HALYQLINE.KZ Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізіп, кездесу барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аударып, туындаған мәселелерді шешудің жолдарын түсіндіруді және қарастыруды тапсырған болатын. Осы ретте, бүгін аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы Жаңатұрмыс, Иіркөл, Бәйтерек, Қарғалы ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесу өткізіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Кездесу барысында аудан басшысы үш ай бұрынғы кездесуде көтерілген мәселелерге тоқталып, алдағы уақытта ауылдарды дамытуға арналған жоспары туралы тұрғындарды ақпараттандырды. Келелі кездесуге ауыл тұрғындары, ауылдың абыз ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары, зиялы қауым өкілдері, Шиелі ауданының прокуроры Нұрбек Қаратаев, аудандық мәслихат хатшысы Т.Жағыпбаров, аумақтары бойынша ауылдық округтерге жауапты аудандық мәслихат депутаттары мен тиісті мекеме басшылары қатысты.
Жаңатұрмыс ауылдық округінде өткен кездесуде, аудан әкімі Нұржан Ахатов 3 ай бұрын ауылдық округте өткен жиында көтерілген А.Қазыбаев, Т.Нәлібаев көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, Байсын елді мекеніне қосымша балалар ойын алаңын салу, медициналық пунктке дәрігер штатын бөлу мәселелерінің біртіндеп шешіліп келе жатқандығын айтты.Атап айтар болсақ, ұзындығы – 1,8 шақырым болатын А.Қазыбаев, Т.Нәлібаев көшелерінің ағымдағы жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен 21 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары қараша айында аяқталмақ. Ал балалар ойындарын соғу мәселесіне келер болсақ, қазіргі таңда Байсында көлемі 900 ш.м. болатын балар және футбол ойын алаңдарының құрылысы жүруде. Мұнан бөлек өткен кездесуде сөз болған ауылдағы медициналық пунктке дәрігер штатын бөлу мәселесі де оң шешімін тауып, арнайы білікті дәрігер бөлінген. Тағы бір айта кетерлігі, ауыл тұрғындары жылдар бойы тағатсыздана күткен, 1965 жылы қабырғасы қаланған ескі мектептің орнына, жаңа мектеп ғимаратын салу мәселесі де шешімін тауып отыр. Осы мақсатта 250 орындық мектептің құрылысына 762 млн теңге қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары басталып та кеткен.
Иіркөл ауылдық округіне келер болсақ, мұнда бірнеше ай бұрын өткен кездесуде Ыбырай Жақаев ауылынан тозығы жеткен трансформаторды ауыстыру, №149 мектептің жылу қазандығын газға көшіру мәселелері тұрғындар тарапынан айтылған болатын. Нәтижесінде, тозығы жеткен трансформаторды ауыстыруға жергілікті бюджеттен 3,6 млн теңге бөлініп, сатып алу конкурсын жеңіп алған «Кентауский трансформаторный зауыты» трансформаторды қараша айында орнататын болады. Ал Ыбырай Жақаев ауылындағы №149 мектептің жылу қазандығын реконструкциялап, газға көшіру үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, мектеп толықтай газға көшірілген.
Бәйтерек ауылдық округі тұрғындарымен кездескен аудан әкімі өткен кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге тоқталып, шешімін тапқан мәселелерді атап өтті. Мәселен, тұрғындар көтерген балалар ойын алаңын, жабық спорт кешенін және ашық спорт алаңын салу ұсынысына қатысты, 13 млн теңгеге жобалық сметалық құжаттар әзірленіп, аудандық экономикалық, бюджеттік жоспарлау бөліміне ұсынылған. Сонымен қатар, жабық спорт кешенін салуға демеушілер қарастырылуда. Ал Айдосов, Мырзалиев, Молдағұлова көшелерін сапалы электр жарығымен қамтамасыз ету үшін, жергілікті бюджеттен 3,6 млн теңгеге жаңа трансформатор сатып алынып, қараша айында орнатылмақ.
Қарғалы ауылдық округінде өткен аудан әкімінің халықпен кездесуінде де өткен тоқсандық жиында айтылған мәселелердің шешілу барысына мән берілді. Дәлірек айтар болсақ, тұрғындар тарапынан көтерілген Б.Айтуғанов көшесіне көше жарығын орнату, елді мекенге аяқ су жеткізу мәселелері оң шешімі тапқан. Қарғалы елді мекені тұсынан Сырдария өзенінің үстіне өтетін көпір салу мәселесіне қатысты техника-экономикалық негіздеме әзірлеуге қаржы қаралып, соның негізінде көпір құрылысы қаржыландырылатын болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!