HALYQLINE.KZ –| «Газ келді, жаз келді» деген сөзді ел арасынан жиі естиміз. Әйтеке би кентінің тұрғындары «көгілдір отынның» игілігін көргелі де бірнеше жылға қадам басты. Қысы қытымыр, көктемі шұбалыңқы Қазалыда жылу жүйесінің маңыздылығы ерекше. Осы орайда «көгілдір отын» қызметі аудан орталығындағы көпшіліктің көңілінен шығуда. Қолдан жағылатын пешпен қақаған суықта үйді жылытудың оңайға соқпайтыны өз алдына, қатты отын түсіріп, тамызықтық отын қамдау да қыруар шаруа болатын. Енді бұл қиындық кент тұрғындарының басым бөлігі үшін (кенттің 77 пайызы газ желісіне қосылған) артта қалды.
Қазалыда Шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаевтың есімімен аталатын іргелі ауыл бар. Бір сәт Ғани туралы шағын деректі оқырман назарына ұсынсақ.
Ғани Мұратбайұлы педагогикалық училищенің оқытушысы, Жетісудағы комсомол ұйымының негізін қалаушы. Түркістан комсомолы Орталық Комитетінің жауапты хатшысы, РКСМ Орталық Комитетінің бюро мүшесі, Коммунистік Жастар Интернационалы Атқару Комитетінің Шығыс бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Ал «Жас Алаш» газетін ұйымдастырғанда Ғани небәрі 19 жаста екен.
Ақын Ілияс Жансүгіровтың «Ғани жиналыста «жастардың газетін шығару керек» деген ойды көпшіліктің ортасына тастады. Бәрі мақұлдады. Бұл жұмысты оның өзіне тапсырды. Мен хатшылық міндетін мойныма алдым. Өзге де азаматтар атсалысты. Ғани қағазын, ақшасын тапты. Осылайша қазақ жастарының тұңғыш газеті «Жас Алаш» Ұлыстың ұлы күні жарыққа шықты» деген естелігін оқығанда, «осының баршасына небәрі 23 жыл ғұмырында қалай үлгерген?!» деп ауыр ойға шомасың.
Ғани Мұратбаев ауылының бүгінгі ажары көрген жанның кеудесіне жылы шуақ құяры анық. Аудан орталығынан 5,3 шақырым қашықтықта орналасқан ауылда 275 үй, 1516 адам қоныстанған. Жыл өткен сайын халық саны өсіп, демография жақсаруда. Елді мекенде ауызсу, электр желісі, жол салу мәселелері, көшені түнгі жарықпен қамту жолға қойылған.
Ауыл көшелерін аралай қалсаңыз, көптеген жағымды көрініске куә боласыз. Нақты кезеңде басты мәселе аты жаман кеселден сақтану болып тұрғаны жалған емес. Алайда мұндағы тіршілік өз ағынымен жүріп жатыр. Ауыл азаматтары қол қусырып текке қарап отырған жоқ.
Түнгі жарықпен қамтылған ауыл бейнесі тым көркем. Жазда мұндағы жапырағы жайқалған жасыл белдеулер, желмен тербелген гүлдер, түнгі жарық шамдары, шағын сәулеттік кескіндер, «Ғани» саябағындағы мәдени шаралар өткізілетін, тұрғындар тынығатын, балалар ойнайтын демалыс орындары жаныңа жағымды әсер қалдырады.
Елді мекенде көптеген әлеуметтік мәселе шешімін тапқан. Тұрғындардың басым бөлігі «Рза-агро» ЖШС-де, бюджеттік мекемелерде еңбек етеді. Төрт түлік өсіріп, шаруа қамын күйттегендер де баршылық. Жолаушылар тасымалы, кәсіпкерлік саласы айтарлықтай дамыған.
Кеңес өкіметі кезіндегі көптеген кеңшар, ұжымшарлардағы шаруашылық ауласы, техника тұратын гараждардың көрінісі есіңізде шығар? Қолға түскен дүниемен қоршалып, ауласында бұзылған көліктер, сынған техника шашылып жататынына көзіміз қанығып өсті.
Ал қазіргі талғам мүлде басқаша. Мұратбаев ауылындағы «Рза-агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің әсем де еңселі кеңсе ғимараты, мұнтаздай техника гаражы еріксіз сүйсіндіреді. Оны айтасыз, қыста ұядай жылы, магнитофон қосылып, жазда кондиценермен жарақталған су жаңа қуатты ауыл шаруашылығы техникалары замана көшінің қарқынды қарыштағанын аңғартады.
«Ғ.Мұратбаев ауылын табиғи газ отынына қосу кезек күттірмейтін мәселелердің бірі екендігі сөзсіз. Аудан орталығына жақын орналасқанмен газ желілерімен қамтылмағандықтан, жылыту маусымы кезеңінде тұрғын үйлерді жылыту және көптеген қатты отынмен жылытылатын әлеуметтік ғимараттарды жылу жүйесімен қамтуда қиындықтар туғызып келеді. Ауылға табиғи газ құбыры жүргізілген жағдайда экологиялық ахуал дұрысталып, халықтың тұрмыс-тіршілігі арта түседі. Экологиялық ахуалды тым төмендетуші фактор болып саналатын қыс мезгіліндегі күл-қоқыстарын сыртқа шығару түбірімен жойылады. Оған қоса газ желісі жүргізілгенде Ғ.Мұратбаев ауылының териториясынан жылу энергиясы үшін пайдаланылатын тал-ағаштарды шабу азайып, экологиялық апат аймағында тұрып жатқан халыққа түрлі жұқпалы аурулар тудырып отырған сор-шаңдардың ауаға көтерілуі тоқтап, қалыптасқан экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды жақсарту тиімділігін арттыруға қол жеткізіледі» деген ел ағаларының пікірін де келтіре кетсек.
Қолымыздағы анықтамадан «Қазалы ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен жеке кәсіпкер «ЮгГазПроект» ЖШС директоры Ж.Тәңірбергенов демеушілік танытып, «Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Ғани Мұратбаев елді мекені орамішілік газ желілерінің құрылысы» жобасы бойынша жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп, 2018 жылдың 14 қарашасында №ОСар-0134/18 санды номерімен тіркелген «Оңтүстік Сараптама» ЖШС тарапынан сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жалпы сематалық құны – 270 425,68 мың теңге. Құрылыс жұмыстарының ұзақтығы – 4,5 ай. Жоба іске асырылғанда Ғ.Мұратбаев ауылындағы тұрғын үй секторын газ отынымен үздіксіз қамтамасыз етуге, жылу энергиясының шығындарын азайтуға септігін тигізеді. «Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Ғани Мұратбаев елді мекеніндегі орамішілік газ желілерінің құрылысы» жобасын жүзеге асыру үшін құрылыс жұмыстарына 239 507,0 мың теңге қаржы қажеттілігі есептелді» деген жағымды жаңалықты оқығанда, «көп тілегі қабыл» деген даналық сөз есімізге түсті. Іске сәт!
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!