады. Біз халықтың өтінішін орындауға тиістіміз! Тұрғындар өз мәселесіне лайықты деңгейде жауап ала алмағандықтан, амалсыз әлеуметтік желіде мәселе көтереді. Реті келсе, заң аясында шешімін табуға ықпал жасап, халықпен сындарлы диалог орнатылуы керек.
Сіздерге қызмет сеніп тапсырылды, халық үшін атқаруға тиіс жұмыстарыңыз мүлтіксіз орындалуы қажет.
Шахмардан Асқарұлы, берілген тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуына бақылау жасау аппараттың тікелей міндеті. Жұмысты күшейтіңіздер!», – деді аймақ басшысы.
Жиында қаралған әрбір мәселе облыс әкімінің тікелей бақылауында болады. Алдағы кезде өзекті мәселелер жеке-жеке қаралады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!