Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Н.Нәлібаев: Полиция – бұл халық, ал халық – бұл полиция

22.09.2022, 15:35 461

HALYQLINE.KZ

Қоғамда қауіпсіздікті күшейту үшін Президент полиция қызметін сервистік тәсілге көшіру туралы пәрмен берді. Яғни еліміздің барлық өңірлерінде бұл жоба іске аса бастады.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында полиция қызметіне сервистік тәсілдерді енгізу жобасы аясында атқарылған жұмыстарды саралады. Сондай-ақ, мал ұрлығы қылмысының алдын алу мәселелерін қарады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиында облыстық полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожабаев баяндама жасады.

Жоба аясында пилоттық аумақ ретінде Тасбөгет кенті және оған қарасты елді мекендер белгіленіп 2019, 2020, 2021 жылдарда жасалған қылмыстар талдауға алынды. Зерттелген аумақта орын алған деректердің басым бөлігі – пәтер, мал ұрлығы, алаяқтық, көше қылмыстары.

Мұхтар Қожабаевтың айтуынша, көше қылмыстары негізінен бейнебақылау камералар жоқ орында жасалған. Тасбөгет кентінің көшелері мен көпқабатты үй ауласында 11 бейнебақылау камералары бар, бірақ бұл жеткіліксіз екендігін жеткізді. Осы орайда цифрландыру бағдарламасы аясында Тасбөгет кентінде жаңа камераның орнату орындары белгіленді.

Облыс әкімі полиция қызметкерлерінің жұмысын жүйелі етуде нақты қолдау шаралары бар екенін және сервистік модельдің тиімділігін халық сезінуі қажет деді.

– «Полицияның сервистік моделінің» негізгі қағидаты – «Полиция – бұл халық, ал халық – бұл полиция». Осы орайда, полиция органдары жұмысының ашықтығын қамтамасыз етіп, жеке құрамға халықпен қарым-қатынаста ізеттілік және әдептілікті білдіру, олардың өтініштері мен арыздарын объективті қарау, барынша қажетті көмекті көрсету міндеттілігі бойынша түсіндірме жүргізіп, орындалуын қатаң қадағалауды тапсырамын, – деді Н.Нәлібаев.

Жиында аймақ басшысы пилоттық жоба іске асырылып жатқан аумақтың қылмыстық ахуалын жақсарту мақсатында бірлескен кешенді жоспарын әзірлеуді, Тасбөгет кентінің полиция бөлімшесінің жұмысын қайта қарап, тиімділігін арттыру бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Сондай-ақ, «Сабалақ» саяжайындағы тұрақты жұмыс істейтін учаскелік полиция пунктін ашуды қарастыру тапсырылды.

Жиында көтерілген тағы бір мәселе – мал ұрлығы. Биылғы жылдың 8 айында облыс көлемінде бөтен мүлік ұрлығының тіркелуі 6,8 пайызға төмендеді. Ұрлық және мал ұрлықтарын жасағаны үшін жалпы 304 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды, арасында алдын ала сөз байласып ұрлық жасаған 37 қылмыстық топ құрықталды.

Облыс әкімі мал ұрлығы жиі орын алатын Сырдария, Жалағаш, Жаңақорған аудандарының әкімдеріне жұмысты жандандыру қажет екенін қаперге салды.

Мал ұрлығының алдын алу бағытында атап өтетін бірқатар өзекті мәселелер бар. Талдау нәтижесіне сәйкес, есепті мерзімде тіркелген 104 мал ұрлығының 24 дерегі қорадан ұрланса, қалған 80 дерегі немесе 77 пайызы қараусыз, бақташысыз жүріп өрістен ұрланды.

Ал, учаскелік полиция инспекторларымен қараусыз жүрген мал иелеріне қатысты 1439, ветеринария қызметінің тиісті құжатынсыз мал тасымалдаған 53 тұлғаға әкімшілік шара көрілді.

Облыс әкімі Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктеріне құқық қорғау саласындағы қоғамдық құрылымдарының желісін, елді мекендердегі «Сақшы» қызметін дамытып, малдарды сәйкестендіру мен таңбалау бойынша шаралар қабылдауды, ауыл тұрғындарына мал жайылымында аса мұқият болу қажет екенін түсіндіруді тапсырды.

Ал, облыстық полиция департаментіне қылмыстың жолын кесуге бағытталған шараларды күшейтуді, ұрлықтың алдын алуда учаскелік полиция инспекторларының жауапкершілігін арттыруды және ұрлық қылмыстарының ашылуын қамтамасыз етіп, келтірілген залалдың өндірілуіне тиісті шаралар қабылдауды жүктеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: