HALYQLINE.KZ –| Белгілі бизнесмен Марғұлан Сейсенбай экономикалық және биологиялық дағдарыс кейінгі өмір қалай өрбейтіндігін атады.
Адамзат өз тарихының бойында әртүрлі дағдарыстарды бастан кешті. Бірақ, дағдарыстың екі түрі – экономикалық және биологиялық дағдарыстар ешқашан қатар келмеген еді. Әдетте, бірінші экономикалық дағдарыс келіп, соның салдарынан өмір сүру деңгейі күрт төмендеп, арты саяси немесе биологиялық дағдарысқа ұласатын. Бұл жолы бәрі керісінше болды. Әуелі бізге коронавирус келді, одан соң бізді экономикалық дағдарысқа ұшыратқан карантин келді, өз кезегінде экономикалық дағдарыс саяси дағдарысқа әкеп соқты. Әлемдегі халық саны мен тығыздығының өсуіне байланысты бұл жаңа өмір шындығына айналып отыр. Биологиялық дағдарыстар адамзат тіршілігінің негізгі қаупі болып отыр.
Дегенмен, негізгі сауалға оралайық. Коронавирустан кейін өмір мен нарық қалай өзгереді?
Бұл мәселені дұрыс талқылау үшін экономика ұғымын нақты түсініп алуымыз керек. Экономика – бұл сұраныс, ұсыныс және бағаны қалыптастыратын елдегі барлық мәмілелер жиынтығы. Баға – бұл екіжақты келісім нәтижесі. Ал ұсыныс әрдайым сұраныстың артынан жүріп отырады. Ендеше, кез келген мәміледе бастысы сұраныс. Осыдан келіп шығатын түйін: болашақта экономика қандай болатынын білу үшін сұраныстың қалыптасуын алдын ала болжауымыз керек.
Сұраныстың қалыптасуында көптеген күштер қатысады, бірақ, егер біз ақша көлемі, мемлекеттің қазыналық саясаты және де нарықтың өзге де жергілікті ерекшеліктері сынды экономикалық факторларды алып тастайтын болсақ, сұраныс біздің қабылдауымыз, талғамымыз және тұтыну әдеттерімізден қалыптасатынын байқаймыз.
Ал енді, міне, біз дағдарыстан кейінгі нарықтың қандай болатынының шешіміне жақын келдік.
Егер барлық БАҚ өкілдері мен әлем елдері биліктерінің қандай дүрбелең салғанын ескерсек, адамзаттың негізгі басым сезімі қорқыныш болып тұрғанын көреміз. Бұл қорқыныш келесідей сезімдерді туғызды: бірінші, барлық бұрын орнаған айнымас ақиқатқа деген терең сенімсіздік. Екінші, өзінің экономикалық жағдайына қатысты үрей. Үшінші, өмірлік құндылықтар мен шынайы қажеттіліктерді түсіну. Қорқыныштың әсерінен біздің таңдауымыз (басымдылықтар), талғамымыз, тұтыну әдеттеріміз өзгеріп жатыр.
Ендеше, осыны түсіне отырып, сұраныс, яки экономикада орын алатын өзгерістердің үлгісін құрастыра аламыз.
Коронавирус немесе биологиялық дағдарыс деп атауға болатын дүние қоршаған әлемді қабылдау қабілетімізді өзгертті. Егер бұрын жаһандық апаттар бойынша күн тәртібіндегі мәселе жаһандық жылыну болса, қазір жалпы адамзаттық қауіп бар, ол – індет.
Оның біз үшін миф секілді, алыста болып көрінген жаһандық жылынудан айырмашылығы – ол әрқайсысымыздың үйімізге жақын келіп, жанымызға қатты батуы. Адамдар өздерін қазіргідей еш уақытта дәл осылай қорғансыз, әлсіз сезінбеген. Қорыта айтқанда, сұраныстың орта және қысқа мерзімді тұтыну тауарларына ығысуы әбден мүмкін. Адамдар дербестік, экономикалық тәуелсіздікті арттыруды қалайтын болады. Дағдарыспен күрес бағытында мемлекеттер көптеп ақша шығарып жатқанын көрген халық артынша қарқынды инфляция келетінін түсіне бастайды. Осыдан келіп ұзақ мерзімді жоспарлау мен ұзақ мерзімді қор жинаудың бос әурешілік пен құр қиял екені келіп шығады.
Менің болжамым бойынша, ақша жинау деңгейі төмендейді, алтын мен шынайы құндылықтарға сұраныс арта бастайды. Азық-түлік секторы, алғашқы қажеттілік тауарлары, медицина, көлік және логистика, онлайн ойын-сауық және білім беру қызметтері, бизнес шешімдерге арналған онлайн платформалар, жергілікті туроператорлар компанияларының акциялары өседі, фрилансерлер мен үйден жұмыс жасайтын адамдар саны артады. Ендеше, шаш қиюшылар, косметикалық және массаж жасау кабинеттеріне және т.с.с. деген сұраныс азаяды. Сәнді киімге де сұраныс азаяды (Себебі, үйде сыртқы келбет маңызды емес). Орталықтағы жылжымайтын мүліктің бағасы түсіп, қала шеті немесе, тіпті, қала сыртындағы жылжымайтын мүлік бағасы артады.
Өйткені, бұдан былай офиске барар жолға уақыт кетірудің қажеті жоқ, оған қоса, ол жерде үй де арзан, экология жақсырақ, және де керек болған жағдайда, өз бақшаң мен жерқоймаң болады. Карантин көп адамға жеке меншік үйдің артықшылығын анық көрсетті деп ойлаймын.
Егер бұл дағдарыс біздің талғамымызға қалай әсер ететінін талдайтын болсақ, онда біз алғашқы орынға қолайлылық, функционалдылық, сенімділік шығатынын көреміз.
Сыртқы келбет пен понттар кейінге шегінеді. Сондықтан, мен аталған критерийлерге сай, ойға қонымды бағасы бар сапалы тауарларға сұраныс артады деп күтемін. Ендігі жерде ешкім ақшасын ауаға шашпайды.
Бұл дағдарыс біздің әдеттерімізді қалай өзгертеді? Біріншіден, халық қашықтан басқарылатын транзакциялардың барлық түрлерін қолданатын болады, өйткені, осыған дейін барлығы интернет транзакциялардан қорқатын, оларға сенбейтін, қолдануға ерінетін. Қазір бұл қорқыныш сейілді.
Екіншіден, адамдар жолға уақыт кетіргенше, керек дүниені үйге тапсырыс беру арқылы алудың тиімділігін түсінді.
Үшіншіден, онлайн тәртібінде көңіл көтерер дүние көп болмаса, аз емес екен.
Төртіншіден, интернет электр қуаты, жылу, канализация сияқты инфрақұрылымдық қажеттілікке айналады.
Жалпы, сұраныс, өз кезегінде нарық дұрыс өмір салтына, қолайлылыққа, функционалдылыққа, артық қорға бет бұрады және адамдардың жиыны, ақша жинау, қажетсіз дүниелерден алшақтайды. Ал ең бастысы, адамдар өз өмірлерін қиялындағы кейіпте емес, қазіргі шынайы қалпында бағалай бастайды.
Алла біздің адасқанымызды көрген кезде қайтып дұрыс жол табу үшін дағдарыстарды жібереді.
Сайып келгенде, біз осы қарапайым ақиқатты түсінеміз деп үміттенемін.
Аbai.kz сайтынан алынды
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!